«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ БАРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға барып, шалғай жатқан елді мекендердің тұрғындарымен кездесті. Үш мыңнан астам тұрғыны бар жеті елді мекеннің басын біріктіріп отырған Чистопол ауылдық округiнде өткен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттары мен облыстағы криминогендік жағдай әңгіме өзегіне айналды. Облыстық полиция ведомствосының бастығы аудандағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тек полиция бөлімі ғана емес, тұрғындар да атсалысып, үлестерін қосуы қажет екенін атап өтті.

Учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Владимир Синицынның айтуына қарағанда, жыл басынан бері округте 21 қылмыс пен 318 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу үшін учаскелік полиция инспекторлары кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде ауылдық округте 92 бейне-бақылау камерасы орнатылды.
Марат Төлебаев қару иелеріне бақылауды күшейтуді, сондай-ақ, бұрын жасалған қылмыстарды ашу мен мал ұрлығының алдын алуды тапсырды. Бұл бағытта жергілікті атқарушы билікпен бірлесе біраз жұмыс атқарылуда. Әсіресе, жергілікті атқарушы билік полиция бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға атсалысып келеді. Мәселен, есепті кездесу барысында аудан әкімі Ағзам Тастеміров полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айдос Ідірісовке 20 рация мен 5 электронды планшет табыс еткен болатын.
Кездесу барысында азаматтардың жеке мәселелерін тыңдаған Марат Төлебаев барлық өтініштер бойынша түсініктеме беріп, олардың әрқайсысын егжей-тегжейлі тексеруді тапсырды. Тұрғындардың бірі ауылдағы полиция бөлімшесінің жұмысына алғысын білдірді. Сондай-ақ, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев кәсіптік бағдар беру жайында әңгіме өрбітті. Ішкі істер органдарына үміткерлерді қабылдау және жастардың Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына білім алуы үшін қойылатын талаптар айтылды.
Дәл осы күні тәртіп сақшылары жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Шөптікөл арнайы мектеп-интернатына ат басын бұрды. Өңірдің бас полицейі балаларға жаңа оқу жылының сәтті өтуін тілеп, тәртіп сақшыларының атынан теннис үстелі мен басқа да спорттық құрал-жабдықтар тарту етті. Кездесу соңында департамент жанындағы мәдени орталықтың өнерпаздары концерт ұйымдастырып, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Облыс орталығынан келген қонақтарға риза болған балалар болашақта полиция қызметкері болатындарын айтып, қимай қоштасты.

Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp