Оқушылар сарайында Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен “Eńbegі janǵan arýlar” тақырыбында әйелдер форумы өтті. Бизнес саласында табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің басын қосқан айтулы шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрайымының орынбасары Елена Тарасенко, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы өңірлік филиалдарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Әйелдер мәртебесін арттыру, оларды нәтижелі жұмыспен қамту, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру арқылы масылдық мінез-құлықтан арылуға бағытталған шарада арамызда толағай табыстарға қол жеткізген нәзік жандар қатарының аз еместігіне көз жеткіздік. Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева атап өткендей, қазіргі таңда елімізде орта есеппен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 40,4 пайызы әйелдердің еншісінде. Ал барлық жұмыс орындарының 30 пайыздан астамын нәзік жандар қамтамасыз етіп отыр.
Шара барысында Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы мен оның өңірлік филиалының 25 жылдағы жұмысы жайлы бейнефильм көрсетілді. Бүгінде іскер басшы Бақытжан Сәмиева бастаған өңірлік қауымдастық өз қанатының ас¬тына 500-ден астам ең мықты, ең үздік қыз-келіншектерді тоғыстырып отыр. Жұдырықтай жұмылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан ұйым облыстағы түрлі қайырымдылық шараларына мұрындық болуда. Жуырда кәсіпкер әйелдер бірлесіп, тұрмысы төмен 5 отбасыға мүліктік және қаржылай көмек көрсеткен. Осындай игі шаралардың басы-қасында жүретін, қосымша жұмыс орындарының ашылуына түрткі болып, ел экономикасын дамытуға себепкер бір топ нәзік жан Солтүстік Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының дипломдарымен марапатталды. Табыс кілтін тапқандардың арасында Маржан Валеева да бар. Үш баланың анасы, бүгінде мал шаруашылығын өркендетіп, 50-ден астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жерлесіміз “Ең үздік кәсіпкер” атағына ие болды.