Халықаралық қарттар күніне әзірлік қандай? Өңір ақсақалдары биылғы жылдың бірінші жарты жылында қандай жұмыс атқарды? Осы және тағы да басқа мәселелер облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген отырысында талқыланды.
Тұрақты комиссия өкілдері Есіл ауданына іссапармен барып, аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысымен танысты. «Жастар жылына» орай кеңес мүшелері ауданның соғыс және еңбек ардагерлерін, атақты спортшылар мен саясаткерлерін үлгі ете отыра, өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге баса назар аударған.
Сондай-ақ, жиында ардагерлер мен жастар ұйымдарының бірлесе атқаратын жұмыс жоспары туралы да сөз болды. Биылғы «Жастар жылына» орай облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың өкілдері өскелең ұрпақты қолдау мақсатында бірқатар жобаларды жүзеге асырыпты. Шара аясында 500-ге жуық өрен жұмыспен қамтылған.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулинаның айтуынша, биылғы жылдың 1 қаңтарында 363 адам бағдарлама арқылы елді мекендерге жұмыс істеуге кетті. Оларға шамамен 200 мың теңге көтерме ақы берілген. Ал 199 адам тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін несие алған.
Сондай-ақ, кеңеске қатысушылар өңірімізде Халықаралық қарттар күнін атап өту мәселелерін де талқылады. 1 қазаннан қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау айлығы басталады. Шара аясында мерекелік кездесулер, ардагерлердің үйлеріне барып, оларға материалдық көмек көрсету жоспарланған.