Қазақ ауылдарының кәзіргі бейнесі революцияға дейінгіден мүлде өзгеше. Әрине, бұдан ауыл мәдениеті өзінің даму, өрлеу, өркендеу жолында шығар шыңына жетіп болды деген ұғым тумасқа керек. Шынында, біздің ауыл өмірінде мәдени тұрмысында әлі де болса шешуді қажет ететін мәселелер көп. Бұл мақалада біз осы мәселелердің бірқатарына және сол мәселелерді шешуге интеллигенттер атқара аларлық міндетке тоқталмақпыз. Ең алдымен, қазақ ауылындағы әйелдердің рөліне тоқталайық.
Әрине, әйелдердің біздің қоғамда атқаратын рөлі зор да ұлы. Бұл күндері аса көрнекті мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтерілген әйелдер бізде жүздеп саналады. Бірақ ауыл өмірінде әлі де әйелге көзқараста тоғышарлық пікірлердің бар екендігін жасыруға болмайды. Мына бір мысалды алайық: осы уақытқа дейін ауылды жерде әйелдер ең алдымен үй қызметкері деген ұғым жойылмай келеді. Мұның өзі бір кезде біздің өмірімізде орын тепкен “әйелдердің орны – отбасы” деген ұғымның сарқыншағы болса керек. Ал осы үй ішіндік жұмыстарды орындау тек әйелдердің міндеті деп түсіну дұрыс па? Олай болса қазақ ауылдарында ер адамдардың үй ішіндік жұмыстан бойын аулақ салуы неліктен? Шынын айтқанда, бізде үй ішін жинау, сыпыру, су әкелу, шай қайнату сияқты жұмыстарды өз бойына ар көретін, ондай жұмыспен айналысқан ерлерді “әйелжанды” деп атап, келемежге айналдыратындар аз ба! Я болмаса ауылда болатын ойын-той, жиындарға көбіне ерлердің баратынын, ал әйелдер бара қалса оларға тек үйдің бір бұрышы тиетінін қалай түсіндіруге болады.
Екінші бір мысал: қазақ қыздарынан спортшылардың аз болуы неліктен? Мұның өзі де сол әйелдерге артта қалған көзқарастың салдары сияқты. Бізде әлі де болса әйел әдептілігі жайлы түсінік толық қалыптаспаған. Егер әйелдер үлкендер алдында сызылып тұрса, қатты дауыстамаса, кісі бетіне тура қарап, жіті қимылдамаса ондай әйелді “әдепті, көргені көп, инабатты екен” деп бағалаушылар аз емес. Сондықтан да, әсіресе, ауылды жерлерде спортпен шұғылданған қыз балаларды “шошақай екен, еркек балалармен бірге секеңдеп жүр” деп айып тағушылық басым. Біздің ойымызша, әдептілікті адамның сыртқы көрініс-қимылымен емес, оның рухани дүниесінің тазалығымен бағалау керек. Әрине, адам өзінің қимыл-әрекетімен де, ой дүниесімен де мәдениетті болуы керек. Бірақ бұл арада мәселенің өзегін бағалай білген жөн.
Атап айта кететін бір жағдай – қалың мал туралы. Кәзір бізде “қызымның бағасы пәлен мың сом” дейтін әдет жоқтың қасы. Бірақ осы қалың мал алушылық кәзір ауылды жерде басқа түр алған көрінеді. Мәселен, қыз әкесінің баласына жасау-жабдық үшін немесе тойын өткізу үшін ақша алуын жоқ дей алмаймыз. Бірақ осы жолмен қызы үшін ақша алушылық әдістерінің салтқа айналып кету хауіпі бар. Бір сөзбен айтқанда, қалың малдың жаңа “түрі” жұртшылық тарапынан қатты айыптау табуы керек. Біздің құрылысымызға жат бұл “әдісті” үзілді-кесілді тоқтату жолында аяусыз күрес жүргізетін уақыт жетті.
Бұл арада әйелдер туралы мәселенің ауыл мәдениетіне қандай қатысы бар? – деген сұрақ тууы мүмкін. Бұған жауап ретінде ауыл мәдениетін көтеру әйелдердің үй тұрмысында, ауыл өмірінде атқаратын рөліне де байланысты екендігін атап көрсетуіміз керек.
Біздің ойымызша, ауыл мәдениетінің өзекті мәселесінің бірі деп ең алдымен үйдің ішкі тұрмыстық жағдайын алуымыз орынды сияқты. Қазақ “үйі көріктінің күйі көрікті” деп тегін айтпаған. Біздің ауылдарда сәулетті үйлер саны, әсіресе, соңғы жылдары еселеп көбейіп келеді. Бірақ осы үйлердің басым көпшілігі әлі де болса “әттең” дегізерліктей халде. Әңгімені үй жинаудың, үй жиһазынан бастайық: ауылдың көп үйлерінде осы уақытқа дейін жүкті жерден бастап жинап, төбеге тіреу орын алып жүр. Кей реттерде көрпенің көптігін көрсету үшін оның үстін жабусыз қою да бар. Ал жамылатын көрпе үшін жапқыштар алу әлі күнге кең орын ала алмай келеді. Расында жібек көрпелі үйді көптеп кездестіресің де, соны астарлаған семьяны сирек табамыз. Ал осы бір кішкентай дүниенің өзі үй тазалығы үшін де, денсаулық үшін де тамаша пайдалы емес пе! Өйткені, қазақ – қонақжай халық. Көп реттерде бірнеше қонақтың бір көрпені жамылуы да осыдан. Ал шынына келгенде көрпені жуудан гөрі жапқышты жуу әлде қайда жеңіл емес пе!
Соңғы кезде қазақ үйлерінде электрлі пеш сияқты арнаулы ас пісіретін орындар кең орын теуіп келеді. Мұның өзі қазақтың ас дайындауына прогрестік ықпал етіп отыр. Нақ осы жағдайды ас ішу тәртібіне де енгізген орынды болар еді. Бұл арада биік столға көшудің аса зор маңызы бар. Бұл жағдай ең алдымен үй іші көрінісіне көрік берсе, екіншіден, үй ішіндік тұрмысқа тамаша өзгеріс енгізер еді. Өйткені, биік үстелге көшу жиһаздардың, әсіресе, төрге төселетін алашакілем, көрпелердің, қонақтың басына салынатын жастықтың таза болуына мүмкіндік береді.
Бұл арада ата-бабамыздан бері келе жатқан салт-сананы бірден өзгерту мүмкін емес дейтіндер де болар. Бұл дұрыс та, ғасырлар бойы орын тепкен салт-сана, дәстүрді бұйрықпен болмаса жарлықпен, әкімшілік шаралармен бірден түзеуге болмайды. Бұл аса тиянақты да әсерлі, әсіресе, байыпты жүргізілген идеологиялық-тәрбие жұмыстарының жемісі болуға тиіс. Ал бұл жұмыстарды жүргізуші ең алдымен ауыл интеллигенттері болуы керек. Сөзіміздің ауыл интеллигенттеріне арналуы да осыдан.
Күні осы уақытқа дейін ауыл мәдениеті мәселесінде қарттар мен жастардың арасында орын алып отырған қайшылыққа көңіл аударып отырған ешкім жоқ деп айтуға болады. Бұл қайшылықты бір сөзбен ата-ана мен баланың арасындағы қайшылық деп те айтуға болады. Оның негізі үй ішіндегі мәдениеттен басталып, тұрмыстың барлық тауарларын қамтиды. Үй ішінде биік үстелге көшу туралы әңгіме қозғалса қарттардың өз балалары мен келініне “қартайғанда қақайып үстелде отыра алмаймыз” деп ұрсатыны да аз емес. Болмаса көптеген үйлерде қыс күндері төлдер адамдар тұратын үйде ұсталады. Бұл жағдайға да қарттар тарапынан тиер әсер аз болмаса керек. Мұндай қайшылықтар үй-ішін жинау, қыз балалардың спортпен, көркемөнермен айналысуы, келін мен баланың ойын-сауыққа, шақырған жерге бірге баруы, жас келіншектердің қоғамдық жұмысқа араласуы, жігіттердің үй шаруасына көмектесуі сияқты сан алуан мәселелерде де орын алып отыр. Бұл жағдай біздер үшін әншейін бір ұсақ мәселе сияқты көрінеді де, оған ешкім оншалықты маңыз бермейді. Соның салдарынан көп реттерде осы қайшылық қарттар пайдасына шешіліп, жастар талабы талғамсыздыққа ұшырайды.
Міне, осы қайшылықты шешуде басты рөлді ауыл интеллигенттері атқаруға тиіс. Ал оны қалай жүзеге асыруға болады? Бұл арада үгіт-тәрбие жұмыстары ең басты шара ретінде алынуға тиіс. Соңғы кезде облысымызда үйішіндік тұрмысқа арналған көрнекі конференциялар өткізіле бастады. Ол үшін мәдениетті тұрмысы бар бір үй мысал ретінде алынады да, сол үйге жұртшылық жиналып, әлгі үйдің мысалын негізге ала, тұрмыс мәселесін талқылайды. Бұл ретте үй ішін жинаудың, тамақ ішудің, отбасы арасындағы қатынастың жаңашыл да пайдалы түрлері сарапқа салынып, кеңінен сөз болады. “Ендігі жерде ауыл интеллигенттері нақ осы әдісті барлық елді пункттерде ұйымдастырып, тұрмыс мәселесін кеңінен талқылауға бүкіл жұртшылықты ынталандыруы керек. Бұл жағдай, сөз жоқ, үй ішіндік мәдениетке келелі өзгеріс енгізіп, қарттар мен жастар арасындағы қайшылықтың игілікке шешілуіне аса зор ықпал жасар еді.
Соғыстан бұрынғы жылдары Октябрь ауданындағы қазақ ауылдарының арасында мәдениетті тұрмыс жолындағы жарыстың ұйымдастырылғаны көп адамдардың есінде болар. Онда жарысқа түскен екі ауылдың өкілдері ай сайын ауыл үйлерінің мәдениетті тазалығын тексеріп отыратын. Бұл жағдайдың зор ықпалы болғаны сөзсіз. Ендігі жерде осы пайдалы әдісті жандандырған да орынды сияқты. Сонымен қатар әр үйде тазалыққа баға қойылатын дәптер жасалып, оған әр ауылда құрылған тазалық комиссиясы апта сайын өз қорытындыларын жазып отыруды ұйымдастырған да орынды болар еді.
Ауыл мектебі туралы. Көптеген ауыл мектептерінде жас ұрпақтарға эстетикалық тәрбие беру мәселесі әлі еркін өріс ала алмай отыр. Сонымен қатар, әсіресе, жетіжылдық және орта мектеп оқушылары үшін ендігі жерде үй ішіндік мәдениетке баулитын түрлі үйірмелер ашу кезеңі жетті. Өте ұсақ болып көрінетін мына мәселені алайық: қазақ арасынан шыққан шебер аспазды өте аз кездестіруге болады. Ал қазақ мектептерінің көпшілігінде интернат немесе қоғамдық жатақханалар бар. Соның негізінде, әсіресе, әйел балаларға дәмді тағамдар жасау жолын үйретуге әбден болады. Сондай-ақ, балаларға киім киюдің, үйде өзін-өзі ұстаудың, үлкендермен сыйласудың тәртібін үйретуді жүзеге асыруға әбден болады.
Бұл мақалада біз ауыл мәдениетінің кейбір мәселелерін ғана сөз еттік. Ендігі жерде газет оқырмандары бұл мәселені шешу жолдары туралы өз пікірлерін газет арқылы ортаға салар деп сенеміз.
Тұрсынбай КӘКІМОВ.
1958 жыл 13 қыркүйек.
(Қысқартылды).
СУРЕТТЕ: елуінші жылдардағы ауыл көрінісі.
Автор жайлы дерек
Журналист Тұрсынбай Кәкімовтің “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінде қызмет атқарған жылдарында ауылдағы ағайынның ілгері басуына, “ескіліктен” арылуына үндейтін мақалалары үзбей жарияланды. Оның В.Лениннің 100 жылдығына орай “Ленин бұл ауылда болмаса да” атты мақаласы республикалық конкурста бірінші орынды иеленген. Тұрсынбай Кәкімов бұл еңбегінде Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының өсіп-өркендеуін, сол кездегі өзге елді мекендерге үлгі боларлық тыныс-тіршілігін сөз еткен. Журналистің саяси, тарихи, танымдық мақалалары да оқырмандардың жүрегіне жол тауып, газет беделін арттыра түсті. Ол “Ленин туымен” қатар Алматы облысындағы “Жетісу” газетінде, облыстық радиода қызмет атқарды.