«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДОП ДОДАСЫНДА БҰРЫМДЫЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

“Миллиондар ойыны” атанған спорт түрімен тек ер адамдар ғана емес, қыздар да кәсіби түрде айналысады. Нәзік жандардың ала допты қуғанына да бір ғасырдан асыпты. 1895 жылы “Кроуч Энд” стадионында Солтүстік және Оңтүстік Лондонның қыздар командалары арасында алғаш рет кездесу ұйымдастырылған. Ал футболдан Қазақстанның қыздар құрамасы 1995 жылы құрылды. Отандық аяқдоп шеберлері алғашқы ойынын Гонконг командасына қарсы өткізіп, тең түскен. 1999 жылы қытай қыздарының қақпасына 7 доп соғып, ел тарихында ең ірі жеңіске қол жеткізеді. Өкінішке қарай, футболшыларымыз содан бері жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. 2011 жылы германиялықтар қақпамызға жауапсыз 17 доп соқты. Осылайша, тарих беттеріне ең ірі жеңіліс жазылды. 

Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде біздің өңірде де әйелдер футболын дамыту қолға алынды. Бұған дейін қызылжарлық жанкүйерлер ел біріншілігіндегі ерлер командасына ғана қолдау білдіріп келген еді. Ендігі кезекте нәзік жандардың ойындарын да тамашалау мүмкіндігі туды. Атап айтқанда, мамыр айында Петропавлда “Қызылжар” әйелдер футбол командасы құрылған болатын. Командаға жергілікті спорт мектептерінің үздік шәкірттері енді.

Жас команданың тізгіні солтүстікқазақстандық футбол мектебінің түлегі Евгений Аверченкоға тапсырылды. 36 жастағы маман спорттық мансабында “Ақтөбе”, “Жетісу”, “Тобыл”, “Ертіс”, “Тара” және “Қызылжар” клубтарында ойнаған. Премьер-лиганың 266 матчында 26 гол соққан. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін “Қызылжар” футбол орталығында жаттықтырушы, “Қызылжар” футбол клубы бас бапкерінің көмекшісі болған.

Команда бапкерінің айтуынша, алдымен қыздардың жасыл алаңдағы шеберліктерін шыңдап, дене шынықтыруға көп көңіл бөлінеді. Сондықтан бұрымдылар ауа райына қарамастан, “Қарасай” стадионында аптасына алты рет жаттығады. Күніне екі рет өтетін жаттығулардың әрқайсысы екі сағатқа созылады.

– Футболда техникадан гөрі, физикалық дайындыққа көп мән беріледі. Кездесулер барысында текетірестер көп болады. Тактика мәселесін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Бастапқыда қыздар 90 минуттық матчтың жартысы өтпей жатып, ентігіп, жүгіре алмай қалатын. Сондықтан тәрбиеленушілерімнің физикалық дайындығына басымдық беруіме тура келді, – дейді бас бапкер.

Әйелдер командасын жасақтау туралы шешім қабылданғаннан кейін жаттығу өткізіліп, болашақ ойыншылар қатаң тексерілген. Сөйтіп, іріктеуден сүрінбей өткен 22 бойжеткен команда сапына алынады. Олардың арасында Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларының өкілдері бар. Ал Айнұр Мусина, Ирина Кудяшова, Анастасия Горбачева, Кристина Лоскутова, Анастасия Конюшко, Виктория Зейнали, Александра Вивсяник, Надежда Исакова, Юлия Величко және Диана Николаева петропавлдың тумалары. Жерлестеріміз қазіргі уақытта футболдан әйелдер арасында өтіп жатқан ел біріншілігінде “СДЮСШОР №8″ (Нұр-Сұлтан қ.), “БИІК-Қазығұрт” (Шымкент қ.), “ОСДЮСШ №2″ (Ақтөбе), “Окжетпес” (Көкшетау) және “Намыс” (Шымкент қ.) клубтарымен сынға түсуде.

Әрине, жас команданың алғашқы ойындары сәтсіз болғаны рас. Тәжірибелі қарсыластарынан ойсырата жеңілген кездері де болды. Мәселен, алғашқы ойындарда Қазақстанның 16 дүркін чемпионы, ел кубогын 10 рет ұтқан “БИІК-Қазығұрт” командасымен болған кездесуді айтуға болады. Міне, осындай қарсыластан оңбай жеңілу кімге де болсын оңайға соқпасы анық. Кейін жерлестеріміз қарсыластардың қақпасына доп дарыта алатын деңгейге жетті. “ОСДЮСШ №2” командасымен ойын барысында 3, ал “СДЮСШОР №8” командасына 1 гол соқты. Яғни, қарсыластың қақпасынан саңылау таба білді. Ал соңғы ойындарда үш рет жеңіске жеткенін атап айтуға болады.

Он төрт ойынның қорытындысы бойынша жерлестеріміз турнир кестесінде бесінші орынға жайғасты. Әр кездесу футболшылардың біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік берді. Петропавлдықтардың қоржынында 9 ұпай болса, “БИІК-Қазығұрт” және “Оқжетпес” командалары 34 ұпаймен көш бастап тұр.

– Еліміздегі әйелдер футболына ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Тек командалардың аздығы, ішкі біріншіліктің әлсіздігі қыздар футболының дамуын тежеп тұр. Нәзік жандардың өзіндік ерекшеліктері бар. Ең бастысы – бұл жерде эмоция көп. Кейбір сәттерде ерлер секілді сабырлық таныта алмай жатады. Сол сияқты қыздар футболында жылдамдық бәсең, – дейді Евгений Аверченко.

Бір айлық демалыста жүрген бұрымдылар он күннен кейін Көкшетаудың “Оқжетпес” командасымен кездеседі. Содан кейін Шымкент қаласында бастау алатын ел кубогында өңір намысын қорғайтын болады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp