«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛДІКТЕРДІҢ ЕКПІНІ ЖАҚСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Соңғы апталарда өңірімізде толассыз жауған жаңбыр егін жинау жұмыстарына кедергі болуда. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, облыс диқандары алтын астықты шашау шығармай жинап алуға бар күштерін салуда. 

Егін басына орақ салған Есіл ауданының шаруалары да уақытпен санаспай еңбек етуде. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Нұрымовтың айтуынша, 192,5 мың гектар алқаптың 75,4 мыңы орылған. Майлы дақылдар 64 мың гектарды құраса, оның 13 пайызы жиналды. 

– Өңірде орақ науқаны ерте басталды. Алайда, жиі жауған жауын диқандарға қолбайлау болуда. Соған қарамастан диқандар өз өнімдерін дер кезінде жинап алуды көздеп отыр. Қазір “қыр кемелері” бидай алқаптарының 48 пайызын дестеге түсіріп үлгерді. Бүгінге дейін дәнді дақылдардың 39 пайызы қамбаға құйылды. Біздің алдымызда тұрған басты мақсат – астықты уақытында жинап алу. Жаз бойы жүргізілген дайындық жұмыстары алтын дәнді қысқа мерзімде әрі шығынсыз жинауға көмегін тигізеді деп ойлаймыз, – деді Асқар Ескендірұлы.
Күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары ойдағыдай жүргізілген. Аудан бойынша 80 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 175 шағын қожалық биылғы науқанға 420 комбайн жұмылдырған. Бөлім басшысының айтуынша, жаз айларында молынан түскен жауын-шашын мен күн райының ыстық болуы алқапқа сіңірілген дәннің бітік шығуына септігін тигізген. Дәнді дақылдардың гектар берекелігі 15,6 центнерден айналуда. Ал майлы дақылдар 8 центнерден өнім беруде.
Шетелдік техникалардың көмегімен Тораңғұл ауылдық округінің диқандары межені 50 пайызға орындады. Ал Волошин және Ильинка ауылдық округтерінің агроқұрылымдары маңызды науқанды 40 және 38 пайызға еңсерді. Ауа райы тосын мінез танытпаса, қыркүйек айының соңына дейін орақты аяқтауға ниетті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, облыс диқандары 2861,5 мың гектар дәнді дақылдың 783,2 мың гектарын бастырған. Бұл – егін алқаптарының 27,4 пайызы. Жалпы облыс бойынша 1140,0 мың тонна астық жиналып, орташа өнімділік гектарынан 14,6 центнерді құрауда.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет https://24.kz сайтынан алынды.
    

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp