«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КЕДЕЙ СӨЗІНІҢ” АЛҒАШҚЫ САНЫ РЕСЕЙ КІТАПХАНАСЫНАН ТАБЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Ғасырлық тарихы бар абыз басылым – облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің алғаш рет “Кедей сөзі” деген атаумен жарық көргенін көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман қауым жақсы біледі. Бірақ бүгінге дейін қарт басылымның бірінші саны, онда көтерілген мәселелер беймәлім болып келген еді. Оның Ресей кітапханасынан табылғанын сүйіншілей жеткізгелі отырмыз. 

Облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, “Кедей сөзі” газетінің алғашқы санының көшірмесі қазір жергілікті мұрағатта сақтаулы. Сөз арасында Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сəдуақасов, Сəбит Мұқанов жəне тағы басқа Алаш жұртының ірі тұлғаларының қолтаңбалары қалған “Кедей сөзінің” екінші саны осы жылдың басында Алматыдағы республикалық архивтен табылып, электронды нұсқасы жасалғанын айта кеткен жөн.

“Ресейдің ұлттық кітапханасында газеттің сақталғаны туралы ақпаратты мерзімді баспасөздің тарихын зерттеп жүрген жергілікті журналист Амандық Жантеміровтен білгеннен кейін осы мекемеге сұрау салынды. Бастапқыда “жоқ” деп жауап келді. Біз бұған сеніңкіремедік. Содан кейін кітапхананың өзге де қорларымен тығыз байланыс орнатылды. Сөйтіп табандылық танытқанның арқасында газеттің түпнұсқасы табылып, көшірмесі қолымызға тиді”, – дейді Сəуле Зейноллақызы. 

Төте жазумен басылған мақалаларды кириллицаға аударумен айналысып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Зарқын Тайшыбай газет 1920 жылы ақпанда Ресей коммунистік (большевиктік) партиясы Сібір бюросы мен Ақмола губерниялық революциялық комитетінің органы ретінде Омбы қаласында шығып тұрғанын, қазақтың ұлттық баспасөзі тарихында өзіндік орны бар екенін жеткізді. Тұңғыш редакторы – Мұқан Айтпенов. Сосын Бородихин есімді азамат жетекшілік етіп, Əйтиев, Телжанов, Тоқжанов, Жұмабаев, Серкебаев алқа мүшелері, тұрақты қызметкерлері болған. “Egemen Qazaqstan” газетінен кейін қазақ оқырмандарына жол тартқан басылым Сібір төңкеріс комитеті жанындағы Қазақ өкілдігі атынан жарық көрген. Уақыт өте келе “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы”, “Солтүстік Қазақстан” атауларына ие болды. 

Небір ардақты тұлғалардың іздері сайрап жатқан басылым жарық көрген күннен бастап сауаттылық, ағартушылық, оқубілімге жұмылдырушылық бағыттарын басты мұрат етті. “Кеңес өкіметі деген не?”, “1917 жылғы ақпан көтерілісі қазақтарға не берді?” деген сияқты саяси мəселелер төңірегінде де ой қозғап отырған. Бұл басылымда қазақтың ақиық ақыны, күрескер тұлға Мағжанның да өткір мақалалары жарық көрді. Мəселен, ақын “Автономия кімдікі?” мақаласында: “Айлы, күнді, қанды, отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, əдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. …Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі. “Аязды күні айналған, бұлтты күні толғанған, құрығын найзадай таянған, қу толағай жастанған Ер қазақтың автономиясы бұл!” – деп жер-жаһанға жар салып, халыққа сөз арнайды. Мемлекеттік құрылымды нығайтуға шақырады. Қоғамдық дамуды таптық жолмен бөлуге қарсы шығады. 

Өмір ЕСҚАЛИ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp