Тамыз айында өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың борыш жүктемесін азайтып, оларға уақтылы көмек көрсету мақсатында борышы кешірілетін адамдардың алты санаты айқындалған болатын. Соған сай 15 шілдеде Үкіметтің қаулысы жариялады. Бүгінгі күні борыштарын мемлекет жауып берген кей азаматтар қуанып жатса, кейбір шын мұқтаждардың қарызы сол күйінде қалып отырған сыңайлы.
Борышы кешірілмегендер не істеуі керек? Ең алдымен, əлсіз топтың қайсысына жататыныңызды айқындап алуыңыз керек. Екіншіден, несиеңіз кепілсіз болуы шарт. Үшіншіден, биыл 1 маусымға дейінгі қайтарылмаған берешегіңіз 3 млн. теңгеден аспауы тиіс. Ал төртіншіден, негізгі борыш пен оған есептелген сыйақы көлемі 300 мың теңге болғаны жөн. Егер осы төрт талаптың барлығына сай келіп, бірақ мемлекет борышыңызды кешірмеген болса, онда сіздің мəртебеңіз туралы мәлімет орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жоқ дегенді білдіреді.
Білім жəне ғылым министрлігі жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кəмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған балалардың, 23 жасқа дейінгі студенттердің тізімін ұсынған. Əділет министрлігі “Азаматтық хал актілерінің жазбалары” ақпараттық жүйесінде ерлі-зайыптылар немесе ата-аналар бойынша азаматтық хал актілері (неке жəне туу туралы) бойынша мəліметтерді тексерді. Осылайша, министрлік 2 миллионнан аса адамның тізімін Ұлттық банк пен Мемлекеттік кредиттік бюроға берген.
Ұлттық банк кредиті жоқ, жалпы қарызы 3 млн. теңгеден асатын, берешектері коллекторлық ұйымдарға берілгендерді тізімнен алып тастады. Сөйтіп 630 633 адам мен микрокредиттер бойынша берешегі бар 506 941 борышкердің тізімі жасалған. “Жарлық пен Ұлттық банктің критерийлеріне сəйкес келуі тиіс азаматтардың тізімде болмауының басты себебі – мəртебесі туралы деректердің орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде болмауында. Атап айтқанда, АХАЖ ақпараттық жүйесінде неке немесе балалардың тууы туралы жазбалардың болмауы жиі кездеседі. Осыған байланысты кредиті бар азаматтар отбасы құрамынан, яғни Заңға сəйкес келетін санаттардан шығып қалады. Бұл қатарда асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алатын отбасылар; мүгедек балалары бар отбасылар; 18 жастан асқан бала жасынан мүгедек балалары бар отбасылар; атаулы əлеуметтік көмек алушылар сияқты басқа санаттағылар да болуы мүмкін. Кейбір мәселелер көпбалалы отбасының мемлекеттік органдарға жəрдемақы алу үшін жүгінбеуіне жəне ешқандай ақпараттық жүйеге енбеуіне байланысты туындап отыр. Сонымен қатар Білім жəне ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесінде 4 мыңнан астам жетім бала жəне кəмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бойынша мəліметтер жоқ. Егер тізімде болмасаңыз, банк бөлімшелеріне немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына сабылудың қажеті жоқ. 111 call-орталығына хабарласып, өзіңізбен қоса отбасы мүшелері туралы ақпаратты бересіз. Бұдан кейін мемлекеттік органдар сіз туралы ақпаратты тексеріп, аталған алты санаттың біріне кіретініңіз анықталса тізімге қосады, бұған кем дегенде бір ай уақыт кетеді.
Майгүл СҰЛТАН.