Өңірімізде соңғы жылдары туған ауылына қамқорлық жасап, мәдени демалыс және ауыл шаруашылығы нысандарын ашып жатқан кәсіпкерлер саны артуда. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Абзал Кәкімов. Елордалық инвестор өзі туып-өскен Уәлиханов ауданына қарасты Қайрат ауылында 1400 бас ірі қараға шақталған кешен салып, елді мекен тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтыды.
Қайрат ауылында мал кешенін салу үшін елордалық кәсіпкер 70 млн. теңге инвестиция құйған. Енді асылтұқымды мал басы көбей-тілмек. Оған қажетті жемшөп пен техника дайын. Бұдан ауыл тұрғындарының да ұтары мол. Қазірдің өзінде қайраттық 13 азамат жұмыспен қамтылды.
“Мал кешенінің салынуы – мен үшін де, ауылдықтар үшін де зор қуаныш. Жерлестерім жаңа жұмыс орындары ашылғанына дән риза. Жаңа нысан жыл он екі ай жұмыс істейтінін бүгінде сеніммен айта аламын. Қайраттықтарға уақытында еңбекақыларын төлеп, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға мүмкіндік туып отыр. Жұмысшыларымызға отын тегін беріледі. Кейін мал басы көбейген кезде оларға етпен де көмек көрсетілмек”, – деді “KAZ G INVEST” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері басқармасының басшысы Абзал Кәкімов.
Серіктестік жуырда 100 бас герефорд және қазақтың ақ бас сиырын сатып алыпты. Бұл мақсатқа инвестор 60 млн. теңге жұмсаған. Оның айтуынша, алдағы үш жылда шыққан шығын толығымен өтеледі. Сондықтан кәсіпкер негізінен ет бағытын дамытуды жоспарлап отыр.
Жаңа кешеннің іске қосылуы елді мекеннің әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындар тұрмысының жақсара түсуіне де септігін тигізбек.
“Ауылымыз үшін осы бір игі шара үлкен жаңалық болды. Өйткені, жерлесіміз аса пайдалы істі қолға алып отыр. Болашақта біздің ауылымыздан ет және сүт өнімдері шығарылатыны біз үшін қуаныш. Бұл дегеніміз – ауылдың тамырына қан жүгіре бастады деген сөз. Алыстағы басқа да ағайындарға үлгі болады-ау деген үміттеміз”, – деді Қайрат ауылдық округінің әкімі Ержан Бітниев.
Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ.