Қоғамдағы кез келген құбылыс немесе оқиғаға қатысты әр азаматтың жеке пікірі болады. Ол үшін пікірталас мәдениетін меңгеру аса маңызды. Бүгінгі таңда пікірталас өскелең ұрпақты көшбасшылыққа баулудың бір құралы ретінде қарастырылуда. “Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі – қолбасшылық, екіншісі – шешендік”, – деп ұлы шешен-ділмар Марк Туллий Цицерон айтқандай, жеке пікірді жеткізе білудің өзі – үлкен өнер. Өйткені, қиыннан қиыстыра сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, көркемсөзді келістіре айту – кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет.
Түрлі жайттарға қатысты көзқарасымды білдіріп, ойымды ашық жеткізуге деген құлшыныс 10-сыныпта оқып жүргенде пайда болды. Одан кейін Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қабырғасында шеберлігімді шыңдап, одан әрі дамыта түсуге мүмкіндік алдым. Университет қабырғасында оқып жүргенде республикалық деңгейдегі пікірсайыс ойындарына қатыса бастадым. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кубогында, “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің аясында және “Nur Otan” партиясының ауыспалы республикалық пікірсайыс турнирлерінде көрсеткен өнерім жоғары бағаланып, жеңімпаз атандым.
Қазіргі таңда өңіріміздегі пікірсайыс өнері жақсы дамуда деп айта алмаймыз. Облыстағы пікірсайыс қозғалысын дамытып, өскелең ұрпақты осы салаға баулу мақсатында екі жыл бұрын “Ұлттық мұра” пікірсайыс орталығын құрған едік. Содан бері облыс көлемінде сөз қадірін түсінетін жастарға арнап түрлі тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізіп жүрміз.
Сондай-ақ, 2016 жылы өзім қызмет ететін Назарбаев зияткерлік мектебінде “Император” пікірсайыс клубы өз жұмысын бастады. Бүгінде 7-12-сыныптардың отызға тарта оқушысы клубтың құрамында түрлі сайыстарда өнер көрсетіп жүр. Атап айтар болсақ, Қостанай қаласында өткен пікірсайысшылар турнирінде жастар “Үздік спикер” аталымын және екінші орынды жеңіп алғанын мақтанышпен айта аламыз. Оқушылар арасында өткен “Astana Open” халықаралық пікірсайыс ойындарында үшінші орынды иеленсек, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің “Конгресс” дебат клубы ұйымдастырған “Алаш арыстары” республикалық турнирінде шәкірттерім бірінші орыннан көрінді. Облыс, қала көлеміндегі жетістіктеріміз де аз емес. Жоғары оқу орны мен колледждерде, өзге де мектептерде осындай клубтарды ашу бойынша жұмысты қолға алдық. Сол арқылы сөз қадірін түсінетін жастардың қарасын арттырмақпыз. Нәтижесінде жыл сайын облыстық деңгейдегі турнирлерге қатысуға ниет танытушы жастардың саны көбейгенін байқауға болады.
Пікірсайыс алаңдарында, негізінен, әлеуметтік, экономикалық, саяси тақырыптар қозғалады. Яғни, саяси аренадағы мемлекеттердің құлдырауы немесе Сирия босқындары сияқты халықаралық деңгейдегі оқиғалар да әңгіме өзегіне айналады. Сондай-ақ, қоғамның талқысында жүрген әлеуметтік тақырыптар да өскелең ұрпақтың назарынан тыс қалған жоқ. Біз мемлекет тарапынан ұсынылатын кез келген заң жобасына қатысты ойымызды білдіріп, пікірсайыс алаңында мүмкіндігінше талқылаймыз. Өйткені, көпшілікті толғандырып отырған мәселенің байыбына бару кез келген пікірсайыс алаңының мақсаты болып табылады.
Пікірсайыс зияткерлік ойын болғандықтан, ол жерде тұшымды ой айтылуы қажет. Логикалық тізбек, аргументтің қорғалуы, дәлелденуі деген факторлар маңызды. Жалпы шешендік өнерді біз ата-бабамыздан жеткен мұра ретінде қабылдаймыз. Алайда, пікірсайысқа түсетін адам оның ережелерін, пікірсайысшыға қойылатын негізгі талаптарды меңгергені жөн. Халықаралық деңгейде пікірсайыс ойындарын өткізудің бірнеше форматы бар. Біз де бүгінгі таңда осы форматтарды меңгеріп, соған сәйкес ойын өрнегін көрсетудеміз. Британ парламенттік форматында төрт команда өнер көрсетсе, Америкалық парламенттік форматтағы сайыста екі команда өзара пікір алмасады. Ал Линкольн Дуглас форматы үздік пікірсайысшыны анықтау мақсатында ұйымдастырылады. Яғни, бұл әр адам жекелей сынға түсетін пікірсайыс түрі болып табылады.
Жуырда Павлодар қаласында жастардың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту жобасының аясында “STUDCAMP” жазғы лагерінде республикалық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылған болатын. Облыстық “Ұлттық мұра” пікірсайыс орталығының орыс лигасының үйлестірушісі, әріптесім, екі тілде де өнер көрсететін Рүстем Арманов екеуміз осы сайыста бас жүлдені иемдендік. Біз жастар саясатындағы түйткілді мәселелерді талқылап, оң шешімдерді ұсынуға тырыстық. Сонымен қатар пікірсайысшылар жоғары оқу орындары, колледж, мектеп қабырғаларында өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жетілдіруге қатысты идеяларын ортаға салды.
Бақытжан ТҰРСЫНОВ,
облыстық “Ұлттық мұра” пікірсайыс орталығының төрағасы.