«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРІНШІ ОРЫНБАСАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Осыған дейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Әсем Рахметова “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Оны партия активіне облыс әкімі, филиалдың төрағасы Құмар Ақсақалов таныстырды.

– Евгений Глотовтың басқа қызметке ауысуына байланысты орталық аппараттың келісімімен “Nur Otan” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына Әсем Рахметованы тағайындау туралы шешім қабылданды. Әсем Қалашбайқызы мемлекеттік қызметті абыроймен атқарды. Сондықтан оған зор сенім артып отырмыз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Әсем Қалашбайқызы 1980 жылы Айыртау ауданында туған. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. Еңбек жолын 2001 жылы облыстық телерадиокомпанияда бастаған. 2002-2005 жылдары келісімшарт бойынша №2032 әскери бөлімінде қызмет атқарды. 2005 жылдан бастап “Қазақстан” телеарнасының облыстық филиалында редактор, аға редактор, “Муниципалдық телерадиоарнада” редактор, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. 2014-2016 жылдары облыс әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы, ал 2016 жылдан осы тағайындауға дейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 

Жиында Құмар Ақсақалов алда кәсіпорындардағы бастауыш партия ұйымдарының рөлін күшейту бойынша ауқымды жұмыс тұрғанын атап көрсетті. Әсіресе, партияға мүшелікке белсенді, өз ойын ашық білдіретін азаматтарды қабылдауға басымдық берілмек. 

– Партияға енжар азаматтар керек емес. Біз сан қумай, сапаға көңіл бөлеміз. Мәселен, биыл партиямен байланысын үзген 1500 адам қатардан шығарылды. Бұдан бөлек, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысын жетілдіру керек. Биыл ел бойынша 323 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, олардың 123і – біздің өңіріміздегі білім ошақтары. Бұл жұмыстарға ел бюджетінен 5,5 млрд. теңге жұмсалды. Сондықтан партиялық бақылау комиссиясының белсенділері мұндай жұмыстардың сапасын қадағалап отырулары тиіс. Сондай-ақ, партиямыздың депутаттық фракциясының мүшелері де қызметтеріне лайық жұмыс атқарулары қажет, – деді Құмар Іргебайұлы. 

Өңір басшысы үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап бұл қызметті атқарып келген Евгений Глотовқа алғыс білдірді. 

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp