«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІН ЖАТҚА АЙТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданындағы Петровка орта мектебінің түлегі Анастасия Матченя мемлекеттік тілде сөйлеуді өзіне мәртебе санайды. Ол бала кезінен қазақ және орыс тілдерін қатар меңгеріп, мектеп қабырғасында қос тілде шығармалар жазған. Абай мен Пушкиннің өлеңдерін жатқа оқудың да тілді жетік меңгеруіне көп көмегі тиген.

Ауыл мектебінде білім алған қар­шадай қыздың есімі соңғы кез­дері аудандық, облыстық және рес­публикалық деңгейдегі білім жа­рыс­тарында жиі айтылады. Бү­гінде Анастасия Матченя Көкше­тау қаласындағы колледжде білім алуда.
Қазіргі таңда ұстаздар мен көптеген ата-аналарды баланың тіл білуге деген ынтасын қалайша оятуға бо­ла­тыны жөніндегі мәселе жиі ма­залайтыны жасырын емес. Ал Анас­тасияның аз уақыттың ішінде тіл үйренуіне мына бір оқиға себеп болған екен. Бірінші сынып­та оқып жүрген кезінде аудандық ауруха­наның хирургия бөлімше­сіне түсе­ді. Палатада бірге жатқан қазақ әйелі кішкентай қыздан “Қа­зақ тілін үйренгің келе ме?” деп сұ­рап, оған әріптерді оқыта бастай­ды. Хи­рургия бөліміне түскендер­дің ұзақ уақыт емделетіні белгілі. Нас­тя бір­не­ше аптаның ішінде қа­зақ әріпте­рін түгелдей үйреніп, қыс­қа сөз­дер­ді оқи алатындай дәре­жеге же­те­ді. Аурухананың “іш пыстырар” кештері осылайша қызықты өтті. Сол күннен бері Настя тіл үйренуге ден қойып, қазақша газет-жур­нал­дарды оқи бастаған. Оның орыс ауылында тұратыны да бұл мақса­тына жетуге еш кедергі болмапты. Мектеп бағдарламасынан тыс қа­зақ тілінде жазылған шығарма­лар­ды да өздігінен оқып, тіл жаттық­тырған. Бастауыш сыныптарда қа­зақ халық ертегілері мен батырлар жырын оқуға талпынған. Кішкен­тай Настяны қазақ тілі мен әде­биеті пәндерінің мұғалімдері де қол­дап, оны мемлекеттік тілде өт­кі­зілетін түрлі шараларға қатыс­тыра бастаған.
Настя 3-ші сыныпқа көшкен кез­де Петровкаға көшіп барады. Мұн­да да ол өз ісіне адал ұстаздарға жо­лы­ғып, тіл білуге деген ұмтылы­сын арттыра түседі. Қазақ тілі мен әде­биеті пәндерінің мұғалімі Анар Сәрсембаева, Лиза Қабағарова мен Қалия Танашева талабы тау­дай қыздың тілді еркін меңгеруіне қолдарынан келгенше қолдау көр­сетеді. Петровка ауылдық мекте­бінде оқып жүрген кезінде Анас­тасия олимпиадаларға, форумдар мен фестивальдарға қатысады. Бірнеше рет Абай оқуларында бағын сынап, жүл­делі орындардан көрінеді. Жо­ғары сыныптарда оның тіл сайыс­тарында қол жеткіз­ген жетістіктері еселене түседі. Жерлесіміздің үш жыл қатарынан аудандық олим­пиада мен “Жарқын болашақ” аудандық фестивалінде бірінші орынды иеленгенін айтып өткен жөн. 2017 және 2018 жыл­да­ры Настя облыстық деңгейде өткен “Моя инициатива – моей Ро­дине” шығармашылық жобалар кон­курсында екінші орын алады. Бүгінде білімді қыз қазақ тілін білумен қатар латын әліпбиін үй­ре­нуге де ден қойып отыр. Оның бұл талпынысынан алғашқы нәти­же де жоқ емес. “Латынға көшу” жо­балар фестивалінде де Настя марапатқа ие болды. Бұдан бас­қа, жерлесіміз “Казахстан, дружест­венны­й к ребенку” фестиваль-фо­румына қатысып, қазақ және орыс тілінде баяндама жасады. Анастасияның айтуына қарағанда, мұндай жобалар талабыңды шың­дайды.
– Өзге ұлт өкілдері де мемле­кет­тік тілді білуге міндетті деп ой­лай­мын. Бұл адамдармен қарым-қатынас орнатуда үлкен мүмкіндік­тер туғызып, қазақ халқының мә­де­ниетін, әдебиеті мен тарихын те­реңірек білуге жол ашады. Бүгінде елімізде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Сон­дықтан оның болашағы зор деп ойлаймын, – деп ой бөлісті Настя.
Талапты жас 9-сыныпта оқып жүрген кезде болашағын қазақ тілімен байланыстыруды мақсат тұтады. Бүгінгі күні ол Көкшетау қаласындағы Жанайдар Мусин атында­ғы колледжде қазақ тілі мен әде­биеті пәндерінің мұғалімі маман­дығы бойынша білім алуда.
Болашақта Настя сияқты өрен­деріміздің қатары көбейе түссе, қазақ тілінің мәртебесі асқақтай берері сөзсіз.

Гүлбике КУБЕНОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp