«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІСКЕР ЖАСТАРҒА – ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде “Жас кәсіпкер” қанатқақты жобасы аяқталды. Екі кезеңге созылған оқыту курсының қорытындысында 600 жас кәсіп жүргізу  негіздерін үйренді.  


Бұл жоба жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы қыз-жігіттерге арналған. Өзінің бизнес-жоспарын әзірлеп, сәтті қорғағандарға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Яғни, жоба бар­лық талаптарға сай болса, жас кәсіпкерге 505 мың теңгенің қайтарымсыз гранты беріледі. Бұ­дан бөлек, жылдық мөлшерле­месі 6 пайызды құрайтын 8 мың АЕК мөлшерінде жеңілдетілген не­сие алу мүмкіндігі қарастырыл­ған.

Жоба 24 шілде күні бастау алған болатын. Жергілікті жастар оқыту курсының алғашқы күнінен-ақ бұл жобаға  қызығушылық танытты. Мәселен, бірінші лекте 331 жастың оқуы – соның дәлелі. Тестілеуден сүрінбей өткен жастар жарты ай бойы кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықты. Сондай-ақ, жобаға қатысушыларға 15 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленді. 9 тамыз күні бірінші лек түлектерінің барлығы бизнес-жоспарларын қорғады. Ал жақында екінші лекке жазылған 269 жас оқуын тамамдады. Енді жобасын сәтті қорғағандар грант алу үшін өтініш жазатын болады. Бүгінгі таңда жастарға алғашқы 70 грант бөлінді.

 – Екінші лекте менің тобымда 53 жас оқыды. Олардың 70 пайызға жуығы  қызмет көрсету саласын таңдап отыр. Мәселен, жастар әлеуметтік және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға құштар, – дейді бизнес-жаттықтырушы Әрсен Оразалинов.

Гранттан үмітті түлектердің бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Григорий Родионов. Өз ісін дөңгелетуді көптен бері армандаған жас металдан әртүрлі декоративтік өнімдер жасауды жоспарлап отыр. Мемлекет қолдау білдірсе,  қайтарымсыз қаржыға құрал-жабдық сатып алмақ. Ал тағы бір петропавлдық жас Қайрат Жұмади облыс орталығында емдеу-оңалту орталығын ашқысы келеді. Бұл мақсатта несие рәсімдеп, арнайы тренажерлер сатып алуды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда тренажерлер буыны сырқырап, омыртқасы ауыратын шаһар  тұрғындарының арасында жоғары сұранысқа ие. Петропавлда мұндай қызметті ұсынатындар кемде-кем. Медициналық білімім бар. Сондықтан бастаған кәсібім жемісті боларына сенімдімін, – дейді Қайрат Жұмади.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp