«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӨЗ ҚАДІРІН ТҮСІНУ – АСЫЛ ҚАСИЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамдағы кез келген құбылыс немесе оқиғаға қатысты әр азаматтың жеке пікірі болады. Ол үшін пікірталас мәдениетін меңгеру аса маңызды. Бүгінгі таңда пікірталас өскелең ұрпақты көшбасшылыққа баулудың бір құралы ретінде қарастырылуда. “Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі – қолбасшылық, екіншісі – шешендік”, – деп ұлы шешен-ділмар Марк Туллий Цицерон айтқандай, жеке пікірді жеткізе білудің өзі – үлкен өнер. Өйткені, қиыннан қиыстыра сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, көркемсөзді келістіре айту – кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет.

Түрлі жайттарға қатысты көз­қа­ра­сымды білдіріп, ойымды ашық жеткізуге деген құлшыныс 10-сыныпта оқып жүргенде пайда болды. Одан кейін Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық уни­вер­ситетінің қабырғасында ше­берлігімді шыңдап, одан әрі да­мыта түсуге мүмкіндік алдым. Уни­верситет қабырғасында оқып жүр­генде республикалық деңгейдегі пікірсайыс ойындарына қатыса бас­тадым. Шығыс Қазақстан об­лы­сы әкімінің кубогында, “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің аясында және “Nur Otan” партия­сының ауыспалы республикалық пікірсайыс турнирлерінде көрсет­кен өнерім жоғары бағаланып, жеңімпаз атандым.
Қазіргі таңда өңіріміздегі пікір­сайыс өнері жақсы дамуда деп айта алмаймыз. Облыстағы пікір­сайыс қозғалысын дамытып, өс­ке­лең ұрпақты осы салаға баулу мақсатында екі жыл бұрын “Ұлт­тық мұра” пікірсайыс орталығын құрған едік. Содан бері облыс кө­лемінде сөз қадірін түсінетін жас­тарға арнап түрлі тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізіп жүр­міз.
Сондай-ақ, 2016 жылы өзім қыз­мет ететін Назарбаев зияткерлік мек­тебінде “Император” пікір­сайыс клубы өз жұмысын баста­ды. Бүгінде 7-12-сыныптардың отыз­ға тарта оқушысы клубтың құ­ра­мында түрлі сайыстарда өнер көрсетіп жүр. Атап айтар бол­сақ, Қос­та­най қаласында өткен пікір­сайыс­шылар турнирінде жас­тар “Үздік спикер” аталымын және екін­ші орынды жеңіп алға­нын мақ­танышпен айта аламыз. Оқушы­лар арасында өткен “Asta­na Open” халықаралық пікір­сайыс ойын­дарында үшінші орын­ды ие­ленсек, Шәкәрім атын­дағы Семей мемлекеттік университетінің “Конгресс” дебат клубы ұйым­дас­тыр­ған “Алаш арыста­ры” рес­пуб­ликалық турнирінде шәкіртте­рім бірінші орыннан көрінді. Об­лыс, қала көлеміндегі жетістікте­ріміз де аз емес. Жо­ғары оқу орны мен колледждерде, өзге де мектептерде осындай клубтарды ашу бойынша жұмысты қолға алдық. Сол арқылы сөз қадірін тү­сінетін жастардың қа­расын арт­тырмақпыз. Нәтиже­сінде жыл сайын облыстық деңгейдегі тур­нирлерге қатысуға ниет таныту­шы жастардың саны көбейгенін байқауға болады.
Пікірсайыс алаңдарында, негі­зі­нен, әлеуметтік, экономикалық, саяси тақырыптар қозғалады. Яғни, саяси аренадағы мемле­кеттердің құлдырауы немесе Си­рия босқындары сияқты халық­ара­лық деңгейдегі оқиғалар да әңгі­ме өзегіне айналады. Сондай-ақ, қоғамның талқысында жүрген әлеуметтік тақырыптар да өске­лең ұрпақтың назарынан тыс қал­ған жоқ. Біз мемлекет тарапынан ұсынылатын кез келген заң жоба­сына қатысты ойымызды білді­ріп, пікірсайыс алаңында мүмкін­дігінше талқылаймыз. Өйткені, көп­шілікті толғандырып отырған мәсе­ленің байыбына бару кез келген пікірсайыс алаңының мақсаты болып табылады.
Пікірсайыс зияткерлік ойын бол­ғандықтан, ол жерде тұшымды ой айтылуы қажет. Логикалық тізбек, аргументтің қорғалуы, дә­лел­денуі деген факторлар ма­ңыз­ды. Жалпы шешендік өнерді біз ата-бабамыздан жеткен мұра ретінде қабылдаймыз. Алайда, пі­кір­сайысқа түсетін адам оның ере­желерін, пікірсайысшыға қо­йы­ла­тын негізгі талаптарды мең­гер­гені жөн. Халықаралық дең­гей­де пікірсайыс ойындарын өткі­зу­дің бірнеше форматы бар. Біз де бүгінгі таңда осы фор­маттарды меңгеріп, соған сәйкес ойын өрнегін көрсетудеміз. Британ парламенттік форматында төрт ко­манда өнер көрсетсе, Амери­калық парламенттік форматтағы сайыста екі команда өзара пікір алмасады. Ал Линкольн Дуглас форматы үздік пікірсайысшыны анықтау мақсатында ұйымдас­ты­рылады. Яғни, бұл әр адам же­келей сынға түсетін пікірсайыс түрі болып табылады.
Жуырда Павлодар қаласында жастардың өзін-өзі басқару жүйе­сін дамыту жобасының аясында “STUDCAMP” жазғы лагерінде республикалық пікірсайыс турни­рі ұйымдастырылған болатын. Облыстық “Ұлттық мұра” пікір­сайыс орталығының орыс лигасының үйлестірушісі, әріптесім, екі тілде де өнер көр­сететін Рүстем Арманов екеуміз осы сайыста бас жүлдені иемден­дік. Біз жастар саяса­тындағы түйткілді мәселелерді талқылап, оң шешімдерді ұсыну­ға тырыстық. Сонымен қатар пі­кір­сайысшылар жоғары оқу орын­дары, колледж, мектеп қабыр­ғ­а­ларында өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жетіл­діруге қатысты идеяларын ортаға салды.

Бақытжан ТҰРСЫНОВ,
облыстық “Ұлттық мұра” пікірсайыс орталығының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp