Бұрынғы Преснов ауданындағы Баян орта мектебінде ең алғаш еңбек әліппесін ашып, оқушыларға математика-физика пәндерінен сабақ бердім. Әлі есімде, 1956 жылдың қаңтар айының орта кезінде біздің мектебімізге облыстық оқу бөлімінен комиссия келді. Олардың арасында Асқар Игібаев та болды. Оны келісті келбеті, терең ойлы жанары өзгелерден ерекшелеп тұрды. Көк китель мен галифе шалбары да өзіне сондай жарасымды. Тарих пәнінің білгірі ретінде ол комиссия құрамына енген екен. Ол жылдары Баян орта мектебінің директоры Қари Сеңкібаев, ал оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғалымжан Мұқанов болатын.
Педагогикалық кеңестен шыққан соң арнайы барып амандастым. Біздің таныстығымыз осылай басталды. Үш жылдан кейін мен Николаевка орта мектебіне ауыстым. Онда Асқар Игібайұлы директор болып жұмыс істейді екен. 1958-1959 оқу жылында маған орыс, қазақ сыныптарында математика, физика, еңбек пәндері бойынша сабақ барысын тексеруді тапсырды. Екі айдан соң кәсіподақ кеңесінде есеп бердім. Содан кейін ол мені өзіне жақын тарта бастады.
Келесі оқу жылында мектепке жаңа оқу бағдарламасы енгізіліп, өндірістік білім беру бойынша директордың орынбасары етіп тағайындады. Ол білім беру жүйесіне әр кез жаңалық енгізуге ұмтылатын. Николаевка кеңшарында механизаторлар жетіспеді. Сондықтан өндірістік оқу бағдарламасы бойынша ұл балалар техника жүргізуді үйренсе, қыздар сауын аппараттарын меңгерді. Кейін өндірістік-техникалық бригада құрыл-ды. Облыста алғаш Николаевка мектебінде бау-бақша отырғызылды. Оқушылардың күшімен көкөністің түр-түрі өсіріліп, бұл бригада облысқа кеңінен танылды. Тіпті, Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде жеңіске жетіп, Алматыдан әріптестеріміз тәжірибе алмасуға келді.
Асқар Игібаевтың ұйымдастыруымен біз осындай жұмыстарды атқардық. Кейін мектепте және сабақтан тыс уақытта оқушыларға тәлімді тәрбие берудің жолдарын ойластырдық. Білікті басшы осы жұмысты маған сеніп тапсырды. 1976 жылы біз Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағының ауыспалы Қызыл туын жеңіп алдық. Біздің комсомол және пионер ұйымы үздік атанып, сыйлық ретінде мектепке “МТЗ” тракторы тарту етілді. Николаевка орта мектебінен өзге білім ордалары тәжірибе алды. Облыстағы білім беру ұйымдары арасында алғашқылардың бірі болып біз әдістемелік кабинет аштық. Кейін облыстық оқу бөлімінің қолдауымен өңір ұстаздары үшін әдістемелік кеңес өткіздік.
Әр кез ұжымға қолдау білдірген Асқар Игібаевтың еңбегі зор. Мектепте қатаң тәртіп орнатты. Басшымыз уақытпен санаспай жұмыс істеді. Оның жұмыс кестесі таңғы жетіде басталатын. Қыста оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін сыныптарды аралап, жылуды өзі тексеретін. Ол ешқашан жоғары марапатқа, билікке ұмтылған жоқ. Оның тағы бір ерекшелігі айтылған сынды дұрыс қабылдайтын. Адамға кек сақтап, тұқыртудан аулақ болатын. Айтар ойын мақтамен бауыздағандай жеткізетін. Біз қырық жыл бірге жұмыс істедік, әріптес, дос болдық. Осындай жаны жайсаң адаммен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырғанына қуанамын.
Ескендір НҰРЫМОВ,
еңбек ардагері.