«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ ӨМІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қасиетті Қызылжар топырағы бар саналы ғұмырын елдің гүлде­нуіне арнаған ардақты тұлғалар­дан кенде емес. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, аяулы азамат Сапар Дүйсенов. Сәбит Мұ­қа­нов атындағы облыстық қазақ саз­ды-драма театрында өткен сал­танатты шара барысында прокура­тура саласында абыройлы қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін кө­ріп отырған ардагер ағамыздың өне­гелі өмір жолы сыр болып шертілді. Бар өмірін еңбекке, халқына ар­нағ­ан Сапар Дүйсеновті 95 жыл­дық мерейтойымен облыс әкімі Құ­мар Ақсақалов құттықтады. Мерей­той иесіне ақ тілегін арнай келгендердің қатарында құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар болды.

“Сіздің өңіріміздегі құқықтық тәртіпті нығай­туға қосқан үлесіңіз орасан. Тергеу­шіден бастап облыс прокуро­рының бірінші орынбасарына дейін көтеріліп, құқық қорғау саласының өркендеуіне сүбелі үлес қостыңыз. Жүріп өткен жолыңыз ізіңізді өкше­леп келе жатқан жас мамандарға үлгі”, – деп той иесін құттықтаған өңір басшысы ардагерге “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті аза­маты” атағының куәлігін табыс етті. Бұдан соң прокуратура орган­дарының ардагері Қонысбек Ыбыраев абыз ақсақалдың өмір және еңбек жолына шолу жасады.
Сапар Дүйсенов Есiл ауданы­ның Тауағаш ауылында дүниеге кел­ген. Алматы заң мектебiн та­мам­дап, еңбек жолын көлiк проку­ра­турасында тергеушi болып бас­та­ды. Прокуратурадағы ұзақ жыл­ғы адал еңбегiн сөз еткен Қонысбек Балташұлы ардагердiң омырауы­на Қазақстан Республикасы Бас прокурорының атынан 1, 2 және 3-ін­ші дәрежелi “Мiнсiз қызметi үшiн” медальдары тағылғанын да атап өтті. Сондай-ақ, Сапар ағамыз Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиу­мының Құрмет грамотасымен, “ҚР құрметті қызметкері” атағымен, жа­уынгерлік ерліктері үшін ордендермен, медальдармен марапатталған. Зайыбы Бану Қапашқызымен бірге бір қыз бен екі ұл тәрбиелеп, бүгінде немерелеріне ақылшы бо­лып отыр. Шара барысында ардагердің өнегелі өміріне арналған фильмде де біраз дерек­тер айтылды.
Бұл күнi ардагердi бiрге еңбек ет­кен достары мен әрiптестерi де құттықтады. “Сапар Дүйсеновтің бар өмі­рі адамгершілік пен тектіліктің, кісіліктің үлгісі ретінде еліне шексіз қызмет етуге арналды. Еліміздің, өңі­ріміздің байлығы – осындай аза­мат­тарымыз аман болсын”, – деген Жақсылық Ысқақов, Құдайберген Қалиев пен Ескендір Елеусізов мерейтой иесінің адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етті. Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің атынан Сапар ағаға “Облыстың құрметті ардагері” төсбелгісі табыс етілді.
Салтанатты шара барысында театрдың шығармашылық ұжымы Сапар ағамызға арнап әннен шашу шашты.
* * *
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де Ұлы Отан соғысының және проку­ратура органдарының ардагері, облысымыздың құрметті азаматы Са­пар Дүйсеновтің 95 жасқа толуына орай “Өнегелі өмір, өрелі іс” атты “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Айтулы шараға мерейтой иесінің замандастары мен әріптестері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Шара барысында абыз ақсақал­дың ғасырға жуық өмір жолында небір қиын кезеңдерді бастан өткергені айтылды. Небары 16 жа­сында зұлмат соғысқа аттанып, ел­дің тыныштығы, жердің амандығы үшін қан майданда күресті. Асыл азаматтың нағыз қанкешті Сталин­град майданында соғысқанын жұрт­шылық біле бермейді. Көрме сөрелеріне қойылған кітаптарда оның майдан даласындағы ерлік істері, кейін бей­біт заманда 30 жылдан астам уақыт бойы прокуратура сала­сында абыройлы қызмет еткені туралы айтылған.
Үлкен жүректі, көпшілікке сыйлы ақсақал жайында сүбелі ой біл­дірген облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев, облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов, ардагерлер Сәкен Оразалин, Дмитрий Фалеев Сапар Дүйсенұлының өнегелі өмірі мен өрелі істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етті. “Ақыл-парасаты, мінезі мен кәсіби шеберлігі жоғары, айна­ласына үнемі шарапатын төгіп жү­ретін адамдар қашан да құрметке ие. Сапар Дүйсенов өзінің сүйікті қызметімен қоштасып, құрметті демалысқа шықса да, бүгінде оның ақыл-өсиетін алуға ықылас таны­та­тындар қатары қалың. Ардаге­ріміздің адамгершілік түр-тұлғасы – баршамыз үшін үлгі”, – деді Руслан Әлішев.
Біздің басты парызымыз – ата-баба ерлігін ұрпаққа үлгі етіп, олардың жарқын істерін жас буынды отансүйгіштік сарында тәр­биелеуде пайдалану керек дескен қауымның пікірін қоғам қайраткері, жазушы, облысымыздың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов те қолдады. “Сапар ағамыздың 95 жыл­дық мерейтойы бұл – бір әулеттің ғана емес, бүкіл өңіріміздің қуа­нышы. Өйткені ол – “елім, жерім, халқым” деп, өмірін ұлы мақсат­тарға арнаған азамат. Қа­зіргідей ға­ламдастыру заманында ұлттық қа­сиет­терімізден айырылып қал­май, қа­зақилығымызды сақтау үшін Сапар ағамыз сияқты азамат­тардың ғибратты ғұмыры, жүріп өт­кен жолы, хал­қына сіңірген еңбегі болашақ иесі – жастарға насихатталуы тиіс” – деді Жарасбай Қабдоллаұлы. Об­лыс прокуроры Бағбан Тайым­бе­тов пен прокуратура органдары­ның ардагері Қонысбек Ыбыраев өңіріміздің гүлденуіне бар білім-білігімен, қажыр-қайратымен атса­лысып келе жатқан мерейтой ие­сінің өнегелі өмір жолын жиналған қауымға үлгі етті.

* * *
Сапар Дүйсеновтің мерейтойы­на арналған іс-шара Қызылжар ау­данының орталығындағы “Құла­гер” ипподромында жалғасты.
Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлі­шев мерейтой иесіне өңір басшысының құттықтауын жеткізсе, обл­ыс прокурорының орынбасары Айман Әбдірова ардагердің өн­егелі өмірін тілге тиек етіп, жылы лебізін арнады. Ал Есіл ауданының әкімі Алтынбек Абдоллаев абыз ақ­сақалды мерейтойымен құттықтап, ұзақ ғұмыр тіледі.
Қазақ үшін бәйгенің орны қа­шан да бөлек. Бұған жауған жаңбыр да кедергі бола алмағанын атап айтқан жөн. Делебені қозды­ратын дүбірлі доданың шымылды­ғын жорға жарысы ашты. Ауыз­дықтарымен алысқан сәйгүліктер 6 шақырымдық қашықтықты бағын­дырды. Олардың кейбірі жүрісінен жа­ңы­лысып, жарыс жолынан шы­ғып қалды. Нәтижесінде Мамлют ауданының жорғасы мәреге бірінші келді. Алты жасар “Ворон” есімді жор­ғаны тізгіндеген шабандоз Артем Чибисовты өңір жұртшылығы жақсы біледі. “Неаполь” атты жорғаның тізгінін ұстаған аққайыңдық Алена Докучаева мәреге екінші болып жетті. Ал Есіл ауданының на­мысын қорғаған Мария Патошкина “Айвенго” тұлпарымен үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүл­дегерлерге сәйкесінше, 200, 150 және 80 мың теңге көлемінде жүл­де берілді.
Ат жарысының ең айшықты сәті – аламан бәйге болды.Тұлпарлар 12 шақырымдық қашықтыққа шапты. Екі-үш айналымнан кейін аттардың аралары алшақтай бастаса, ал соңғы айналымдарда шын сәйгүліктер алға суырылып шыға бастады. Сөйтіп, аламан­ның жүлделі жүйріктері де анықталды. Бұл жарыста “Варпед” атты күреңнің иесі Влад Ненашевке бас жүлде бұйырды. Қанат Райымбек екінші болса, Рахат Садбеков үшінші орынға табан тіреді.
Қазақтың тойы күрессіз өтуші ме еді?! Арнайы дайындалған алаң­қайда оннан астам балуан кіл мықтыны анықтады. Сайыс ережесіне сәйкес балуандар өгіз және түйе балуан салмақ дәрежесінде сынға түс­ті. Түйе балуандар арасында Жамбыл ауданының өкілі Дәурен Есләмов қарсыластарына дес бермеді. Оның жерлесі Дәурен Нұрғожин екінші орынға ие болса, қызылжарлық Айдын Серікбай үшінші орынды қа­нағат тұтты. Өгіз балуандар сы­нында жауырыны жерге тимеген Батырхан Қайырбек жеңістің биік тұғырына көтерілді. Ал Мерей Абдра­сулов пен Мейірбек Рахымов екінші және үшінші орындарға жай­ғасты. Ұйымдастырушылар тара­пынан балуандарға 50, 30 және 15 мың теңгенің сыйақысы табыс­талды.
Атшаба­рды дүбірге бөлеген спар­такиада ғибраты мол, қа­зыналы ақсақалдың құрметіне арналған концерттік бағдарламамен аяқталды. Ән мен биден шашу шашқан солтүстікқазақстандық өнер­паздар шараның ажарын одан сайын аша түсті.

Гүлбике КУБЕНОВА, Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp