Домбыраның үніне селт етпейтін қазақ жоқ-ау, сірә. Оның қоңыр сазы сан құбылып, қос шекті аспап бірде қатты, бірде баяу шертілді. Құрманғазының “Адай” күйін тыңдарманның жүрегіне жеткізе алған Әлішер Жігеров сынды жас күйшінің өнеріне қалайша риза болмайсың?!
Атадан балаға мирас болған асыл өнерді ардақтап, күй құдіретін ұғынған Әлішердің домбырада ойнау шеберлігі таңдай қақтырды. Айыртаудың атырабында Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай ақынның ізін жалғаған дарындар аз емес. Солардың қатарынан көрінуге талпынған Әлішерден үлкен үміт күтуге болады. Баланың бойынан өнерді, қарым-қабілетті байқаған атасы немересін өнерге баулыды. Алысқа шабатын тұлпарға бап керек емес пе? Жігер марқұм Әлішерді Саумалкөлдегі музыка мектебіне өзі жетектеп апарып, батасын берді.
– Әу демейтін қазақ жоқ. Атам, әке-шешем өнерге жақын. Нағашыларым да домбыраның құлағында ойнайды. Менің де таңдауым өнер болды. Кішкентай кезімде домбыраны қолыма ұстатқан атамның өсиетін естен шығарған емеспін, – деген Әлішердің өнерге деген сүйіспеншілігі ерекше екенін аңғардық. Өнер дейтін өмір өрнегінің қыр-сырын ұғындырып, оның шығармашылығын шыңдауға үлес қосқан Анар Есмағамқызы мен Нұрғиса Құрметбек сияқты ұстаздардың еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Киелі аспапқа деген құлшынысын оятқан тәлімгерлеріне жас дарынның айтар алғысы шексіз.
Бүгінде ол үміт артқан ұстаздарының сенімін ақтап, талай бәсекелерде жүлделі орындарға ие болуда. “Болар бала бесігінде бұлқынады” демекші, мектепте оқып жүргенде-ақ, байқауларға қатысып, топ жарды.
Үнемі шығармашылығын шыңдап, тың ізденіс үстінде жүретін Әлішер білімін жетілдіріп, өнердің биігін бағындыру үшін алға ұмтылды. Бүгінде ол Қызылжардағы өнер колледжінде білім алуда.
– Кез келген байқау, әсіресе, республикалық, халықаралық өнер додалары қызу дайындықты қажет етеді. Өткен жылы жас орындаушылардың VI республикалық байқауына қатысып, өңір атын асқақтатуға барынша күш салдым, – дейді Әлішер.
Құрманғазыдай атақты күйші болуды армандайтын жас дарын еліміздің даңқын әлемдік сахналарда асқақтатуды алдына мақсат еткенін айтты. “Батыр болар баланың бетінен қақпа, белін бу!” демекші, осындай дарынды жастарға қолдау білдірсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.