Сынаққа толы өмірде сағы сынған жандар аз емес қой. Бірақ қиындықтарға мойынсұнбаған жігерлі адамдарды көргенде, өзгелер олардың тағдырынан тағылым алса екен дейсің. Қаншама тәлкекке түссе де қажымаған, қайраты мұқалмаған Қасым Түсіпбаевтың (аты-жөні өзгертілді) оқырмандарымызға айтары бар.
Қасым ТҮСІПБАЕВ, 59 жаста:
– Мен Уәлиханов ауданындағы Чапаев кеңшарында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келдім. Әкем – Хамзе, анам – Гүлшаһар еңбектің ауыр қамытын арқалаған адамдар. Төрт баланы өсіріп, қатарға қосу үшін олар күн-түн демей жұмыс істеді. Мен дүниеге келген жылы қыс қатты болған екен. Қыстың қаһарлы бір күнінде әкем малдан көз жазып қалады. Жанұшырған әкемді көрген анам да үйде алаңсыз отыра алмайды. Анам емізулі баланы ұйықтатып, әкеммен жоқ іздеуге аттанады. Отағасы Жуантөбеге қарай жол тартса, анам Қаржаубай қыстағына кетеді. “Балам ұйқыдан тұрғанша, ораламын” деген шығар. Бірақ атқа қонған анам ұйтқи соққан боранда адасып қалады. Байтал түгіл, бас қайғы болып, дүлей боранмен айқасып, қас қарайған мезгілде үйге әрең оралған. Абырой болғанда мал да табылды. Бірақ әкемнің қуанышы үйге келгенде су сепкендей басылған. Өйткені, шаңырақтың қақ ортасында сәбиін құшақтаған келіншегінің зарлы үні құлақ тұндырардай еді. Өксік аралас өкініш жоқтауға ұласып, бір сәтте үйдің ішін азалы үн басады. Жұпыны тірлік, жүдеу тұрмыс кешсе де, ата-анамның бар байлығы бала болатын.
Жылай-жылай өзегі талып, әбден қалжыраған баланы қолына алған әкем оның жүрегі әлсіз соғып жатқанын аңғарады. Еш қимылсыз жатқан сәбиді өлдіге санаған анамның мұңды жүзін қуаныштың жасы жуып кетті. “Көрер жарығы бар екен”, – деп жанталасып баланы киізге орап жатқанында сырттан гүрілдеген жүк көлігінің дыбысы келіп жетті. “Апырай, кешқұрым кім болды екен?” – деп әкем тысқа шықса, жақын ағайынның баласы қал сұрай келген екен. Мезгілсіз қонақты жанұшыра қарсы алған ата-анам сұлық жатқан баланы дереу ауруханаға жеткізуін өтінеді. Сол бала мен едім. Кейін бұл әңгімені үйдегі үлкендер айтып берді. Алдымен Бестөбеде, содан соң Көкшетау қаласындағы ауруханаларда ем қабылдадым. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін аурудан айықпадым.
Анамның айтуынша, Көкшетау қаласында жылға жуық ем қабылдаған екенмін. Дәрігерлер қанша тырысса да бір қолым сал болып қалды. Үйде жалғыз қалып, жылай-жылай көзім былаудай болып ісіпті. Әбден қалжырағаным соншалық, еңбектеп барып, есік алдында ұйықтап қалыппын. Қанша уақыт жатқаным белгісіз, әйтеуір қимылсыз қалған мені анам құшағына басқан. Алайда, оның ыстық құшағы мұздаған денемді жылыта алмаған сыңайлы. Әбден суық өтіп кеткен екен. Дер кезінде ауруханаға жеткізіп, жанымды аман алып қалған ата-анама қарыздармын. Бірақ олар өмірден өткенше менің шарасыз күйіме өздерін кінәлаумен болды. Ал менің оларға ешқандай ренішім жоқ. Қайта жарық дүниенің жақсылығын көріп, алға ұмтылыс жасауыма себепкер болған ата-анама мың алғыс. Анамның құшағында еркелеп, әкенің мейірімін көріп өстім. Сондықтан тағдырыма ризамын. Ал бұл өмірде тағдыры тартысқа толы менен де жағдайы мүшкіл қаншама адам бар емес пе?
Өмір сын мен сынақтан тұрса да, Алланың мейірімі мен шапағаты шексіз ғой. Тағдыр мені қанша сынаса да, өткен өмірге өкпем жоқ. Тоғыз ай, тоғыз күн толғатқан анамның құрсағынан шыр етіп дүниеге келгенімде көретін қызықтан, шегетін азап басым болатыны маңдайыма жазылған екен, оған көнбеске амал бар ма? Тағдырдың ауыр сынағы дәрменсіз етсе де, есейгенше жазылып кетермін деген періште үмітпен өмір сүрдім.
Мен үйдің кенжесімін. Қос бауырым ерте қайтыс болса, жалғыз ағам Амангелді қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Бірақ көзден ғайып болса да, бауырларымның соңынан ерген ұл-қызымен жиі хат-хабар алмасамын. Мүмкіндік болса, көрісуге тырысамын. Жалғыз ағам да күн сайын телефон шалып, қал-жағдайымды біліп тұрады.
Қазір мен Тайынша қаласындағы “Надежда” әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрамын. Тағдырдың жазуымен, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтан пана тапқаныма шүкіршілік етемін. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарға жақсы күтім көрсетіледі. Кіндіктен тараған балам болғанда, бәлкім, бұл орталықтың барын да білмес едім. Амал нешік? Бауырларым ержетіп, қалаға оқуға аттанғанда, мен ата-анамның жанынан ұзай алмадым. Өзіме деген сенімсіздік пе, әлде мүгедектігімнен қысылдым ба, әйтеуір өзім де кетуге құлшынбадым, жақындарым да ауылдан ұзап шыққанымды қаламады. Әсіресе, ата-анам менің сал болып қалғанымды көп уайымдайтын. Келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанғанша олар барынша қамқор болды.
Өмір ақ пен қара жолақтан тұрады дегендей, тағдырдың күнгейі мен көлеңкесі қатар жүреді. Өмір тек қиындықтан тұрмайтынына асыл жарымды кездестіргенде анық көз жеткіздім. Екі жарты, бір бүтін болып, Жанат екеуміз қол ұстасқан кезде отбасылық бақыттың не екенін ұғындым.
Оның да денсаулығында кінәрат бар еді. Бала көтере алмады. Перзент сүю бақытын сыйлай алмаған Жанатымды ешқашан тұқыртып, сөккен емеспін. Өйткені, біздің тағдырымыз ұқсас ғана емес, мұңымыз да бір болатын. Екеуміз біреуден көмек сұрап, алақан жаймадық. Өз күнімізді өзіміз көріп, бақытты ғұмыр кештік. Сағынышқа айналған жұбайлық өмір менің ең бақытты сәтім болды. Алла бұл бақытты да маған көп көрген екен. Тыныштық оты маздаған отбасымды қайғының қара бұлты торлап, аяулы жарымнан бір сәтте-ақ көз жазып қалдым. Ажал құштырған ауруға не шара? Кейін қаңыраған төрт қабырға маған қызық та, жылу да сыйлай алмады. Жиырма жылдың қалай жылыстап өтіп кеткенін өзім де аңғармай қалдым. “Орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін”, – деп халқымыз бекер айтпаған. Өлімнің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды. Бірақ әйелсіз үйдің берекесі де болмайды екен. Үй мен түздің шаруасы ер адамды қажытады.
Күйбің тірліктің қамы үшін аяқ киім тігіп, ескілерін жамап-жасқағаным үшін ауылдастарым “қолыңның ақтығы” деп менен ас-суларын аяған жоқ. Әйтеуір қол қусырып отырмадым. Бірақ жас ұлғайған сайын, жабысқан аурудың қаупі арта түседі екен. Жағдайым нашарлаған соң, жалғыз бауырымнан көмек сұрадым. Ол мені талай адамға пана болған қарттар үйіне әкеліп, әлеуметтік қызметкерлердің қамқорлығына тапсырды. Біреуді жазғырудан аулақпын әрі ағама ешқашан ренжіген емеспін. Бауырыма масыл болып, отбасының шырқын бұзғым келмеді. Алыстан сыйласып, ара-тұра ғана кездесеміз.
Бұл орталықта жағдайы мүшкіл, тағдыры ауыр қаншама адам бар. Өз перзенті өзекке тепкен панасыз жандарға жаным ашиды. Оларға қарағанда кейде өзімді бақытты санаймын.
Дайындаған Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.