Қызылжар өңірі – орманды аймақ, жасыл желекке бай өлке. Мұнда ағаштың түр-түрі өседі. Бүгінде орманды тиімді пайдалана отырып, оның жойылу қаупінің алдын алу жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Баршамызға ортақ ормандар бүгіндері жеке тұлғалардың ұзақ және қысқамерзімді пайдаланылуына берілуде. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орманды игілікке жаратушылардың әрекеттерін қатаң қадағалау арқылы табиғат ресурстарына зиян келтірілмеуін бақылайды.
Біздің басқарма өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғап, күзетуді, өсімін молайтуды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырады. Орман кодексінің 29-бабына сәйкес мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн ұзақмерзiмдi пайдалану құқығы тендер нәтижелері туралы хаттама және сол бойынша жасалған шарт негiзiнде беріледі. Тендерге еліміздің жеке және заңды тұлғалары қатыса алады.
Жалпы, өңірімізде ағаш кесу қорының аумағы – 492 мың гектар. Бүгінгі таңда өңірімізде ағаш кесу құқығына ие болған 12 орман пайдаланушы бар. Ал 25 ұзақмерзімді орман пайдаланушы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн сауықтыру, демалу, тарихи-мәдени, туристiк және спорттық нысандарды ашу мақсатында алған.
Жыл сайын өңіріміздің орман шаруашылықтары 800 мың текше метрден астам ағаш қорын отын ретінде дайындайды. Орман кодексінің 38-бабына сәйкес мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн пайдалану кезінде бірқатар мiндеттер орындалуы тиіс. Олардың ішінде ұзақ және қысқамерзімді орман пайдалану шарттарында, сондай-ақ, ағаш кесу және орман билеттерiнде көрсетілген талаптарды бұлжытпай орындау, тұрғындардың денсаулығына зиян келтірілуiне жол бермеу, жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына әкеп соқтырмайтын әдістермен жүргізу, орман қорын молайту сияқты талаптар бар. Сондай-ақ, орман пайдаланушылар су мен басқа да табиғат көздеріне кері әсерiн тигізбей, жануарлар дүниесi мен олар тiршiлiк ететiн ортаның сақталуын қамтамасыз ететiн тәсiлдерді қолдануға міндеттеледі. Сүрек дайындаған кезде еліміздің экологиялық заңнамасында белгiленген тәртiпке сәйкес мемлекеттiк экологиялық сараптамадан өткiзiлген техника мен әдістерді пайдалана отырып, ағаштың өсуіне жағдай жасайтын талаптарға бағынуы қажет. Бұдан бөлек, орман пайдаланушыларының учаскелерінде өрт қауіпсіздігі сақталуы керек. Кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларын жүргізуге, өрт туындаған жағдайда оны сөндіруді ұйымдастыруға тиісті. Жеке және заңды тұлғалар заңға қайшы әрекеттерге барған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ескерту жасау, айыппұл салу немесе келісімшартты тоқтату шаралары қолданылады. Ал заңсыз ағаш кескен азаматтарға Қылмыстық кодекстің 340-бабы бойынша қылмыстық жаза қарастырылған. Биыл өңіріміздің орман шаруашылығы аумақтарында 30 заң бұзу фактісі тіркелді. Яғни, 544 текше метр жердегі ағаштар заңсыз кесілген. Салдарынан 1 млн. 988 мың теңге шығын келтірілді. Осыған орай 23 азаматтан 1 млн. 447 мың теңгенің айыппұлы өндіріліп алынды. Ал 6 факті бойынша кінәлілер табылмады. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу үшін материалдар аудандық полиция бөлімдеріне жіберілді.
Үстіміздегі жылдың басынан бері басқарма басшысының бұйрығымен өңіріміздің орман шаруашылықтарының үш директоры мен екі директордың орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл басшылардың өздеріне сеніп тапсырылған аумақта тиісті бақылау жұмыстарын жүргізбеуі салдарынан заңсыздыққа жол беріліп, ағаш кесілді. Қызметтік тергеу барысында мемлекеттік орман күзетінің 14 қызметкері тәртіптік жазаға тартылып, 2 лауазымды тұлға жұмыстан шығарылды.
Бүгінгі таңда басқарма мамандары ағаштың заңсыз кесілуінің алдын алу үшін өңір кәсіпорындарында, білім беру мекемелерінде және басқа да ұйымдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Василий ЛАБАНЧУК,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы.