«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҢЫЗДЫ ҚАДАМДАР ЖАСАЛМАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты алғашқы Жолдауы жарияланды. Бұл күнді еліміздегі маңызды оқиғалар тізіміне қосуға болады. Өйткені, халқымыз мемлекеттің жаңа басшысының елді дамыту бағытымен, өзіндік көзқарас-ұстанымымен танысып отыр.

Президент айтқандай, біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді мемлекетке айналды. Тәуелсіздігіміз нығайып, халқымыздың жағдайы жақсарды. Бұл жасампаздық, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Ендігі міндеттер тұрақтылықты, ішкі тәртіпті нығайтып, халқымыздың өзіндік азаматтық міндеті мен жауапкершілігін саралайтын кез болмақ. Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға, сонымен қатар қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін арттыруға күш салынатынын айтты. Бұл сөздер барша қазақ тілі жанашырларын қуантқаны анық. Дегенмен, мұндай дәрежеге жету үшін құр ұрандаушылыққа берілмей, баршамыз бірлесе отырып нақты әрі жүйелі жұмыс атқаруымыз керек. Қай істі бастасақ та, алдымен, нәтижелілікке қол жеткізуге тырысқанымыз абзал.
Президент белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттігіне тоқталды. Ол үшін Азаматтық қоғамды дамытудың алдағы бес жылға арналған тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Ол не үшін керек? Бүгінгі күні үкіметтік емес ұйымдар адам құқығын қорғау, қоршаған орта мен экология, гендерлік мәселелер, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобының мүдделерін қорғау сынды сан түрлі салаларда жұмыс істейді. Бұлардың әрқайсысының маңызы зор. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдарға азамат пен мемлекет арасындағы делдал болу, жеке тұлғалар мүддесін қорғау, қоғамдық бақылауды жүргізу міндеттерін атқаруда үлкен серпіліс қажет.
Президент азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін күшейту үшін сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау қажеттігін атап көрсетті. Судьяның заңды және ішкі наным-сенімдерін негізге ала отырып, шешім шығару құқығы мызғымас күйінде қалады. Алайда, сот шешімдеріне мұқият талдау жасап, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз еткен жөн. Әділ сот жүйесі қалыптасқан елдің мемлекетке деген сенімі де айрықша болады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік жаңғыру кезеңі басталатынын жариялады. Соған орай білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында маңызды өзгерістер орын алмақ. Одан бөлек, өңірлерді дамыту, инфрақұрылымдарды жаңарту жоспары да ел тұрмысының сапасын арттырудың негізгі тетіктеріне айналмақ.

Сәуле СҮЛЕЙМЕНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы азаматтық альянсының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp