«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘНШІ КҮЛӘШПЕН КЕЗДЕСУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Жезтаңдай әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Байсейітова – қазақ өнерінің қайталанбас дара тұлғасы. Көзі тірісінде тыңдарманның жүрегіне жол тапқан өнерпаз жайлы айтылар әңгіме таусылған емес. Қазақ өнерінің жарық жұлдызы атанған әншімен бір кездері кездесудің сәті түскеніне қуанамын. 

1957 жылы қаңтарда дүкенші болып істейтін әкем Бәриге Преснов (қазіргі Жамбыл) аудандық тұтынушылар қоғамының басқармасынан хат келді. Онда республикалық сауда қызметкерлерінің көркемөнерпаздар байқауы болатыны жазылыпты. Бұл байқауға мені қатыстыру жөнінде әкеме нұсқау берілген екен.

Аудандық, облыстық сайыстарда күй тартып, жүлделі орындарды еншілеп жүрген кезім. Талай жүйрік қатысатын республикалық сайыста өнер көрсетіп, бағымды сынағым келді. Алдымен, Архангелкадағы ауылдық тұтынушылар одағының басқарушысы Сұраған Кәсеновпен кездестім. Ол маған тұтынушылар қоғамының кітапшасын табыстады. Одан кейін аудан орталығы – Пресновкаға келдік. Қасымызда Айымжан ауылының тумасы, әнші Назима Барқытова бар. Ертеңіне байқауға баратын барлық өнерпаз жиналды. Олардың арасынан қазақша әнді тамылжыта орындайтын неміс қызы Элла Виртті де көзім шалды. Ол Боевик ауылынан келіпті. Қатысушылардың дені – өзге ұлт өкілдері. 

Бұл шараға біз Петропавл қаласында он күндей дайындалып, наурыздың 24-ші жұлдызында пойызбен Алматыға келдік. Ұйымдастырушылар бізді көкөніс комбинатының жатақханасына орналастырды. Көптен күткен жауапты сәт те келіп жетті. Қазылар алқасының төрайымы, КСРО-ның халық әртісі Күләш Байсейітова екен.

Біздің өнерімізге қазақтың белгілі әншісі төрелік айтатынына іштей қуанып қалдық. Өңір өнерпаздарына кезек екі күннен кейін келді. Ертеңіне жатақхананың дәлізінде домбыра тартып отыр едім, жаныма бейтаныс адам жақындап:

– Жас болсаң да домбыраны шебер тартады екенсің. Құрманғазы атаңның күйлерін білесің бе? – деді.

– Аздап білемін, – дедім мен.

Ол “Адай” күйін тартуымды өтінді. Күйді соңына дейін тыңдады да, шығарманың тарихы туралы айтып берді. Оның айтуынша, Құрманғазы Адай елін аралап жүргенде бір байдың үйіне барған екен. Аман-саулықтан кейін жинаулы жүктің үстінде тұрған домбыраны қолына ұстап, қайта орнына іліп қояды. Сәлден соң байдың бойжеткен қызы келіп домбыраны біреудің қозғағанын байқайды. Сонда қыз өзін жігітке таныстыру үшін күй орындайды. Күйдің аты – “Айжанқыз”. Ал жігіт “Адайды” тартады. Адай елінің өр мінезін, бірбеткей қайсарлығын шығармаға арқау еткен жігіт осылайша тарту жасайды.

Менің жаныма отырған әлгі бейтаныс жігіт Атырау облысының тумасы екен. Құрманғазы бабамыздың жерлесі. Ол біз орналасқан жатақхананың комменданты болып шықты. Бір ауыз жылы сөзі қуат беріп, шабытымды еселегендей болды.

Менің дайындығым жақсы. Көңіл-күйім де көтеріңкі. Оркестрге арналып жасалған домбырамның бетінде кішкентай жарық бар еді. Пернесі жылжып түсіп кетсе қайтемін деген сұрақ маза берер емес. Бір кезде сахнаға шықтым. Алдымда жанып тұрған шамдар көз қаратпайды. Әйтеуір, залдың орта тұсында қазылардың отырғанын аңғардым. Құрманғазы мен Есжанның күйін көрермен жақсы қабылдады.

Алдымен жүлделі орын алған ұжымдар марапатталса, жеке орындаушыларға Күләш Байсейітованың қолынан Құрмет грамотасын алу бақыты бұйырды. “Солтүстіктен келген сары жігіт, өнеріңді дамыта бер”, – деген Күләш Жа-сынқызының маған қарата айтқан сөзі бүгінге дейін құлағымнан кетер емес. Бізбен бірге барған Элла Вирт пен Назима Барқытоваға да лайықты құрмет көрсетілді. Назимаға жеке тоқталған Күләш Байсейітова оның Құрманғазы атындағы консерваторияға түсуге лайықты үміткер екенін айтты. Біздің қуанышымызда шек жоқ.

Айтпақшы, осы байқаудың арасындағы түскі бір үзілісте Күләш Байсейітовамен жүзбе-жүз кездесудің сәті түсті. Түскі асты ішіп алған соң ескі қазақ театрын араладық. Екінші қабаттың оң және сол қапталында қос диван бар еді. Терезеден күннің көзі түсіп тұр. Ұзын дәлізбен келе жатып әлгі дивандардың бірінде бір әйелдің отырғанын аңғардық. Жақындай келе әнші Күләш екенін таныдым. Шынын айтсам, біраз абдырап қалдым. Жақын барып амандасуға жүрегім дауаламады. Сол тұста ол қалың ойдың құшағында отырғандай әсер қалдырды. Үстіне киген қоңыр көйлегі өзіне сондай жарасымды. Орта бойлы адам екен. Қиылған қасы мен әдемі өрілген шашы ажарын аша түскендей. Сол бір бейне менің көз алдымнан кетер емес.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp