Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлда 500 орындық заманауи көпбейінді аурухананың құрылысын жүргізетін түркиялық “YDA Holding” компаниясының басқарма басшысы Арслан Хусейнмен кездесті.
Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында өткен “Kazakhstan Global Investment Roundtable” атты іскерлік кездесу барысында жалпы құны 8,9 млрд. АҚШ долларын құ-райтын 45 коммерциялық келісімге қол қойылған болатын. Сол жобалардың бірі – консультативтік-диагностикалық орталығы бар 500 орынға шақталған заманауи көпбейінді аурухана. Жаңа нысанға облыстық аурухана, онкологиялық диспансер, перинаталдық орталық, тері-венерологиялық диспансер, кардиологиялық орталық, инфекциялық бөлімше көшіріледі деп күтілуде.
Кездесу барысында қыркүйек айының соңында қадасы қағылатын аурухана жобасының таныстырылымы өтті. Емдеу мекемесі Түркия және Еуропа елдерінде шығарылған соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жабдықталатын болады. Сондай-ақ, мұнда пневмо-пошта жүйесі орнатылады. Бұл жүйе дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Яғни, құрылғының көмегімен зертханадағы сараптамалардың нәтижесі әр кабинетке автоматты түрде жеткізіледі. Сөйтіп, ақ халаттылардың алтын уақыты үнемделмек.
Өңір басшысының айтуынша, маңызды әлеуметтік жоба облыста медициналық туризм саласын дамытуға да үлес қоспақ.
– Аурухана солтүстікқазақстандықтарға ғана емес, көрші өңірлер мен Ресейдің бірқатар қалаларының тұрғындарына да сапалы медициналық қызмет көрсетеді деп күтілуде. Сондықтан екі жүзден астам сала өкілі шетелде біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Бұдан бөлек, аурухана жанында 200 пәтерлік тұрғын үй бой көтереді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Еуропа және ТМД елдерінде оннан астам заманауи аурухана салған “YDA Holding” компаниясы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтеретін емдеу мекемесін сенімгерлікпен басқаратын болады.
– Қазірден бастап дәрігерлерді оқытып, біліктіліктерін арттыру мәселесіне көңіл бөлетін боламыз. Құрылыс жұмыстары басталысымен, білікті түрік дәрігерлерін шақырып, жергілікті мамандарды оқытуға ниеттіміз. Бұдан бөлек, шетелдік дәрігерлермен де тәжірибе алмасу көзделуде. Өйткені, заманауи технологиялармен жабдықталған ауруханада жоғары дәрежелі мамандар жұмыс істеуі керек. Сонда ғана науқастарға еуропалық стандарттарға сай ем-дом шаралары жасалатын болады, – деді Арслан Хусейн.
Заманауи аурухана 2022 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.