Арамызда өз ісін жан-тәнімен сүйетін адамдар аз емес. Мағжан Жұмабаев аудандық туберкулезге қарсы диспансерде медбике болып жұмыс істейтін Айгүл Мұстафинаны сондай жандардың қатарына жатқызуға болады.
Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, ақ халаттылардың көмегіне жүгінеміз. Ауруға араша түсіп, қолдарынан келген көмегін аямайтын абзал жандардың еңбегі адал. Бұл орайда Айгүл Ақылбекқызы сияқты өз ісінің шын жанашырын көпке үлгі еткен жөн. Қай кезде де жүзінен мейірім төгіліп жүретін медбикенің адамдарға деген жанашырлығы мен қамқорлығына іштей елжірейсің.
Ол бала күнінен ақ халат киіп, адамдарға қол ұшын созуды армандаған. Мағжан Жұмабаев ауданында дүниеге келіп, орта мектепті тамамдаған соң Петропавл қаласындағы медициналық училищеде білім алды.
Осынау жауапкершілігі зор, таусылмас төзімді қажет ететін салада еңбек етіп жүрген медбикенің әр күні қарбаласқа толы. Жұмыста бір тағат таппайтын маманның адал еңбегін әріптестері де жоғары бағалайды. Оның айтуынша, диспансерде жұмыс қауырт. Құрт ауруына шалдыққан науқастардың жағдайына жіті назар аударған жөн. Ұзақ ем қабылдайтын науқастарға медициналық емнен бұрын, мейірім қажет. Айгүл Ақылбекқызы әр сырқатпен уақыт тауып, ақыл-кеңес айтудан жалыққан емес.
– Әр науқасқа ерекше күтім қажет. Олар уақтылы ем-дом қабылдауы тиіс. Осының барлығын қадағалап, сырқаттардың көңіл-күйіне де ерекше назар аударамыз. Аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне жанашырлықты қажет ететін салада еңбек етіп жүргеніме өкінбеймін. Өйткені, әр науқастың алғысын алу мен үшін абырой, – деді Айгүл Мұстафина.
Отыз жылдық еңбек өтілі бар медбикеден жастардың үйренері көп. Ұзақ жылдар бойғы еселі еңбек өтеусіз емес. Оның аудан, облыс тарапынан алған марапаттары бір төбе.
Ол ұжымның мақтанышы ғана емес, бір әулеттің ұйытқысы, сүйікті жар, аяулы ана. Кез келген іске ұқыпты, әрқашан өзіне көрсетілген сенімді ақтауға тырысатын оның әр науқасқа кіршіксіз таза көңілі жүрегімізге жылылық ұялатады.
Мағжан ҮКИЕНОВ.
Мағжан Жұмабаев ауданы.