«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

BÚGIN AITAR SÓZ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ЖЕРДІ ТИІМДІ ИГЕРУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын мұқият оқып шықтым. Ең алдымен, назар аудартқаны – қоғамдағы өзекті мәселелерге, соның ішінде ауыл шаруашылығы сияқты маңызды салаға бағдарлануы болды.

“Ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр”, – деді Мемлекет басшысы. Иә, шынында да, біздің астықты өңір үшін бұл сала үлкен маңызға ие. Жолдауда сөз болған жерлерді тиімсіз пайдалану мәселесі бізде де өзекті. Ауыл шаруашылығы жерлерін күтіп ұстау, жоғары өнім алу үшін жаңа технологияларды енгізу керектігі талай рет көтерілді. Алайда, әлі күнге дейін арамызда Жер-анаға мейіріммен қарамайтындар, тек табыс табуды ғана ойлайтындар баршылық. Сол себепті Мемлекет басшысы заңнаманы қатаңдату мәселесін орынды қозғап отыр.
Президент суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 3 млн. гектарға дейін ұлғайтуды айтты. Осының нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есеге арттыруға қол жеткізсек, тауар өндірушілердің жұмысына қан жүгірері айқын. Бұл мәселе біз сияқты жем-шөп өндірумен айналысатын серіктестіктерге де тікелей байланысты.
Сондай-ақ, Жолдауда сөз болған “Ауыл – ел бесігі” арнайы жобасына тоқталатын болсақ, бүгінде оңтүстіктен қоныс аударған отбасыларға арнап он баспана салып жатырмыз. Бұл игі іс келесі жылы да жалғасын таппақ.

 

Серік МАЛАЕВ,  “Ақселеу” ЖШС-нің басшысы.

ӨНЕРДІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙМЕК

Ата-анамның ізін жалғастырып, мәдениет саласында қызмет істеп жүргеніме биыл отыз жылдан асыпты. Президентіміздің мәдениет қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлуі бізді шексіз қуанышқа кенелтіп отыр. Еңбекақымызды өсіру, түрлі әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру өнер әлемінде тер төгіп жүрген әрқайсымызға күш-қуат беріп, биік асуларды бағындыруға бастайды.
Ең алдымен, өнерге деген қолдауы үшін Президентімізге өңіріміздің барлық мәдениет қызметкерлері атынан зор алғысымызды білдіремін. Осы орайда жергілікті басшылықтың да мәдениет саласына деген қамқорлығын атап өтпеске болмас. Облыс орталығында орналасқан үш театр да республикалық және халықаралық деңгейлерде өткен фестивальдарға қатысып, бас жүлдеге ие болып, абырой төрінен көрініп жүр. Қызылжардың төрінде қазақ театрының жаңа ғимараты салынуда. Мәдениет саласындағы әрбір жетістігіміз бен жеңісіміз Президентіміз бен өңір басшылығының мәдениетке деген жанашырлығының арқасында жүзеге асып отыр.


Спартак РАМАЗАНОВ,
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры.

НАҚТЫ ҚОЛДАУ КҮТЕМІЗ

Президент Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік саланы қолдау мәселелеріне баса назар аударылды. Мемлекет басшысы, әсіресе, экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнеске тоқталып, оны әрі қарай дамытудың негізгі жолдарын айқындады.
Кәсіпкерлікті қолдау шаралары қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймын. Президенттің микро және шағын бизнесті үш жылға салықтан босату мен оларды тексеруді тоқтату туралы ұсынысы көңілге қуаныш ұялатады. Экономиканы несиелеу мәселесі де орынды көтеріліп отыр. Соңғы жылдары заңды тұлғаларға несие беру деңгейі төмендегені рас. Ал ақшасыз экономика дами алмайды. Сондықтан Үкіметке, Ұлттық банкке осы мәселені қарастырып, кәсіпкерлерді қолжетімді әрі ұзақмерзімді несиемен қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді. Жалпы бизнесті қолдау тұрғысынан алып қарасақ, Жолдауда жаңашылдық өте көп деп ойлаймын.


Арамаис ТЕРАСТВАЦАТУРЯН, “MАТЕX” шұлық фабрикасының директоры.

БОЛАШАҚ – БІЛІМДІ ЖАСТАРДА

Мағжан Жұмабаев ауданының педагогтар қауымы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауын зор ілтипатпен тыңдады.
Білім беруді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылатынын үнемі еске салатын Мемлекет басшысы маңызды құжатта мамандар даярлау сапасын жақсартуды қолға алу керектігін айтты. Шын мәнінде, бүгінде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғанын сезініп отырмыз. Оқуға түсе алмай қалған жастар босқа сенделіп, қылмыстық және экстремистік топтардың жетегінде кетуде. Мұны болдырмау үшін біз ел болып оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру ісіне көшуіміз керек.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, алдағы жылдан бастап “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасын қаржыландыру көлемі 20 миллиард теңгеге дейін артпақ. Бұл – жастар үшін үлкен көмек. Аталмыш бағдарлама бойынша біздің ауданға соңғы екі жыл ішінде 28 жас маман келді. Олар 5 млн. теңге көлемінде көтермеақыға ие болды. Жолдауда айтылған міндеттерге орай олардың қатары қалыңдай түседі деген сенімдеміз.

Гүлнәр ТАЛАСБАЕВА,
Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімінің басшысы.
Суреттерді түсірген  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp