«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ — ПАРЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында құқық қорғау органдарын дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Соның ішінде тәртіп сақшыларының жұмысын жандандыруға қатысты тұщымды ойларын да ортаға салды. Полиция қызметін жаңғырту бойынша қабылданатын шаралардың басты мақсаты – тиімділікті арттыру, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайту болып қала бермек. 

Мемлекет басшысы өз Жолдауында: “Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады”, – деп атап өтті. Бұл бағыттағы маңызды қадам – халыққа қызмет көрсету орталықтары түріндегі фронт-кеңселерді ашу. Облыс полицейлері халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшуді өткен жылдың соңында енгізе бастады. Сол уақытта көші-қон қызметі орталығы мен Петропавл қаласының полиция басқармасында фронт-кеңсе ашылған бо­латын. Биыл мұндай қызмет көр­сету орындары облыстық полиция департаменті мен барлық аудан­дық бөлімдерде құрылды. Бүгінгі күні Петропавл қалалық полиция басқармасындағы фронт-кеңседе күніне 60-70 адамға қызмет көрсетіледі. Тұрғындар бұрынғыдай сарыла кезек күтпейді. Бізге көмек сұрай келгендер қажетті ақпаратты, құжаттарды тез әрі еш кедергісіз алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл жаңашылдықтың негізгі ерекшелігі жемқорлықтың жолын кеседі.

Электронды құжат айналымын енгізудің оң тұстары көп. Солтүс­тікқазақстандық полицейлер тер­геудің жаңа цифрлық форматына толығымен көшуге дайын. Бүгінде анықтау мен тергеу саласында жұмыс істеп жүрген әр қызметкер бұл бағытта тәжірибе жинақтауда. 

Президент айтып өткендей, алдағы үш жылда Ішкі істер министрлігін реформалауға бөлінетін бюджет қаражаты полиция қызметкерлерінің еңбекақысын артты­руға және жалдамалы баспананың өтемақысына бағытталады. Мұндай әлеуметтік көмек, бірінші кезекте, учаскелік инспекторларға және патрульдік полиция қызметкерлеріне берілетін болады. Өйткені, олар тұрғындармен тікелей жұмыс жүргізеді, азаматтардың қауіпсіздігі мен заңды мүдделерін қорғау үшін өз бастарын қатерге тігеді. 

Үміткерлерге қойылатын жоғары талаптармен қатар, қызмет өткерулеріне қолайлы жағдай жасау бойынша қабылданып жатқан шаралар жастарды бұл қызметке ынталандырып, қоғамда полицияның оң бейнесінің қалыптасуына ықпалын тигізбек.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бірқатар қылмыстар үшін, әсіресе, есірткіге қатысты жазаны қатайту мәселесіне ерекше тоқталды. 2019 жыл департаментімізде “Есірткісіз болашақ” жылы болып жарияланды. Облыс деңгейінде нашақорлықтың алдын алу бойынша жұмыстар күшейтілді. Мәселен, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала мен ауыл жастары үшін осы бағытта спорттық мерекелер, спектакльдер, “Street-art есірткіге қарсы” акциясын, тағы басқа түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. 

Бүгінгі күні синтетикалық есірткінің тез таралуы қоғам мен тәртіп сақшылары тарапынан алаңдаушылық туғызуда. “Тұздар” мен “спайстар” деп аталатын есірткі түрлеріне жастардың қызығушылығы артуда. Әрине, олар мұның соңы өкінішке ұрындыратынын түсіне бермейді. Жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 132 қылмыс тіркеді, соның ішінде 32-сі – синтетикалық есірткі сату фактісі. Заңсыз айналымнан 200 килограмға жуық түрлі есірткі заттары, 112 грамнан астам героин мен 734 грамнан астам синтетикалық есірткі алынды. 

Өңіріміздің полицейлері мемлекет пен халықтың сенімін ақтауды өзінің айнымас парызы деп біледі. Сондықтан тыныштық күзетінде жүргендер жауапкершіліктің салмағын түсінеді. 

Марат ТӨЛЕБАЕВ,
облыстық полиция 

департаментінің бастығы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp