Елімізде күзгі әскерге шақыру маусымы басталды. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте Қарулы күштер қатарын толықтыру жайы пысықталған жиын өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев қатысты.
Департамент бастығы, полковник Талғат Әліқұлов атап өткендей, өткен маусымда Қарулы күштер қатарын 547 солтүстікқазақстандық жас толықтырса, осы жолы тағы 500 бозбала Қазақстанның түкпір-түкпірінде Отан алдындағы борышын өтемек. Өкінішке қарай, қазір жігіттердің кейбірінің денсаулығы нашар немесе физикалық тұрғыдан әлсіз болып келеді. Сондықтан жыл сайын Отан алдындағы борышын өтеуге ниет танытушылардың қатары азайып барады. “Медициналық тексерісті сапасыз жүргізу фактілері де кездеседі. Яғни, эпилепсия, гемофилия, шизофрения, басқа да туа бітті ауруларға шалдыққан азаматтар әскерге шақыртылған. Қарулы күштер қатарына алынған жас сарбаздардың денсаулығына жіті мән берілгені жөн”, – деді Талғат Әліқұлов.
Бүгінгі күні Петропавл қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма тізімінде әскерге шақырылуы тиіс 2739 адам бар. Сонымен қатар көктемгі әскерге шақыртудың нәтижесінде 1 адам денсаулығының жарамсыздығына, яғни жүрек ауруына байланысты кері қайтарылғанын да айтып өткен жөн. Әскери борышын өтеуден жалтаратындар да жоқ емес. Ондайларға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу жазасы қарастырылған.
Айман ӘБЖАППАРОВА,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі
департамент баспасөз
қызметінің бастығы.