Медициналық сақтандыру қоры “Saqtandyrý” атты қанатқақты ақпараттық жүйені іске қосты. Аталмыш жүйе медициналық қызмет алушылардың мәртебесін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. “Saqtandyrý” ақпараттық жүйесі Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің қанатқақты жобасы аясында сынақтан өтуде. Тұрғындар үшін бұл жоба ешқандай қиындық тудырмайды.
Қазір біздің өңірімізде 552 мың тұрғын болса, соның 219 мыңы жұмыспен қамтылған. Олар үшін жұмыс берушілер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударса, 4337-сі бірыңғай жиынтық төлем төлейді. Қалғандарының, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесін анықтауда аздаған қиындықтар бар екені аян. Қанатқақты жоба сынақтан өткеннен кейін “Saqtandyrý” ақпараттық жүйесі еліміздің барлық аймағында іске қосылатын болады. Оның толыққанды жұмыс істеуі үшін мемлекеттік мекемелермен он ақпараттық жүйе кіріктіріледі. Нақтырақ, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы мен тағы басқа мемлекеттік мекемелердің ақпараттық базасының мәліметтері бір арнаға тоғыстырылатынын айта кеткен жөн.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет http://med-kz.ucoz.com сайтынан алынды.