«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҚАУЛЫҚ – БЕС ДҰШПАННЫҢ БІРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі қоғамда жалқаулардың көбейгені, масылдықтың белең алғаны аға буын өкілі ретінде мені қатты ойландырады. Тіпті, теп­се темір үзетін жігіттер мемлекетке қол жаю­ды ар санамайды. Біз де қиындықты аз көр­ген жоқпыз. Бірақ еңбекқорлықтың, ар-на­мыстың арқасында оның бәрін жеңе білдік. Сондықтан қолыма қалам алып, өмірден көр­ген-түйгендерімді кейінгілерге айтуды жөн көрдім.

Мен – Ұлы Отан соғысы жылдарында дү­ниеге келген адаммын. Әкем, Мырзахмет Жан­темірұлы трактор-егіс бригадасының бригадирі болғандықтан қан майданға қа­тысқан жоқ, броньмен босатылған. Менің ба­лалық шағым соғыстан кейінгі қиын заманға дөп келді. Ерте ержеттік. Тылдағы ауыр еңбек батып кеткен болар әкем сырқаттана бастады, шешем Көкеш Шаймерденқызы да дімкәс еді. Сөйтіп, үйдің шаруасы шиеттей менің мойныма түсті. Оның үстіне орақ ке­зінде колхозда жұмысшы күші жетіспей, 7-8 жастағы балаларды астық тасуға пайда­ланатын. Астықты қырманға жеткізіп, ағаш күрекпен түсіреміз. Үйге шай ішуге келгенде арбаның қорабының түбінде қалған бидайды талдан буылған сыпырғышпен сыпырып аламыз да, кешке қолдиірменмен үгеміз. Колхоз бас­шылары көріп қалса, сотталасың. Ыстық күн­дері астық тасу қиын. Өгіздер бөгелектесе, ешкімге бой бермейді.
Бұл үгіп алған ұныңнан бір-екі таба нан пісіруге болады. Ал орақ аяқталғасын жұ­мысшыларға бес-алты қап, кейде одан да кө­бірек бидай беріледі. Ол жыл бойғы еңбектің ақысы. Сөйтіп, нан мәселесі осылай шеші­ліп қалады. Тек, қолдиірменмен үгіп алуды біл. Ал енді, қаймақ, май мәселесі қалай ше­шілді. Ол наннан күрделірек.
Ауылда бір шаңырақта мал басы бір-екі сиырдан, бес-алты қой-ешкіден, бір жылқы­дан асқан емес. Егер мал басы екеуден асса, ол ауқатты отбасы саналады. Ол ша­ңырақта, май да, қаймақ та көп, бала-ша­ғалары да тоқ болады. Ал біздің үйде бір-ақ сиыр болды. Қыстыгүні, сиыр суалған уақытта қара шай ішеміз. Көктем-жаз мез­гілінде сиыр бұзаулап, уыз ішіп, қарық бо­лып қаламыз. Содан кейін шайға құятын сүт те, азын-аулақ қаймақ та болады. Ол кезде қа­зіргідей тоңазытқыш жоқ. Сүт машинасы­ның құлағын бір қолыммен бұрап отырамын да, екінші қолыммен ыдысқа обратын құйып алып ішемін. Пештің үстінде ауырып отыр­ған шешем:
– Балам-ау, неге обрат ішесің, сүт ішсейші, – дейді.
– Жоқ, апа, мен обратты жақсы көремін, – деймін.
Олай дейтінім, өзі аз ғана сүттен ішсем, қай­мағы азайып қалмай ма? Обратты пеш­ке от жағып пісіріп, айран ұйтамын. Міне, біз­дер бала жастан жоққа төзіп өстік. Ол уа­қытта жекеменшіктің малына шөп шабу оңай болған жоқ. Басқармалар қоғамдық мал­ға қысқа қажетті қордың кемінде 70-80 процентін үйіп алмай жекеменшікке шөп ша­буға рұқсат бермейтін еді. Сондықтан ор­мандардың баурайларына, шіліктердің ай­наласына, көлдердің жиегіне өскен шөпті ша­уып, кептіріп, шөмеле үйетінбіз.
Қысқа шөп дайындау қиын шаруа. Биені арбаға жегеміз де, шалғымызды, айыр-тырнауышымызды, ас-суымызды салып алып, не орманға, не көл жағасына тартамыз. Діт­те­ген жерге жеткесін биені ағытып, құлын­мен бірге арбаға байлаймыз. Араға сағат са­лып биені сауып, ыдысқа құя береміз. Осы жерге әкемнің немере ағасы Сағындық ақ­сақал да келіп жетеді. Ол кісі алда, мен ор­тада, әкем артта шабындыққа түсе қаламыз. Олар менің буынымның әлі қата қоймағанына қарамайды, “бізге ілесіп отырмасаң, аяғың ораққа қырқылады” деп қорқытып қояды. Түс кезінде қымыз ішіп, нан жейміз. Бар тамағымыз осы. Күннің ыс­ты­ғына шыдай алмайсың, оның үстіне қы­мыз ішкеннен кейін ұйқың келеді. Бірақ әкеге қолқанат болып, діттеген шаруаны аяқтау қажеттігін түсінесің.
Осы үрдіс 1985 жылға, яғни әкем дүние салғанға дейін жалғасты. Үш жыл мұғалім, бір жыл комсомол комитетінің хатшысы, одан кейін облыстық “Ленин туы” газетінде қызмет істеген жылдары да демалыста ауыл­ға алып-ұшып жетіп, қолорақпен шөп шабатынмын.
Бес саусақ бірдей емес қой. “Бір биеден ала да, құла да туады” дегендей, бір ауыл, бір бауыр болып, айрандай ұйып отырған елді мекеннің өзінде жалқаулар ол кезде де жетіп жығылатын. Көктемде шөптері таусы­лып, қорадағы малдары азынап тұрған талай адам біздің үйден көмек сұрап келетін. Әкем оларға ұрсатын, бірақ бала-шағасын аяп, шөп беретін. Соңғы кезде жалқаулар саны кемудің орнына көбейе түсті. Оларды жалқау еткен заман. Мысалы, біздің ауылда 22 мың қой болды. Ауыл тұрғындарының бәрі қой фермасында жұмыс істеді. Ферма ауылдан 3-4 шақырым жерде болатын. Жұ­мыс­шылардың бәрі атпен барып-келетін. Кеш­ке қайтарда міндетті түрде шанаға шөп, сүрлем не жем салып әкеледі. Сөйтіп, аз ма­лын асырады. Кейін шөпті шікамен, не ком­байнмен шабуға көшті. Соған үйренген ха­лық енді қолмен шөп шапсын ба? Қазір бір ауылдан бір шалғы таба алмайсың. Бұрын шабындық та тапшы болатын. Қазір шағын ауылдарда жекеменшіктің малы ғана қалды. Енді орман, шілік, көл маңындағыны бы­лай қойғанда, тіпті, ауыл маңында, бұ­рынғы егін себілетін алқаптарда шөп тұнып тұр, белуардан келеді. Бірақ соны шабатын адам жоқ. Қаншама қазынаның аяқ астында жатқаны-ай, деп жаның ашиды. Қымбатқа сатып алғанша, мына шөпті неге шауып алмайды деп басыңды шайқағаннан басқа амалың жоқ!
Ауылда сонша күш-жігер жұмсамай-ақ өндіретін тағамның бір түрі – картоп. Оны неге өсірмеске?! Әлі есімде, атам Жантемір жазғытұры ауылымыздан 35-40 шақырым жердегі Макарьевка селосына барып, тұ­құмдық картоп әкелді. Үйдің жанынан үлкен огород жасады. Сөйтті де трактормен жыртқызып, картоп екті. Біздің отбасы осылайша картоп, басқа да көкөніс түрлерін өсірді.
Сөйтіп, ауылда мал ұстап, картоп егіп, бі­реуден ілгері, біреуден кейін күн көрдік. Жал­ғыз сиыр ұстап, оның сүтін іске жа­раттық. Қаймақ, майымыз, құрт-ірімшігіміз болды. Жалғыз бие сауып, қымызын іштік. Ол кезде өзін-өзі әзер асырап отырған халық мемле­кетке май, жүн және басқа да ауыл шаруа­шылығы өнімдерін тапсыратын. Оны да орындап отырды. 1953 жылы Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Георгий Маленков бұл салықты тоқтатты.
Алайда, билік басына Никита Хрущев келіп, диқандардың маңдай терімен өсірілген ас­тықтан пісірілген нанды малға беріп жа­тыр, оны тоқтату керек, ол үшін ауыл-селоларда мал басын азайту, қалаларда мал мен құс өсіруге мүлдем тыйым салынсын, деп нұс­қау берді. Соған сәйкес бір отбасы бір сиыр, не бір бие, үш қой-ешкі ғана ұстауға мін­деттелді.
Иә, ол күндер келмеске кетті, тарих қой­науына енді. Қазір заман басқа. Егемен ел болдық. Тіліміз, діліміз, дініміз бостандық алға­нына тәубе етеміз. Бірақ алтын бесік – ауылымыздан алшақтап бара жатқанымыз жанға батады. Бір-бірімізге деген сенімнен, ар-ожданнан, моральдық құндылықтардан ажырап барамыз.
Еңбекке ерте араласуымның арқасында жаман болған жоқпын. Ал қазіргі балаларды еңбекке баулып жатырмыз деп айта алмай­мын. Өткен жылдары еліміздің оңтүстігіндегі бір ауылда оқушыларды мақта жинауға тар­тыпты. Сол үшін мектеп директорын орнынан алған. Базарда балалары әке-шешесіне сауда-саттыққа қол ұшын берсе, құқы­ғы бұзылды деп оларды жазалаймыз. Егер балаларды жастайынан әлі келетін жұмыс­қа жұмсасақ, ол ұтылмайды, ұтады. Ондай бала еңбекқорлыққа үйренеді, бұзақылық жа­сауға бармайды, оған уақыты да болмайды. Осыны неге түсінбейміз?
Халықты масылдық пиғылдан арылту үшін екі қолға бір күрек тауып беру қажет. Ол үшін ең алдымен ауылдың жағдайын тү­зеу керек. Ауылыңа дейін баратын жолың дұ­рыс болса, іргесі сөгілген атақоныстағы тұрғындарды ірі елді мекендерге көшіруге жағдай жасаса, көпбалалы отбасылардың мәселесі де шешілер еді деп ойлаймын. Өйткені, ол жерлерде мектеп те, балабақша да, клуб та, емхана да, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық нысандар бар. Ең бастысы, “ал­ма піс, аузыма түс” деген пиғылдан ада бо­лып, еңбекпен тапқан нанның тәтті болаты­нын ұрпағымыздың санасына сіңіру – біздің асыл міндетіміз.

Амандық ЖАНТЕМІРОВ, ардагер журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp