«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СТУДЕНТТІК ЖАТАҚХАНАЛАР ТЕКСЕРІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мамандары “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының, “Jas Otan” жастар қанатының, “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің өкілдерімен бірлесіп, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің жатақханаларын тексерді. 

Алдымен мамандар №1,2,3 және №4 жатақханаларға барды. Жатақханада тұратындарға жасалған жағдай жайлы оқу ордасының бірінші проректоры Ербол Исақаев баяндады. 

– Білім алушыларды жатақханаға орналастыру барлық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Санитарлық талаптарды сақтауға баса мән береміз. Жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған студенттер тегін тұрады, – деді Ербол Исақаев. 

Үстіміздегі жылы тәрбие жұмыс бойынша департамент өтініштерді “Электронды ректорат” порталы арқылы қабылдау қызметін енгізді. Студенттер тамыз айында оқу орнына келмей-ақ жатақхана алуға өтініш білдіре алады. Мұндай жүйе білім беру мекемесі жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді.
Орындарды бөлуде құрамына университеттің басшылығы мен студенттік өзін-өзі басқару өкілдері кіретін комиссия құрылды. Комиссияның қарауынан кейін студенттермен келісім жасалып, айына 4200 теңге ақша төленеді.
Мониторингтік топтың мүшелері жатақхананың тазалығына да назар аударды. Студенттер кезекшілік кестесін құрып, бір жыл бойы тұратын бөлмелерінің тазалығына жауапты. Сондай-ақ, өздері бұзған жерді жөндеу де олардың міндетіне жатады.
Тексеріс барысында шешімін таппай тұрған түйткілді мәселелер де сөз болды. Студенттер төлеген ақша жатақхананың коммуналдық шығындарын өтеуге жетпейді екен. Мәселен, өткен жылғы шығын 23 млн. теңгені құраса, студенттер 11 млн.теңге ғана төлеген. Осыған дейін жоғары оқу орнынан базалық қаржыландыру бөлінетін еді. Ал қазіргі уақытта университет өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғандықтан, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу де қиындық туғызып отыр. Яғни, қаржының 70 пайызы – оқытушылардың еңбекақысына, ал 30 пайызы коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалады.
Биыл 360 млн. теңгеге №3 жатақханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Іші әрленіп, жылыту жүйесі ауыстырылды, жаңа жиһаз бен техника сатып алынды.

Сурет https://www.inform.kz сайтынан алынды.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp