Бүгінгі таңда құрылыс индустриясында заманауи материалдар қолданылып, еңбек адамының жұмысын едәуір жеңілдетуде. Сондай тамаша құрылыс материалдарының бірі – жылу блоктары. Алдағы уақытта тиімділігі жоғары өнім Имантау – Шалқар демалыс аймағында салынатын үйлердің құрылысында қолданылмақ.
Іскер азамат Боштай Жүнісов басқаратын кәсіпорын – заманауи жылу блоктарын шығаратын өңіріміздегі жалғыз өндіріс орны. Кәсіпкер бұл өнімді 2014 жылдың тамыз айынан бастап нарыққа шығарған. “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Даму” қорынан демеуқаржы және “Альфа банк” акционерлік қоғамының өңірлік филиалынан екі рет 7 миллион теңгеден несие ресімдеген. Өндіріске инновация енгізу мақсатында бұл қаражатқа көршілес Ресейден жаңа қондырғылар сатып әкелген. Теңдессіз құрылғы жылу блогын бір минутта құйып шығарады. Ал өнімді дайын тауар қалпына жеткізу үшін, кебу уақытын қоса есептегенде, 7-8 сағат жұмсалады.
Кәсіпкердің айтуынша, бүгіндері өндіріс орны кеңейіп, цех жұмысшылары айына 10 мың дана жылу блогын жасап шығаруда. Тың технологиямен өндірілетін бұл өнім 75-100 жылға дейін шыдайды.
– Тұтынушыларымыз 5 жылдан бері өнімнің сапасы жоғары екеніне көз жеткізуде. Әсіресе, өңірімізге оңтүстік облыстардан қоныс аударып, жылу блоктарынан салынған үйлерде тұрып жатқан азаматтар оның артықшылығын сезінуде. Қатты соққыларға төзімді құрылыс материалы кірпіш секілді үгітілмейді, оның үстіне бағасы екі есе арзан. Бұл блоктар бiздiң өңiрдiң ауа райына сай, жылуды жақсы ұстайды. Одан салынған үйдiң iшi қақаған аязда – жылы, жазда – салқын. Мәселен, газ блоктарынан салынған үй жылы болуы үшін сыртын қаптау керек. Сөйтіп, біраз уақыт пен қаржыны шығындауға тура келеді. Ал жылу блогы әжептәуір уақыт үнемдеуге және шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Ауданы 100 шаршы метр үйге 800 мың теңгенің ғана жылу блогы қажет, – дейді Боштай Нәбиұлы.
Әр жылу блогы үш қабаттан тұрады. Сапалы жасалған өнім кез келген ауа райына төтеп бере алады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, алғашқыда жұрт мұндай инновациялық өнімнің тиімділігін біле қоймаған, ал бүгінде оны алушылар қатары қалыңдай түскен. Айта кеткен жөн, бұл өнімге бізден бөлек, Алматы, Жезқазған, Щучье қалаларынан және Ресейдің көршілес өңірлерінен сұраныс түсуде.
2014 жылы “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесінде “Өндірістік мақсаттағы тауарлар” аталымы бойынша арнайы дипломмен марапатталған кәсіпорынның жұмысы бүгінде қыза түскен. Кәсіпорын 20-дан астам адамды жұмыспен қамтыған. Орташа еңбекақы 100 мың теңгеден асады. Кәсібін өрге домалатқан Боштай Нәбиұлы алдағы уақытта өндіріс аясын әлі де кеңейтуді ойластыруда.
– Бастапқыда қажетті материалдарды Ресейден жеткізетінбіз. Қазір қолданылатын шикізаттың басым бөлігін отандық өнімдер құрайды. Мәселен, цементті Ресейден, пенопласты Көкшетаудан әкелсек, құм жергілікті Есіл өзенінен алынады. Өкінішке қарай, облысымызда материалдардың бағасы қымбат. Имантау – Шалқар демалыс аймағында үй салған кезде жылу блоктарын жасауға қажетті шикізаттарды Көкшетау өңірінен сатып алуды көздеп отырмыз, – дейді Боштай Нәбиұлы.
“Жүнісов” жеке кәсіпкерлігі 2000 жылы құрылған болатын. Ол осы уақыт ішінде облыс орталығында құрылыс саласының дамуына атсалысып келеді. Бүгінде көз жауын алатын кейбір әдемі коттедждердің, дүкендердің және қоғамдық-мәдени нысандардың құрылысында аталмыш өндіріс орнының жылу блоктары қолданылғанын біреу білсе, біреу білмес. Атап айтқанда, кәсіпорын шығарған өнім өңірімізде 150-ден астам тұрғын үй құрылысында пайдаланылған. Аққайың ауданының Смирново ауылында екіқабатты Мәдениет үйінің, Тайынша ауданының Ильичевка ауылындағы амбулаторияның қабырғалары да осы материалдан қаланған.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.