Соңғы үш жылда ел бойынша білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 433 факті тіркелді. Олардың 125-і – үстіміздегі жылда орын алған заң бұзушылықтар. Бұл мәселе “Nur Otan” партиясының облыстық филиалында өткен кезекті жиында көтерілді.
Аталған қылмыстардың салдарынан мемлекетке 716 млн. теңге шығын келтірілсе, бүгінге дейін соның 350 млн. теңгесі ғана қайтарылды. Заң бұзушылардың дені – мектеп және колледж директорлары, кафедра меңгерушілері, білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары және мамандары. Олар параны, негізінен, жалған аттестат, сертификат беру үшін алған. Білім беру саласында “бармақ басты, көз қыстылыққа” жиі жол беретін өңірлердің қатарында Түркістан, Қызылорда, Атырау облыстары бар. Ал Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары бұл тізімнің соңында тұр.
Дегенмен, бұл сала бойынша өңірімізде түйткілді мәселелер аз емес. Алдымен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілі Светлана Зайцева заң бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстары жайлы баяндады.
– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы республикада білім беру және құрылыс салалары сыбайлас жемқорлықтың ең көп тараған ортасы болып табылады. Соның ішінде білім беру саласында 110 заң бұзушылық орын алған. Бұл жердегі пара көлемі 5-30 млн. теңге аралығын құрайды. Осы орайда, біздің өңіріміздің тізімнің соңында екенін айта кеткен жөн, – деді Светлана Зайцева.
Бұл жайлы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Сурет http://static-2.akipress.org/ сайтынан алынды.