«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКСПЕДИЦИЯДАН ОРАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жазда М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік универ­си­тетінің белсенді студенттері – Нұр­сейіт Әбдіразақов пен Роман Гиричев Аркти­кадағы Велькинский аралына экспеди­цияға барып, ол жерді қоқыс­тан тазар­ту­ға атсалысты. Сту­денттер жақында сапар­ға алып барған білім оша­ғының жалауы мен естелік суреттерін университеттің мұ­ражайына табыс­тады.

Ресей Федерациясының Салехард қаласындағы “Жасыл Арктика” эколо­гиялық ұйымының жергілікті универси­тетпен әріптестік қарым-қатынас орнат­қанына биыл үшінші жыл. Ынтымақ­тастық аясында ұйымдастырылған эко­логиялық экспедицияға солтүстік­қа­зақстандық студенттер белсенді қатысуда.
– Университетімізге Ямал-Ненец автономиялық округінің өкілдері келген болатын. Кездесу аясын­да экспедиция жайлы толық ақпарат беріп, еріктілерді Арктикаға шақырды. Біз көп ойланбастан келістік. Сөйтіп, онда “Серпін – 2050” бағдарламасы аясында оқитын Қасымхан Сапа мен Дүйсебек Сапарбай аттанған еді. Бұл жолы да шарадан тыс қалмауға тырыс­тық, – деді М.Қозыбаев атында­ғы СҚМУ-дің математика және жара­ты­лыс­тану ғылымдары факультетінің де­каны Сергей Пашков.
География мамандығы бойынша бі­лім алып жүрген Нұрсейіт Әбдіраза­қов пен Роман Гиричев Ресейден, Мол­до­вадан және Израильден жиналған өздері се­кілді жастармен бірге бір айдың ішінде 100 ки­лограмнан астам күл-қоқыс жи­нады. Осы­лайша, жерлестеріміз қор­шаған ор­таны тазартуға өзіндік үлес­терін қосқан. “Кар теңізінде орна­лас­қан арал Ямал-Ненец автономиялық округінің солтүс­тігі бо­лып есептеледі. Кезінде әскери база мен метеоро­логиялық станса орналасқан аралға мыңдаған тонна те­мір қал­дықтары тас­талып, қоршаған орта ай­тарлықтай зар­дап шеккен екен. Осы­дан бірнеше жыл бұрын орыс гео­графиялық қоғамы қолға алған жобаның арқасын­да эко­логияны қорғау ша­ралары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Күн­нің суықты­ғына, ылғалдылықтың жо­ғарылығына қа­рамастан, саяхаттан ке­ремет әсер алып қайттық”, – деді студенттер.

 

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp