«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК БЕРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласында “Мәңгілік елдің “Заң керуені” атты акция өтті. Шара аясында облыстық прокуратура өкілдері қала тұрғындарына құқықтық көмек берді.

– Қоғамдағы көптеген келең­сіздік­тер азаматтардың өз құқығын және заң нормаларын жете білмеуінен туындап жатады. Бүгінгі акциямыздың мақсаты – қала тұрғындарына заң аясында көмек көрсетіп, құқықтық мәдениетін арттыру. Кейбір мәселелер жіті зерттеуді талап еткен жағдайда бақылауға алынады. Тұрғындар базыналарының бірі де жауапсыз қалмайды, – деді шараны ашқан облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов.
“Заң керуені” акциясы шілде айында Қызылжар ауданында басталған болатын. Елді мекендерді аралаған құқық қорғаушылар тұрғындарды толғандырған 300-ге жуық мәселені шешіп берген. Бүгінгі шара – сол акцияның жалғасы. Бұл күні қадағалау ве­домствосының қызметкерлері қала әкімдігінің, білім беру және әлеуметтік қорғау бөлімдерінің, пробация қызметінің өкілдерімен бірлесіп, “Алтын арман” мен “Тайга” базарларында, “Уют” дүкені, “Вокзал” маңы, “Береке”, 19-шы және 20-шы шағынаудандарда, Жұмысшы, Былғары зауыты, Заречный кенттерінде орналасқан базарларда, адамдар көп жиналатын көшелердің бойында жеке қабылдау жүргізді.
“Рахмет” сауда үйінде орналасқан қабылдау тобының өкілі, облыстық прокуратураның аға прокуроры Алдияр Талапкеровтің айтуынша, келіп түскен өтініштер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріледі. Мәселен, қала тұрғыны Нелли Волкевичтің отбасысы тамыз айының басында интернет алаяқтардың құрығына ілінген екен. Саяжайын сатпақ бол­ған отағасы интернеттегі сайттардың біріне жарнама берген. Кейін бір келіншек хабарласып, ақша аудару үшін төлем картасының нөмірін сұраған. Сөйтіп, алаяқ картадан 150 мың теңгені шешіп алған.
– Жапа шегуші полицейлерге арызданғанымен, әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Бұл мәселені бақылауға алатын болдық. Жан-жақты зерттегеннен кейін жауап береміз. Осы сияқты мәселелерді жіті зерттеу қажет, – деді Алдияр Серікұлы.
Акция барысында 163 қала тұрғыны прокурорлардың көмегіне жүгінген. Олардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсету, жер телімдерін алу үшін құжаттар әзірлеу, тұрғын үй кезегіне тұру, алимент өндіру, жалақы берешегін қайтару, әлеуметтік саланы, еңбек құқығын қорғау, жер заңнамасы, азаматтық-сот қадағалау, тергеу және анықтау мәселелері бойынша кеңес сұрады. Мамандар тарапынан барлығы 143 құқықтық кеңес берілді. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік қамту, еңбек және жер қатынастары бойынша 88 өтініш түсіп, бақылауға алынған. Бұдан бөлек, акция ұйымдастырушылары алимент төлеуден жалтарып жүрген және пробациялық ба­қылауда тұрған 21 тұрғынның үйіне барып, құқықтық түсіндіру жұ­мыстарын жүргізді.
Шара соңында облыстық прокуратура жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша кеңестің отырысы өтіп, оған жергілікті бизнес өкілдері қатысты. Кеңесте сауда-саттық нысандарына POS-терминалдарды ор­нату мәселесі талқыланды.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp