Жазушы Сәбит Мұқанов өзінің дарынды қаламдастары тәрізді поэзия, проза, драматургия салалары мен әдеби сын-зерттеуде өнімді еңбектеніп, артына құнды мұра қалдырды. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, көлемді, идеялық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повестер мен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар мен қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа кітаптар жазды. Сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды.
Кіндік кесіп, кір жуған туған өлке әр адамның саялы мекені емес пе? Туған жер тақырыбы Сәбит Мұқановтың шығармаларына да арқау болды. Әсіресе, ол өзінің еңбектерінде жер-су атауларына ерекше мән берді. Мәселен, “Туған жердің тыңында” очеркінде:
“…Менің әке-шешемнің бейіті жатқан өлкеге тұрғын елдің қойған аты – Жаманшұбар”. “Жаман” деген сөз түсінікті. Ал “Шұбар” деп біздің елде жазық далаға бытырай өскен жас ағаштарды айтады. Көшпелі ауылдардың әдеті – жаз жайлаған жерлерін, күз ел көшкен соң немесе көктемде – ел келер алдында өртейді. Себебі, ескі шөпті өртесе: біріншіден, малға тиетін індеттің тұқымы өртеледі, екіншіден, өртеңге жас шөп шығады. Сөйтсе, бір жылы осылай қолдан қойылған өрт жайылып кетіп, маңайдағы “жердің барлық өсімдігін, қыстауды, үй-мүліктерін тып-типыл қылып күйдіріп кетеді. Көп мал науыт болады. Адам да күйеді”. Осы қырсықтың салдарынан қазақтар сол жылы жаманшылық көріп, қыстан әрең шығыпты. Міне, бір ғана уақиғаның тарихтағы ізі өшпей, мәңгілікке “Жаманшұбар” деген жер атын иемденген. “Жаманшұбар Тимирязев ауданының Докучаев атындағы совхоздың қарамағында екен… Жолда “Жамбыл” және “Украина” аталатын екі совхоздың жерінен өту керек. Олардың жерлері де маған таныс: “Жамбыл” совхозы бұрынғы Жамбыл колхозының негізінде “Жарқын”, “Суаткөл”, “Есперлі” ауылдарынан құрылған” деп жазған болатын.
Ол “Докучаев” кеңшарының құрылуын ежелгі қазақ тұрмысымен қабыстыра баяндайды: “Бұл маңайда, бұрын үш ауылдың қыстауы болушы еді, Жаманшұбар, Батпақкөл және Өтей-Дәуіш. Жаманшұбарда көл жоқ, суды құдықтан ішетін, бірақ құдық суы тапшы болып, кейбір қыста малдары да, жандары да қарды еріткен сумен күн көретін. Ал Өтей-Дәуіштің құдығы сулы болатын”, деп келеді де, совхозға мекен іздегендер бұрғы салса, мұндағы судың негізі қар суы екенін және тереңдегі мол судың ащы екенін біледі. Сөйтіп, жаңа совхоздың орталығы Батпақкөлге орнаған. Өйткені мұнда 22 метрден мол тұщы су шыққан.
Әркімге атақонысы қымбат қой. Туған жерге келген бір сапарында Сәбит Мұқанов алдымен ауылына барған. Докучаев ауылының тұрғыны Владимир Браташ өзінің естелігінде жұмысшы комитетінің төрағасы ретінде оны Қайранкөлдің жанында тосып алғанын, сосын ата-анасының зиратына апарғанын айтқан. Жанында зайыбы мен қызы болған екен. Бәрімен жылы амандасып, әңгімелесіп, ризашылығын білдірген.
Қазақ-кеңес әдебиетінің негізін қалаған жазушы руханиятқа зор еңбек сіңірді. Келесі жылы өнегелі де өміршең шығармалары сан ұрпаққа рухани азық болған Сәбит Мұқановтың 120 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Бұл атаулы шараны тиісті деңгейде өткізу кейінгі ұрпаққа абыройлы парыз екенін айтқым келеді.
Алмагүл ИБРАЕВА, Докучаев орта мектебінің мұғалімі.
Тимирязев ауданы.