Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары ағын суды тазалайтын кешенді желі жасап шығарды. Бұл тәсіл 25 минутта 100 литр өндірістік суды ішуге жарамды етеді.
Инженер Варвара Рубенің айтуына қарағанда, технологиялық желі судағы химиялық қоспаларды кетіргенімен, тіршілік көзінің сапасы жоғалмайды.
Осындай экологиялық жобаны жүзеге асырған университет қызметкерлерінің еңбегі жоғары бағаланып, “Ғылым қоры” акционерлік қоғамының 143 млн. теңге қаржыландыруына ие болды.
– М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары өз зертханаларында судың құрамын зерттеп, анықтап, жаңа технологиялар арқылы тазартуға болатынын дәлелдеді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының есебін жасағаннан кейін бізден осындай қаржыландыруға ие болды, – дейді Білім және ғылым министрлігінің “Ғылым қоры” акционерлік қоғамы жобалау дирекциясы директорының міндетін атқарушы Нұртас Әлішер.
Ғалымдардың айтуынша, елімізде өндірістік су сирек тазартылады екен. Көбіне химиялық заттармен бірге өзенге ағызып жібереді. Осылайша, суды тазалауда тек механикалық әдіс кеңінен пайдаланылғандықтан, бұл жобаның экоголиялық мәні зор екені сөзсіз.
Сурет http://bilim-all.kz сайтынан алынды.