Жыл басынан бері «Бастау» жобасы аясында бір мыңға жуық солтүстікқазақстандық бизнестің қыр-сырына қанықты. Осы жолы жоба қатысушылары 6 топқа бөлініп, тәжірибелі мамандардан ақыл-кеңес алуда.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Рахымбек Зейнуллиннің айтуына қарағанда, бизнес тақырыбындағы теория сабақтарынан соң жоба қатысушыларына психологтар мен жаттықтырушылар көмекке келеді. Түрлі семинар, лекциялардан соң болашақ кәсіпкерлер өз жобасын қорғап, сертификатқа ие болады.
«Бизнес жүргізуге ұмтылғандардың ең алдымен бизнес идеялары болуы қажет. Олар нарыққа сараптама жасаумен қатар тауарды өткізу ортасын білуі тиіс. Бизнес жоспардың қаржылық бөлігі де жоспарлы болғаны жөн. Біз осының бәрін тыңдаушыларымызға түсіндіріп, бизнес жүргізудің өзге талаптарына да тоқталамыз», – дейді бизнес жаттықтырушы Нұргүл Болатова.
Мысалы жоба қатысушысы Аяжан Әскерова болашақта менталды арифметика мектебін ашқысы келеді. Оның ойындағысы іске асса, облыс орталығында 4-16 жас аралығындағы балаларға қосымша білім беретін тағы бір мекеме пайда болмақ.
Ең үздік жобалардың авторлары грантқа немесе аз пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиеге ие болады.