Өңірімізде “Жас кәсіпкер” қанатқақты жобасы өз мәресіне жетті. Екі кезеңге созылған оқыту курсының қорытындысында 600 жас кәсіп жүргізу негіздерін үйренді.
Бұл жоба жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы қыз-жігіттерге арналған. Өзінің бизнес-жоспарын әзірлеп, сәтті қорғағандарға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Яғни, жоба барлық талаптарға сай болса, жас кәсіпкерге 505 мың теңгенің қайтарымсыз гранты беріледі. Бұдан бөлек, жылдық мөлшерлемесі 6 пайызды құрайтын 8 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі қарастырылған.
Жоба биылғы жылғы 24 шілде күні бастау алған болатын. Жергілікті жастар оқыту курсының алғашқы күнінен-ақ бұл жобаға қызығушылық танытты. Мәселен, бірінші кезеңде 331 үміткердің оқуы – соның дәлелі. Тестілеуден сүрінбей өткен жастар жарты ай бойы кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықты. Сондай-ақ, жоба қатысушыларына 15 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленді. 9 тамыз күні бірінші кезең түлектерінің барлығы бизнес-жоспарларын қорғады. Ал жақында екінші лекке жазылған 269 жас оқуын тамамдады. Енді жобасын сәтті қорғағандар грант алу үшін өтініш жазатын болады. Бүгінгі таңда алғашқы 70 грант бөлінді.
– Олардың 70 пайызға жуығы қызмет көрсету саласын таңдап отыр. Мәселен, жастар әлеуметтік және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға құштар, – дейді бизнес-жаттықтырушы Әрсен Оразалинов.
Петропавлдық Қайрат Жұмади облыс орталығында емдеу-оңалту орталығын ашқысы келеді. Ол үшін несие рәсімдеп, арнайы тренажерлер сатып алуды жоспарлауда.
– Қазіргі таңда тренажерлер буыны сырқырап, омыртқасы ауыратын шаһар тұрғындарының арасында жоғары сұранысқа ие. Петропавлда мұндай қызметті ұсынатындар кемде-кем. Медициналық білімім бар. Сондықтан бастаған кәсібім жемісті боларына сенімдімін, – дейді Қайрат Жұмади.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.