«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕЛІ ШАҢЫРАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru


 

Әрбір ата-ана үшін жас құрақтай өсіп келе жатқан перзенттерінің қуанышын көруден асқан бақыт жоқ шығар, сірә. Нүрсейіттер әулетінің де бар бақыты – балалары. Бес бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты Нүркен мен Сарагүл сәбилерінің бойына ең көркем қасиеттерді сіңіруде. 

Олар 2017 жылы Түркістан облысынан Оңтүстіктен-Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы бойынша Мағжан Жұмабаев ауданындағы Октябрь ауылына көшіп келген. Бүгінде Нүркен Артықбайұлы елді мекендегі мектепте дене тәрбиесі пәнінің ұстазы болып қызмет етіп, оқушылардың түрлі спорттық жарыстарда топ жаруына ұйытқы болып жүр. Оның спортқа әуес ұл-қыздарды байқауларға өз қаражаты есебінен жөнелткен сәттері де аз емес.

Бұл отбасы Қызылжар өңіріне көшіп келген күннен бастап бау-бақша өсірумен айналысуда. “Еңбек етсең, емерсің” деген мақалды ата-анам бала күнімде жиі айтушы еді. Бізді де адал еңбек етуге баулыды. Шаруаларына қолғабыс етсек, маңдайымыздан сипап, жылы сөздерін айтатын. Сол сәтте көңілім көтеріліп, мерейім өсіп қалатын. Енді осы тәрбиені балаларымның бойына сіңірудемін. Жазғы демалыста олар үнемі жанымда. Бау-бақшадағы шаруаны тындыруға көмектеседі”, – дейді Нүркен ағамыз.

Оңтүстіктегі жерлестерін көшіп келуге үгіттеп, ортамыздың толуына бір кісідей атсалысып отырған да осы азамат. Соның нәтижесінде Октябрь ауылына арнайы бағдарламамен көшіп келгендер қатары көбейген. Мысалы, Шерхан мен Гүлнұр Нүрсейіттер де өңірімізге келіп, өз ісін өрге домалатуда. Ал 20 жыл отасқан Нүркен мен Сарагүл болса, жас отбасына ақыл-кеңестерін айтып, аяқтарынан нық тұрып кетулеріне көмектерін аяған емес. 

Отанасы Сарагүл Сәрсенқұлқызы бастауыш мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып қызмет етуде. Ол қазақ балаларын салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың негізінде тәрбиелеуде. Ол мектепішілік шаралардың барлығында қазақтың болмыс-бітімінен сыр шертетін сахналық қойылымдардың молынан болуын, балалардың ұлттық тәрбие негізінде өсіп-жетілуін үнемі қадағалап отырады. Ұстаздың пікірінше, бүгінгі күнгі жаһандану кезеңінде ұлттық тәрбие мен дәстүр сабақтастығын сақтау мәселесі өзекті. “Ұлттық құндылықтарымыз ұмытылып бара жатқан қазіргі уақытта осындай шараларды көптеп ұйымдастыруымыз керек. Әр ата-ана өзінің отбасы алдындағы жауапкершілігін терең түсінсе, тәлім-тәрбие ісінде ұстаздарға көмектессе, саналы ұрпақ көбейер еді”, – дейді ол. Ұжымның да жұдырықтай болып жұмылып, береке-бірлікте алға қойған мақсаттарына нық қадам басуына үлесін қосып жүрген тәлімгердің білім саласындағы қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бұған оның аудандық, облыстық деңгейде алған марапаттары дәлел. 

Сарагүлдің ибалы келін, адал жар, ардақты ана болуына енесі Жақсыгүл Мұсақызының көмегі көп тиді. Ол отбасы тәрбиесіне қатысты бар білгенін келіндеріне үйретуден жалыққан емес. “Шаңырақтың шаттығы мен әулетіміздің ақылшысы болып отырған енем балаларымды тәрбиелеуде көп жәрдемдесті. Ененің тәрбиесін көріп, өнегесін ұға білген мен де болашақта келіндеріме жақсы тәрбие беруге тырысамын”, – деген Сарагүл апай бұл шаңырақтың сыйластықты берік сақтаған әулет екенін айтты. Ақ жаулықты кейуана Жақсыкүл Мұсақызы бүгінде бес ұлы мен бес қызынан немере-шөбере сүйіп, бақытқа кенеліп отыр. 

“Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп” демекші, бұл әулетте той болса, Сарагүл абысындарын бастап, әзірлік жұмыстарына кірісе кетеді. Бүгінде әр жерде жүрсе де, берекелері қашпады, бірліктері ыдырамады. Абысындар әрдайым бір-біріне қол ұшын созып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біледі. Бір әулеттің абыройын асырып, беделін биіктеткен абысындардың татулығын көріп өскен қыз да болашақта осындай үлгілі келін болатыны сөзсіз. 

Өмірі, отбасылық бақыты мен балаларын байлығына балаған ананың аялы алақанының жылуына бөленген перзенттері де ардақты ананың сөзін екі етпеуге тырысады. Үйдің үлкені Ерсұлтан іні-қарындастарына қарайласып, ата-анасына көмектеседі. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы жоғары медицина мектебінің студенті болашақта білікті дәрігер болуды армандайды. Қалған іні-қарындастары да жақсы оқу үлгерімімен ұстаздарының оң пікіріне ие болып жүр. 

Ауылдастары мен туған-туыстарына сыйлы отбасы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтан да кенде емес. Сарагүл Сәрсенқұлқызы көпбалалы ана ретінде жәрдемақы алып отыр. “Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризамын. Әйтсе де, Үкіметке алақан жайып қана отырмай, адал кәсіппен шұғылданып балаларыңның қажетін өтегенге, олардың елге сыйлы азамат болып өсулеріне жағдай жасағанға не жетсін?” – деді Сарагүл. 

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Нүрсейіттер отбасы.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp