«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІПТІ БҰРЫЛЫС, ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН ЖОЛ НЕМЕСЕ ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІНЕ КІМ ҚҰЛАҚ АСАДЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Үстіміздегі жылдың шілде айында Петропавл қаласының Жамбыл көшесі арқылы Бескөл бағытына барар жолдағы көпірде жүк көлігі аударылып қалған. Жол-көлік оқиғасының орын алуына Қызылжар ауданындағы Тепличное ауылына бұрылатын жердің ыңғайсыздығы және жолдың тарлығы себеп болған. 

Бұл елді мекенде мектептің жоқтығынан балалар облыс орталығында оқиды. Бұған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен колледждердің студенттерін қосыңыз. Жұмыс бабымен де қатынайтындар аз емес. Яғни, күн сайын шаһарға ағылатын көліктің қарасы қалың. Ал жоғарыда айтылған кемшіліктер ауыл тұрғындарын әуре-сарсаңға салуда. 

Ауыл тұрғыны Бақыт Смағұловтың айтуынша, Тепличноеға бұрылыс мүлдем ыңғайсыз етіп жасалған. Көлік жүргізушісі еңіс жолмен келе жатып, шұғыл бұрылуға мәжбүр. Бұл бір ғана адамның шағымы емес. Бірнеше адамнан осындай мазмұндағы әңгімені естігеннен кейін мәселеге тереңірек үңілуді жөн санадық. Қош! “Темір тұлпарды” тақымдап, діттеген жерге келдік. Әрі-бері жүріп, бұрылыстың ыңғайсыз жасалғанына көз жеткіздік.

Мәселенің мәнісін білмек ниетпен “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамына хабарластық.

– Бұрылыс осыдан екі жыл бұрын көпірде күрделі жөндеу жұмысы барысында жасалды. Яғни, жобасы толығымен мемлекеттік сараптамадан өтті. Барлық радиустар есептелген, мемлекеттік стандарттарға сай. Ешқандай да кемшілік жоқ. Көлік жүргізушілері бұл жерге жеткенде көліктің жылдамдығын азайтып, баяу бұрылғандары жөн, – деді компанияның облыстық филиалы директорының орынбасары Ерлан Қалымов.

Әңгіме барысында Ерлан Қалымов көпірдің деформациялық жіктері бар екенін жасырмады. Бұл кемшілікті 10 қыркүйекке дейін мердігер ұйым – “МО-25” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражатына түзейді. Өйткені, көпірге 5 жыл кепілдік берілген.

Бұрылыстың ыңғайсыздығы былай тұрсын, жолдың асфальт жамылғысының тозығы жетіп, ой-шұңқырлар да көбейген екен. Сол себепті Тепличное ауылының тұрғындары шұрқ-тесік жолдың азабын тартуда. Тұрғындардың жол машақатынан қиналғандарына біраз жыл өткен. Жергілікті атқарушы билік бұл жағдайдан хабардар болғанымен, “баяғы жартас, сол жартас” күйінде қалуда. Мәселен, бұрылыс пен Тепличное ауылын жалғайтын 1,5 шақырым жолдың бойында 80-нен астам ірілі-ұсақты шұңқыр кездеседі.

Жол сапасын жақсартпай жол-көлік апаттарының алдын алу мүмкін емес. Жоғарыда дәл осы бұрылыста жаздыгүні жүк көлігінің аударылғанын айттық. Ал қыста көктайғақ кезінде мұндай келеңсіз оқиғалардың тіпті көбейе түсетіні мәлім. Сондықтан жөндеу жұмыстары уақытында жүргізілмеген әрі ыңғайсыз жасалған бұрылыс талай көлік жүргізушісінің жүйкесін тоздырып, жолаушылардың өміріне қауіп төндірері анық. Бұл жағдайды өкілетті органдардың неліктен ескермей отырғанына таңбыз.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp