Жыл басынан бері “Бизнес бастау” жобасы аясында бір мыңға жуық солтүстікқазақстандық кәсіптің қыр-сырына қанықты. Осы жолы жоба қатысушылары 6 топқа бөлініп, тәжірибелі мамандардан ақыл-кеңес алуда.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Рақымбек Зейнуллиннің айтуына қарағанда, бизнес тақырыбындағы теориялық сабақтардан соң жоба қатысушыларына психологтар мен жаттықтырушылар көмекке келеді. Түрлі семинар, лекциялар тыңдап, болашақ кәсіпкерлер өз жобасын қорғап, сертификатқа ие болады.
– Кәсіп ашуға ұмтылғандардың, ең алдымен, бизнес идеялары болуы қажет. Олар нарыққа сараптама жасап, тауарды өткізу ортасын білуі тиіс. Бизнес жоспардың қаржылық бөлігі де жоспарлы болғаны жөн. Біз осының бәрін тыңдаушыларымызға түсіндіріп, бизнес жүргізудің өзге талаптарына да тоқталамыз, – деді бизнес жаттықтырушы Нұргүл Болатова.
Мысалы, жоба қатысушысы Аяжан Әскерова болашақта менталды арифметика мектебін ашқысы келеді. Оның ойы іске асса, облыс орталығында 4-16 жас аралығындағы балаларға қосымша білім беретін тағы бір мекеме пайда болмақ.
Ең үздік жобалардың авторлары грантқа немесе аз пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиеге ие болады.
“Қызылжар-Ақпарат”.