«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТЫҚТЫ ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сейсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысын облыс әкімі Құмар Ақсақалов күтіп алды. Сапар барысында Президент өңірдің экономикалық әлеуетімен танысу мақсатында бірқатар нысанды аралап, облыс орталығында ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде республикалық кеңес өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде өңірімізге жасаған алғашқы сапарын Аққайың ауданының Рублевка ауылындағы “Иван Зенченко” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен бастады. Қазақстан Президенті тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысып, астық жиналып жатқан алқапты аралап шыққаннан кейін механизаторлармен тілдесті. Кездесу барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысына өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы баяндады.
Серіктестік директоры Геннадий Зенченко өндірілетін өнімдер мен өткізу нарығы жайлы сөз қозғады. Бүгінгі таңда серіктестіктің өнімі Ресей нарығында да сұранысқа ие. Ол сондай-ақ, компанияның ауылдық округтегі әлеуметтік саланы дамытуға зор көңіл бөліп отырғанын айтып өтті. Ел Президенті кәсіпорынның жұмысын, экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесін жоғары бағалады.
Түстен кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы облыс орталығында ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде республикалық кеңес өткізді. Оқушылар сарайының ғимаратында өткен республикалық кеңесті ашқан Президент бұл жиынның Солтүстік Қазақстан облысында өтуінің өзіндік мәні бар екенін және еліміздің ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып отырған негізгі өңірлердің бірі екенін атап өтті.
– Қазақстан әлем елдері ішінде жер көлемі жағынан тоғызыншы орында екені белгілі.
Ал осы кең даланың 75 пайызы ауыл шаруашылығы саласы үшін пайдалануға жарамды болғаны бізге мол мүмкіндік ашып отыр. Елімізде аталған салада экономикалық белсенді ауыл тұрғындарының 15 пайызы еңбек етіп және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Ендеше, бұл агроөнеркәсіп кешенінің сыртқы нарықтағы маңызы артқанын да білдіреді. Агроөнеркәсіп кешенінің экспорт көлемі тек соңғы төрт жылда 45 пайызға артып, ауыл шаруашылығы құрылымдары әлемнің 75 еліне жалпы құны 3 млрд. теңгеден астам өнім жөнелтуде. Алдымызда 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт көлемін және еңбек өнімділігін 2,5 есеге көбейту міндеті тұр. Бұл аталған саланың тиімділігін арттыруда тың тәсілді қажет етеді, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Жиын барысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко, “Агрофирма “Родина” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Иван Сауэр, “ҚазЭкспортАстық” акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Руслан Молдабеков, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев және “Bioperations” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Әлихан Талғатбек баяндамалар жасады.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында атқарылған жұмыс жайлы баяндап, егіс алқаптарын әртараптандыру аясында бидай алқаптарын азайтып, жемазық және майлы дақылдардың көлемін арттыруға басымдық беріліп отырғанын айтты. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесі де көтерілді. Бірқатар ведомстволардың бірлескен жұмысының арқасында 2015 жылдан бастап пайдаланылмай келген 12,8 млн. гектар жер анықталған. Бүгінде оның 10,6 млн. гектарын ауыл шаруашылығы құрылымдары пайдаланып отыр.
Ал Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко өз шаруашылығының жұмысымен таныстыра отырып, ауылды дамытуға қатысты ойын білдірді. Ол өз сөзінде кәсіптік-техникалық білім беретін жоғары және орта оқу орындарында мамандарды даярлау сапасына мән беру керектігін айтып өтті. Себебі, ескірген материалдық-техникалық базаның негізінде білім алған жас мамандар уақыт сұранысына сай заманауи техника сатып алып, үздік технологияны тәжірибеде кеңінен қолданып жүрген агроқұрылымдардың сұранысын әр кез қанағаттандыра алмайды.
“Агрофирма “Родина” ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр қоғамда көтерілген “Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін демеуқаржы беру қажет пе?” деген сауал төңірегінде сөз қозғады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек агроқұрылымдар үшін ауадай қажет екенін айтып өткен ол тиісті орындардың нарыққа контрафактілі өнімдерді әкелетіндерге тосқауыл бола алмай отырғанын жеткізді. Ол жерді тиімді пайдалану мәселесіне де тоқталды.
Мемлекет басшысы көтерілген мәселелер төңірегінде өз ойын айтып, нақты тапсырмалар берді. “Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге демеуқаржы беру саясаты өз күшінде қалады”, – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нарықты контрафактілі, қауіпті өнімнен қорғау үшін Үкіметке бұл бағытты қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Кеңес барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісіндегі нақты мәселелердің бар екеніне назар аударған Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, әлемде тұрақты әрі сұранысқа ие тиімділігі жоғары дақылдарды, яғни жасымық, зығыр, соя өсіруге көшу есебінен еңбек өнімділігін арттыру қажеттігі айтылды. Әсіресе, органикалық ауыл шаруашылығы өндірісін дамытып, заманауи агротехнология мен инновацияны енгізу керек.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 300 млрд. долларлық тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Алайда, ауыл шаруашылығына бұл инвестициялардың 1 пайызы ғана жұмсалған. Сол үшін Мемлекет басшысы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру маңызды екенін атап өтті.
Тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығына қажетті химиялық өнімдердің отандық өндірісін дамыту мәселесі де көтерілді. Минералдауды тыңайтқыштар арқылы топырақтың құнарлылығын жақсарту – маңызды міндет. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін шетелдік инвесторларды тарта отырып, ел аумағында тыңайтқыштар мен пестицидтер шығаратын зауыттар салу керектігін айтты. Ол үшін Президент Үкіметке агрохимия қызметін күшейту, гербицидтердің, минералды тыңайтқыштардың және элиталық тұқымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды.
Президенттің айтуынша, мал шаруашылығын дамыту мақсатында жайылым жерлерді кеңейткен жөн. Жайылым жерлерінің кеңдігі бойынша Қазақстан әлемдегі бес елдің қатарына кіре тұра, оның 40 пайызын ғана жаратып отыр. Үкімет пен әкімдер алдағы 10 жылда қосымша 50 млн. гектар жайылымды айналымға енгізулері керек.
Бүгінгі таңда елімізде техниканың 80 пайызы ескірген. Ал жылына ауыл шаруашылығы техникалары паркінің 3 пайызы ғана жаңартылады. Есесіне техникалардың тозуы байқалуда. Кейбір шаруашылықтар 20 жылдан бері ескі техникаларды пайдалануда. Мемлекет басшысы Үкіметке ауыл шаруашылығы техникалары паркінің тозуына қатысты мәселені шешуді тапсырды. Осы орайда өңіріміздегі шетелдік агротехниканы жергілікті жерде құрастыру жобасының маңыздылығын атап өтті. Себебі, Қазақстанда әлемдік беделге ие техниканы құрастыратын зауыттар жоқ.
Еліміздің вице-премьері Жеңіс Қасымбектің айтуынша, келесі жылы Петропавлда ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауыттың құрылысы басталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қайта өңделген өнімдері сыртқы нарықта кедергілерге тап болып жатқанына да тоқталды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы отандық тауарларды мақсатты түрде ілгерілетуді және шетелдік серіктестіктерге қатысты дер кезінде әрекет етуді тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы отандық аграрлық ғылымды дамыту ісіне және кейінгі жылдары деңгейі айтарлықтай төмендеген кадрлардың әлеуетіне баса назар аударды. Белгілі болғандай, ұлттық аграрлық ғылым орталықтарындағы еңбеккерлердің тек 20 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Сондықтан алдағы уақытта аграрлық салада болашағы бар жас ғалымдардың пулы жасақталатын болады.
Кеңес барысында келешегі бар тірек елді мекендерді дамыту қажеттігі де әңгіме өзегіне айналды. Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, бұл елді мекендер жол, қолжетімді байланыс жүйесі мен интернет, білім беру және денсаулық сақтау нысандары, мәдениет және спорт кешендері сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуі тиіс. Осы орайда Президент ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін 3 жыл ішінде 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салуды тапсырды. Соның ішінде 22 нысан биыл іске қосылады.
– Үкімет әкімдермен бірлесіп жемшөптің қымбаттап кету мәселесін шешуі керек. Бұл – кәсіпкерлер үшін басты тежеуші факторлардың бірі. Бүгінде жемшөп бағасы ауыл тұрғындары шығынының үштен бір бөлігін құрайды. Сонымен қатар отбасылық фермерлікті белсенді түрде дамыту қажет. Бұл әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған. Мемлекеттік бағдарламада үй шаруашылықтарына жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Осы жылы 1300 отбасылық ферма мен шағын фермерлік шаруашылық қаржыландырылды, – деген Президент ауылдағы өмір сапасын жақсартуда ауыл шаруашылық кәсіпорындары, әсіресе, ірі кәсіпорындар шет қалмауы керектігін атап өтті. Шаруалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша ауылдағы өмір сапасын жақсартуға атсалысуы тиіс.
Ауыл-аймақтарға мамандарды тарту үшін “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Әйтсе де, ауыл тұрғындары да, әкімдер де бөлінген қаржының жеткіліксіз екенін айтуда. Сондықтан Мемлекет басшысы қаржыландыру көлемін 2020 жылдан бастап 20 млрд. теңгеге дейін жеткізу туралы шешім қабылдады.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылжар өңірін газбен қамтамасыз етуді тапсырды. “Солтүстік Қазақстан облысы үшін газдандыру мәселесі өзекті болып отыр. Мұның экономикалық және экологиялық аспектілері бар. Энергетика министрлігі мен Үкімет әкімдікпен бірге облысты газдандырудың түрлі жолдарын егжей-тегжейлі пысықтап, Президент Әкімшілігіне ұсыныс енгізуі тиіс”, – деді Мемлекет басшысы.
Республикалық кеңестен кейін Президент металл-пластикалық өнімдер шығаратын “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа өндірістік цехтар, шығаратын өнімдер таныстырылды. Кәсіпорын директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуына қарағанда, 1,5 мың адам жұмыс істейтін серіктестік өнімнің 500-ден астам түрін шығарады. Компания өнімдері еліміздің барлық аймақтарына жөнелтіледі, сондай-ақ, Ресейдің ірі қалаларына да экспортталады.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамында болды. Кәсіпорынның өнімдерімен танысып, көпқабатты баспа тақтасын шығаратын және бөлшектерді құрастыратын цехтарды аралап көрді. Президентке компанияның қазіргі жұмыстарының есебі беріліп, кәсіпорынның технологиялық тұрғыдан одан әрі жаңғыртылу жоспары баяндалды.
Кәсіпорын директоры Амангелді Арғынбаев елімізде алғаш рет көпқабатты баспа тақтасын өндіру ісінің жедел іске қосылуы әлемдік стандартқа сәйкес бұйымдар шығаруға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл республика экономикасының түрлі салаларында қолданылып, келешекте экспортқа шығарылатын болады. 500-ден астам адам жұмыс істейтін кәсіпорын отандық машина жасау саласының көшбасшысы саналады. Зауыт темір жол, мұнай-газ, энергетика салаларында пайдалану үшін азаматтық және әскери мақсатқа арналған 100-ден астам өнім түрін шығарады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp