Өңірімізде “Астық” республикалық жедел-алдын алу шарасы өтуде. 20 тамыз бен 10 қазан аралығында өтетін шараның мақсаты – орақ науқаны кезінде астықтың, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерінің және жанар-жағармайдың ұрлануына тосқауыл қою.
Мәселен, Тимирязев ауданындағы ауылдық округтердің бірінің әкімі жеке кәсіпкердің асыл тұқымды бұқасының қолды болғандығы жөнінде арызданды. Ірі қара малдың нарықтағы бағасы 420 мың теңге шамасында екен. Қылмыстық іс қозғалып, полицейлер ізін суытпай күдіктіні анықтады. Тергеу барысында Тимирязев ауданының 28 жастағы тұрғынының бұған дейін жасалған басқа қылмысқа қатыстылығы анықталды. Оған көктемде элеватордағы зертханадан жалпы құны 8 млн.теңгені құрайтын “Infratec-1241″ атты астық анализаторы, электронды таразы және басқа да қондырғыларды ұрлады деген айып тағылды. Онымен бірге қылмыс жасаған тағы бір жергілікті тұрғын ұсталды.
Ұрланған заттар арнайы сараптамадан өткеннен кейін иесіне қайтарылады. Ал асыл тұқымды бұқаны сойып, етке өткізіп жіберіпті. Енді келтірген шығынның орнын толтырады.
Жалпы “Астық” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы басталғалы бері облыста 20 қылмыс тіркелді. Оның 11-і жанар-жағармай, 8-і қосалқы бөлшектер ұрлығына қатысты болды. Сондай-ақ, жемазық пен астық ұрлау фактілері де тіркеліп отыр.
Сурет http://sterlitamak.ru сайтынан алынды.