Қиын сәтте қол ұшын созды
Адам баласы өмірде түрлі сынақтарды бастан кешетіні анық. Біреулер тұрмыстық қиындықтарға тап болып жатса, енді бірінің шаңырағында қайғылы жағдай орын алады. Осындай сәтте айналаңдағы адамдар қол ұшын созса, қандай ғанибет?!
Адамдарды бауырмал болуға үндеп, қайырымдылық жасауға шақыруда “Мектепке жол” акциясының рөлі зор. Қазір сауапты шара аясында мен сияқты көпбалалы немесе жалғызбасты аналарға, жетім балаларға көмек көрсетілуде.
Осыдан 8 жыл бұрын облыс орталығына Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылынан көшіп келген едік. Бүгінгі таңда жұбайым – қаладағы білім ошақтарының бірінде қарапайым жұмысшы, мен бала күтімімен үйде отырмын. Күйеуім екеуміз 5 баланың ата-анасымыз. Екі балам Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте білім алады. Биыл 5-сыныпта оқитын ұлым мен 3-сыныптағы қызыма мектепке қажетті құрал-жабдықтарды сатып алар кезде қаржыдан қысылдық. Бағымызға орай, Петропавл қалалық білім бөлімінің мамандары киім-кешек, оқу құралдарын сатып әперді. Әр адам өз күнін өзі көріп, біреуден көмек күтпеуі қажет екенін жақсы түсінемін. Дегенмен, қайырымды жандардың қолдап, көмек көрсеткені мені ғана емес, ұлым мен қызымды да қуанышқа бөледі. Жүрегі жомарт, ізгі ниетті жандарға деген алғысым шексіз.
Тәттігүл БИМАҚАНОВА, Петропавл қаласының тұрғыны.
Жауыр болған жол мәселесі
“Уәде беру – бір абырой, уәдені орындау – мың абырой” деген атадан қалған сөз бар. Бірақ уәденің салмағын сезіне алмай, сөздің қадірін қашырып жүрген басшылар аз емес. Бұған ауылдағы қордаланған мәселелердің уақтылы шешілмеуі себеп болып отыр.
“Жол азабын жүрген біледі” дегендей, бізді көп жылдан бері жөндеу көрмеген күре жолдың жағдайы алаңдатады. Тозығы жетіп, ой-шұңқыры көбейген “Бидайық – Жамбыл” жол учаскесі бірнеше жылдан бері жөндеу көрмей келеді. Аудан және округ әкімдерінің есепті кездесулерінде бұл мәселе бірнеше рет көтерілгеннен кейін үстіміздегі жылы 17 шақырым жолға қиыршықтас төселетін болып шешілген болатын. Аудан басшысы осылай деп уәдесін берді. Жол азабын көріп жүрген ауыл тұрғындары мұны естіп қуанған еді. Бірақ осы күнге дейін “баяғы жартас – сол жартас” күйінде қалуда.
Төлеубай ҚҰДАЙҚҰЛОВ. Өндіріс ауылының тұрғыны.
Уәлиханов ауданы.