Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында Үкіметке тұрғын үй құрылысының бірыңғай моделін дайындауды тапсырған болатын. Президент атап өткендей, “7-20-25” бағдарламасына орташа табысы айына 320 мың теңгені құрайтын отбасылар ғана қатыса алды. Өкінішке қарай, жалақысы аз адамдар бұл бағдарламаның игілігін көре алмайды. Сондықтан биылдан бастап жеңілдік мөлшерлемесі 2 пайызды құрайтын “Бақытты отбасы” атты жаңа бағдарлама қолға алынды.
“Қолдау тек, шынымен де, мұқтаж адамдарға көрсетілуі тиіс. Үкіметке алдағы 3 жылда кезекте тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін шешуді тапсырамын. Олардың саны қазір 30 мыңға жуық. Табысы жоқ азаматтарға жеке баспана сатып алу үшін әлеуметтік аренда шарты бойынша мүмкіндік беру керек. Бұл мақсатқа 2022 жылға қарай 240 млрд. теңге қарастырылады”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында.
Кірісі төмен көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасыларға баспаналы болу мүмкіндігін беретін бағдарлама “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы арқылы жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 50 млрд. теңге бөлінді. Жалпы игі бастаманы жүзеге асыруға 350 млрд. теңге жұмсалатын болады. Мұның өзі жыл сайын 10 мың көпбалалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Бұл – біздің банкке сеніп тапсырылған жауапкершілігі зор жұмыс. 2003 жылы құрылған “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның тұрғын үй құрылысын ұзақмерзiмдi қаржыландыру және ипотекалық несие беру жүйесін дамыту ісіне қосар үлесі зор. Біз мұны ұзақ жылдар бойы дәлелдеп келеміз. Басқа қаржы институттарына қарағанда тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде біраз жеңілдіктер бар. Біз тұрмыс деңгейі орташа азаматтардың баспаналы болуына қол ұшын беруді көздейміз. Себебі, банктің жұмыс істеп жатқан бағдарламаларының барлығы әлеуметтік сипатқа ие. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, көпбалалы отбасылар, әскери қызметшілер, жетімдер, оралмандар, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары бастапқы жарнасыз пәтер ала алады. Сөйтіп, 16 жылдың ішінде қазақстандықтардың тұрғын үйге қолжетімділігі артты.
“Бақытты отбасы” бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларының тұрғындарына – 15, ал басқа қала тұрғындарына 10 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Азаматтар аудан орталықтарынан да баспана алу мүмкіндігіне ие. Ол үшін міндетті түрде әкімдікте кезекте тұруы шарт. Басты талап – бағдарлама қатысушылары “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның салымшысы болуы керек. Биылғы жылы бұл бағдарламаны өңірімізде жүзеге асыру үшін ел бюджетінен 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл екі жүз отбасын баспанамен қамтуға жетеді. Бүгінгі күннен бастап бағдарламаға қатысу үшін өтініштерді www.baqytty-otbasy.kz сайты арқылы онлайн режімде беруге болады. Өтінім берген кезде отбасы мүшелерінің атында жеке баспаналары болмауы қажет. Бүгінге дейін банкке тұрғындар тарапынан 152 өтініш түсті. 426 млн. теңгені құрайтын 47 өтінішке қатысты оң шешім шығарылды. Қазіргі уақытта 985 млн. теңгенің 105 өтініші қаралуда. Қатысушылар төлем қабілеттерін соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары бойынша растай алады.
Бағдарлама талаптарына сәйкес үміткер отбасының табысы жан басына шаққанда 42500 теңгеден аспауы керек. Құны 10 млн. теңге болатын пәтерге алғашқы сегіз жылда ай сайын 52 700 теңге, қалған 11 жылда 36 мың теңгеден төлейді. Жеңілдетілген несиені алу үшін займ сомасының 10 пайызын құрайтын алғашқы жарна болуы қажет. Егер бастапқы жарна көп төленген жағдайда ай сайын төлейтін соманың көлемі азайтылады. Сондай-ақ, 6 мүшесі бар отбасының жиынтық табысы 255 мың теңгеден аспауы тиіс. Яғни, бұл бюджеттік жәрдемақы емес, жұмыс орнынан берілетін қаражат болуы шарт.
Солтүстікқазақстандық тұрғындар “Бақытты отбасы” бағдарламасы бойынша пәтерді өздері іздеп табады. Ол үшін бір ай көлемінде уақыт беріледі. Қазіргі таңда банкте барлық талаптарға сәйкес сатылымға қойылған тұрғын үйлердің тізімі жасалуда. Қосымша ақпарат алу үшін www. hcsbk.kz сайтына жүгінуге болады. Порталда қабылданған өтініштер саны, бөлінген займдардың көлемі және тағы басқа ақпараттар қолжетімді.
Облыстық филиал соңғы 16 жылдың ішінде 153,2 мың шаршы метрді құрайтын 2329 пәтерге ипотека рәсімдеді. Бұл құрылыс жұмыстарына 15 млрд. теңге бағытталды. Өткен жылы өңірімізде “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында 333 пәтерлі 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұған 1,9 млрд. теңге бөлінді. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 562 млн. теңгенің 72 пәтері пайдалануға беріледі. Ал биыл жергілікті атқарушы органдармен жасасқан келісімшарттардың негізінде 3 млрд. теңгені құрайтын 4 тұрғын үй бой көтеріп, 424 отбасы қоныс- тойын тойлайтын болады.
Банктің несие жүйесі қай жағынан алсақ та, терең ойластырылған заманауи тетік. Сонымен қатар “Әскери баспана” бағдарламасына қызығушылық танытушылардың қатары артуда. Әскери салада еңбек етіп жүрген тұрғындарға баспаналы болудың тиімді жолын ұсынып отырған бағдарлама үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап жүзеге асырылуда. Баспаналы болуға ниеттенген үміткерлердің банктік депозитінде тұрғын үй құнының 15 пайыздық қаражаты болуы керек. Несие жылдық мөлшерлемесі 8 пайызбен беріледі. Бұған қоса жөндеу жұмыстарына да қосымша қаражат алуға болады. Соңғы екі жылдың ішінде солтүстікқазақстандық 185 әскери баспаналы болды. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар екенін атап айтқан жөн.
Біз салымшыларға үйдің қаражатын жинауды жеңілдетуді көздейміз. Былтыр Петропавл қаласында төрт консультациялық орталық ашылды. Мұндағы мамандардың көмегіне жүгінген азаматтар депозит ашу, оны толтыру, несиені жабу және банктің барлық бағдарламалары туралы ақпарат ала алады. Шалғай елді мекендегі салымшыларымыз банктің бірқатар қызметтерін пайдалана алмай келді. Бұл мәселені де шештік. Ендігі кезекте консультациялық кеңес алу үшін банкке келудің қажеті жоқ. Смартфонға жүктелген “ЖССБ 24” және “Telegram” қосымшасындағы “ЖССБ Quanysh” ботының көмегімен кез келген ақпаратты алуға болады. Сондай-ақ, мобильді қосымшада ай сайынғы төлемді есепшотқа уақытында аудару мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі уақытта шотты қашықтан толтыру мүмкіндігі сәтті жүзеге асырылып отыр. Яғни, салымшы жұмыс істейтін мекеменің есеп бөліміне депозитінің нөмірін береді. Ал есепші айлық түскен кезде салымшының төлемін автоматты түрде депозитке аударады. Бұл тұтынушыларымыз үшін жеңіл. Бүгіндері біз бастаманың тиімділігіне көз жеткізген 51 жұмыс берушімен келісімшарт жасастық.
Мемлекет басшысы жылдың басты құжатында азаматтардың әкімдік беретін әлеуметтік пәтерлерге кезекке тұру және оның жылжу үдерісінің ашық болмай отырғанына наразылығын білдірген болатын. Сондай-ақ, Үкіметке жыл соңына дейін жалдамалы пәтерлерге, “Бақытты отбасы” бағдарламасы бойынша жеңілдетілген баспана займын алуға кезекте тұрғандарды есепке алудың ұлттық бірыңғай жүйесін құруы қажеттігін атап айтты. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған қадамдар.
Алмас ЖАПАБАЕВ, “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалының директоры.