Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа оқу жылының басталуымен тұспа-тұс келген “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында білім беру сапасын жақсартуға айрықша тоқталды. Аталмыш саладағы түйткілді мәселелерді айтып, оларды шешу бойынша нақты тапсырмалар берді. “Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет”, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Елімізде білім беру сапасын жетілдіру бағытында түрлі бастамалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алайда, бұл саладағы жетістікті нақты фактілерден ғана аңғаруға болады. Яғни, мектепті аяқтаған жылы жоғары оқу орнына түскен, диплом алғаннан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан жастардың, ауылдық жерде, әсіресе, шағынжинақты мектептер мен сенімді басқаруға берілген колледждерде қызмет ететін білікті педагогтардың, үш ауысымда оқытуды жою үшін салынған білім ордаларының саны артса, аталмыш саладағы бірқатар кемшіліктер жойылар еді. Менің ойымша, осы орайда оқушылардың пән бойынша білімін ғана емес, сонымен қатар олардың бойында түрлі дағдыларды қалыптастыру деңгейін арттырып, мектеп түлектері мен түрлі топтағы жасөспірімдердің әлеуметтенуін бақылауға мүмкіндік беретін ұлттық мониторингті іске қосу қажет.
Осыған дейін білім беру жүйесінде бақылау, қадағалауға басымдық берілсе, қазіргі таңда оның сапасына баса көңіл бөлінуде. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігіне тоқталып, білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керектігін атап өтті. Жуырда республикалық тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім берудегі облыстар арасындағы және өңірішілік теңсіздіктің салдарынан жергілікті басқармалар мектептердегі жағдайдан бейхабар екендігін баса айтқан еді. Олардың заңды түрде құқығы болмағандықтан, мектептердің жұмысын үйлестіре алмай отыр. Сондықтан осы жайттарды ескере отырып, басқару жүйесін қайта қараған жөн.
Жолдауда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеу тапсырылды. Яғни, Үкімет пен әкімдіктер осындай өрендердің түрлі үйірмелер мен орталықтарда қабілетін шыңдап, жазғы лагерьлерге баруына жағдай жасауы тиіс. Жол картасын жүзеге асырудың аясында дарынды ауыл жастарын іріктеп, болашақта отандық және шетелдегі жоғары оқу орындарында білім алуға даярлайтын болады. Бұл үшін Петропавл қаласында білім берудің заманауи талаптарына сай келетін Оқушылар сарайы бар. Сондай-ақ, ашық аспан астында өзін-өзі жетілдірудің мүмкіндіктерін пайдаланатын жазғы лагерьлерді де ұмытпаған жөн.
Қолданысқа енуін барша ұстаздар қауымы асыға күтіп жүрген “Педагог мәртебесі туралы” Заңды мұғалімдердің мансаптық өсу тетігі ретінде қарастыруға болады. Ұстаздардың кәсіби дамуына жол ашатын жобаларды жүзеге асырудың маңызы зор.
Әлемдік тәжірибеде педагогтардың кәсіби тұрғыдан өсуіне баса мән беріледі. Менің ойымша, білім беру мекемелерінің бүгінгі басшылары педагогикалық ұжымның кәсіби жетілуіне барынша мүмкіндік жасамай отыр. Әрбір басшы мұғалімдердің жетістігін өз жеңісіндей көріп, олармен ақылдаса отырып, білім беру жұмысын жетілдіруі тиіс. Олар білім беру мекемесіндегі оқыту сапасын көтеріп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге педагогикалық ұжымның біліктілігін арттыру арқылы ғана қол жеткізуге болатынын түсінгені жөн.
“Өрлеу” БАҰО” акционерлік қоғамының 17 филиалы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында мектепке дейінгі ұйымдардың және орта білім беру мекемелерінің педагогтарын жаңартылған бағдарлама бойынша даярлау бағытында жұмыс істеді. Есептік кезеңде өңірлік филиалда 1614 педагог курстан өтсе, соның 1182-сі – ауылда жұмыс істейтін мұғалімдер. Курстан өткендерді тәуелсіз сертификаттау нәтижесі бойынша сапа 99,86 пайызды құрап, өңірлер арасында көш бастағанымызды да айта кеткен жөн.
Бір мыңнан астам жергілікті педагог ақылы түрдегі курстар мен семинарларға қатысуды жөн көрген. Бұл, ең алдымен, олардың кәсіби жетілуге деген құлшынысын, екіншіден, өңірлік филиалдың бәсекеге қабілетті екенін аңғартады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап өткен міндеттерді орындау аясында “Өрлеу” БАҰО” акционерлік қоғамы облыстық филиалында жергілікті педагогтардың қатысуымен ақпараттық-әдістемелік шараларды тұрақты түрде өткізуді, білім берудегі мансаптық өсу, көшбасшылық және цифрландыру салаларында еріктілік және тәлімгерлік қозғалыстарды жетілдіруді жоспарлап отырмыз. “Ауыл – ел бесігі” жобасының аясында елді мекендердегі мектептермен байланыс орнатып, дарынды педагогтарға қолдау көрсететін картаны жүзеге асыру да қарастырылуда. Сонымен қатар “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру міндеті де жүктеліп отыр. Алдағы уақытта студенттердің қызығушылығын арттырып, ынталандыру мақсатында бағдарламаға қатысушылар арасынан үздіктерді іріктеп, үлгі етпекшіміз.
Бүгінде филиал мамандары облыс педагогтарын “Педагогикалық идеялар панорамасы” республикалық конкурсына қатысуға шақыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Конкурс ұйымдастырылған алғашқы жылы Солтүстік Қазақстан облысы жүлдегерлер саны және бейнесабақтар сапасы бойынша бірінші орын алғанын мақтанышпен айта аламыз. Яғни, бұл облыс мұғалімдері педагогикалық тәжірибесін инновациялық-цифрлық формада көрсетуді жақсы меңгергендігін аңғартады.
Алма МЫРЗАЛИНОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ-ы облыстық филиалының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.