Ерте, ерте, ертеде бір кәрі қораз шаңқай түсте шалқалап тұрып шақырыпты. Біраз уақыт өткеннен кейін қасында қасынып тұрған бала қораз көні кепкен ішкіштің жөтелгеніндей түптен тартып кеңірдектеп шақырыпты. Қалта сағатына қарап тұрған түлкі: “Кәрісі тұп-тура 1-де, жасы 1-ден он бес минут өткенде шақырды. Барып біреуін жеп келейін”, – деп жүгіріп келеді.
– “Мезгілсіз шақырған тауықты жұлмақ керек”, – деген қазақтың мақалы бар. Мен сендерден сорпа жасаймын! – деп ұмтылады.
Сонда кәрі қораз тұрып:
– Тақсыр, сағатыңызға қараңыз, мен сағат бір, түс болды деп шақырдым,– дейді.
– Ендеше мына бала сенен көп кеш шақырды. Сендердің сағаттарың бірдей емес пе, немене? Сондықтан мынадан сорпа жасаймын, – деп, тап береді.
Бала қораз да сорпа болғысы келмейді:
– Түке, кеш шақырғаным рас, бірақ мен 1-ден он бес минут кетті деп шақырдым. Сенбесеңіз, алтын сағатыңызға қараңыз.
Түлкі ышқыр қалтасынан алтын сағатын жұлып алып қараса, ақиқат: 1-ден он бес минут ауып барады екен.
– Шындыққа куә жүрмейді, сөзің рас екен, бәтшағар, – деп, түлкі иіп тұрған езуін жалап-жалап алып жөніне кетіпті.
Түлкі екеш түлкі де сөзге тоқтап, шындықты жақтаған деседі.
Оспанхан ӘУБӘКІРОВ,
Сурет http://bilim-all.kz сайтынан алынды.