«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЛЕҢІН ӨМІРІНЕ СЕРІК ЕТКЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақындық – ардан, талант – тумыстан, сөз жүректен шықса, өмір мәнді, өнер нәрлі, тұрмыс сәнді болатыны сөзсіз. Мұны ұлттық құндылықтар қайнары – қазақ руханиятына, соның ішінде ақындық өнердің қасиет-құдіретіне, тарихы мен тағылымына қатысты айтуға әбден болады. Қазақ руханиятында, ұлттық сөз өнері тарихында дарын иелері, талантты тұлғалар аз емес. Сол биікте ақын Тоқтар Кәрімовтің есімі мен еңбегі, ақындық өнері жарқырай көрінеді.

Тоқтар ағамыз өлең жайында бы­лай деген екен: “Ол сенің жан біл­мейтін сырыңды тыңдайды, еш­кімге айтпаған ойыңды айтқыза­ды, шерің­ді тарқатады, сөйте оты­рып, қай­рай­ды, шыңдайды. Ала­бұртқан асау сезіміңді әрлеп жет­кізеді, ұтымды жыр жолдарына ай­налдырады, әсер­лі бір сәтіңді тай­ға таңба бас­қандай етіп сурет­тейді. Арада уақыт өткен соң сол әсе­рің сол ып-ыстық кү­йінде өзің­мен қайта қауышады. Сөйт­кен өлең­ді қайда тастамақсың, қа­лай тастамақсың?”. Автордың осы сөз­де­рін және ақындық жайында жыр­­лаған өлеңдерін оқи отырып, оның сөз құдіретін зор бақытқа ба­лағанын, Жаратқанның берген сыйы ретінде қабылдағанын аңға­расың.
Тоқтар Кәрімов 1939 жылдың 20 наурызында Уәлиханов ауда­ны­ның Амангелді ауылында туған. Орта мек­тепті бітірген соң Қотыр­көл зооветтех­никумын тамамда­ған. Туған ауы­лында зоотехник бо­лып еңбек жо­лын бастаған ауыл ­шаруашылығы қызметкері одан әрі ұзақ жылдар бө­лімше басқару­шысы, “Озерный” ұжым­шары ди­ректорының орынба­са­ры болып қызмет істеді. Құдай қос­қан қоса­ғы Бибі екеуі төрт бала сүйіп, олар­ға жұрт қатарлы тәрбие берді. Алайда, Тоқаң тағдырдың жазуы­мен зейнеткерлік жасқа жетпестен кенеттен өмірден озды. Таңның атысы, күннің батысы ауыл ша­руа­шылы­ғы саласының жауапты жұмыстарын атқарып, науқаннан-науқанға жоспар құрып, бар өмірін адал ең­бекке арнаған жан еді. Көзі тірісінде ерен еңбегі үшін Үкіметтің бірнеше наградасына ие болып, омырауына медаль да таққан.
Тоқтар ағамыз ауыл шаруашы­лы­­ғының белсенді қызметкері бола тұра, кейін басшылық мін­дет­терді атқарған тұсында да бос уақытын жыр жазуға арнады. Үй­дің кенжесі мә­пелеп өсірген ата-ана­сының жағ­дайын ойлап, қара­ша­ңырақтың иесі болып қалуды жөн санайды. Сөйтіп бала күнгі жур­налист болу арманы­мен мәң­гілікке қоштасады. Бірақ өлең­нен қол үзбеді. Кешкілікте қолы­на қа­лам алып, түрлі тақырыптарда ой толғап, жыр әлемін бағындыруға ұмтылды. Оның оңашада домбы­ра тар­тып, ән салуы, көптеген му­зыка­лық аспаптарда ойнауы да бо­йына тұн­ған таланттың зор екенін аңғарт­қандай. Ал бала тәрбиесіне мұқият­ты­лығы, кем-кетікті басшы­ларға ті­ке­лей айта білу батылды­ғы, сын­шыл­дығы өжет ақындарға тән мінез емес пе? Әсіресе, Тоқаң Абай әнде­рін орындағанды жаны сүйетін еді. Ауыл тұрғындары той-томалақтар­­да талант иесінің ән са­луын өті­ніп, ма­хаббат, туған жер, өмір туралы өлеңдерін ұйып тың­дайтын.
Тоқтар ағамыз туралы әспет­теп жа­зып, өмірін көз алдымызға елес­те­тіп, сырына үңілу себебіміз – оның өлеңдерінің ерекшелігінде. Ауыл азаматы өзге мамандық иесі бола тұра өлең жазу техникасын терең мең­герген жан ретінде та­нылды. Тұ­щымды жырларындағы көркемдік, әдемі ұйқастар оның нағыз талант екенін аңғартады. Жаз­баларын оқи оты­рып, ерекше әсерге бөленесің. Ке­йіпкеріміздің дос­қа адалдығы, от­басына қам­қор­лығы, бос уақытын мазмұнсыз өткізбеуге тырысуы оны қашанда өзгелерден ерекшелеп тұ­ра­тын. Кө­ңілінің ақтығы, ниетінің та­за­лы­ғы әр туындысынан байқа­ла­ды. Ол жай ұйқас қуып немесе әлде­кімді риза қылу мақсатымен ойдан қизалап өлең құрмады.
Алыс сапарларға шыққандағы әсерден туған жер тақырыбында жаз­ған өлеңдерінде әдемі сырлар, көркем ой, келісті шумақтар алдан соққан ақ самалдай көңіл жылы­тады.
“Туған жерге” деген бір өлеңін:
“Тарайды таң нұрының шапағы анық,
Қай күні бітеді екен сапар анық?
Сағындым, о, туған жер, құшағыңды,
Шалғыныңа аунар ем жата қалып”, – деп аяқтайды. Алаңсыз ба­лалық сағыныш, перзенттік ерке мі­нез, ең бастысы, шынайы. Ал “Қо­тыр­көлге” деген жырында:
“Қарасаң жан-жағына бәрі сайран,
Сырласып ақ қайыңы құшақ жайған.
Түнде барсаң көліне тіпті жақсы,
Көл суы жалтыраған туған Айдан.
Қотыркөл Айнакөлдің сыңарындай,
Қарағай сыңсып өскен тұрағың бай.
Өмір деген аққан су тоқтамайды,
Шөл қандырар кәусардың бұла­ғын­дай!” – деп туған өлкесін ерекше мейіріммен жырлайды, сөзбен сұлу сурет салады. Ең бас­тысы, ақынның ту­ған жерге деген ыстық пейілі, махаб­батының лебі еседі. Күнделікті өмір­де көргенінен ой түйіп:
“Уа, жігіттер, тыңдағын,
Айтқанымды жөн деп біл.
Арзан олжа ас болмас,
Кәсіп істеп, еңбек қыл.
Азғырынды сөздерге
Азғындықпен ермеңдер.
Ақыл айттым сендерге,
Жақсыға құлаш сермеңдер!” – деп жағымсыз әдет-қылықтан сақ болуға, жақсылыққа ұмтылуға ша­қы­рады. Немесе:
“Өмірдің білдім бағасын,
Айырдым ақ пен қарасын.
Сауыққа аздап мойын бұр,
Құр ойдан не табасың?” – деп өзіңді-өзің ауыр оймен мүжи бер­ме, арасында ойын-сауық та құру керек, се­рігіп ал деп жастарға өз өсиетін айтады. Тоқтар ағамыз жа­зушы Мұх­тар Әуезовтің “Қарагөз” трагедиясын­дағы ескі ғұрыптар­дың құрбаны болған жастар тағ­ды­ры туралы да ой толғайды. Оқи­ғаны баяндап, ши­рата келіп, ол былай дейді:
“Жайым жоқ ақынмын деп мақтанатын,
Жамылып отырғам жоқ Мұхтар атын.
Естіген Қарагөздің хикаясын,
Өзінше жырлап берді  Тоқтар ақын”.
Қамшының сабындай жалған­нан мәңгілік дүниеге асығыс ат­танған дарынды ақын Тоқтар Кә­рімов ту­ралы қысқа қайырып ай­тар ойымыз осындай. Ауыл тұр­ғын­дары оның асыл азамат бол­ғанын, қаламынан туған жырлары жеке басының бар бол­мыс-бітімі сынды өте биязы, көр­кем мінезді екендігін жиі еске алады. Артында қалған өлеңдері кө­зі қарақ­ты оқырмандар санасында тоқтау­сыз жаңғыра береріне сенім­ді­міз.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp