Биыл Петропавлда жылыту маусымы жылдағыдан ерте, қыркүйектің 20-сында басталады. Ең алдымен әдеттегідей әлеуметтік маңызы бар нысандарға жылу берілмек. «Петропавл жылу желілері» ЖШС-нің мамандары журналистер мен қоғам белдесінділеріне қысқа әзірлік жайын баяндау үшін пресс-тур ұйымдастырды.
«Петропавл жылу желілері» ЖШС №3 жылу магистралінде құбырлардың сырты пенополиуританмен қапталып жатыр. Бұл жылу үнемдеуге сеп болмақ. Жұмыс қараша айында аяқталады деп жоспарланған. Кәсіпорын бұл мақсатқа 43 млн. теңге қаржы бөліпті. Қазір жұмыстың 45 пайызы орындалған.
«Петропавл жылу желілері» ЖШС-нің бас инженері Виталий Холошаның айтуынша, бұрын бұл мақсатқа минералды мақта қолданылған екен. Оның жылу ұстау сапасы төмен көрінеді. Ал пенополиуритан ең алдымен кәсіпорынның шығынын төмендетіп, тұрғындарға түсетін салмақты да азайтпақ.
Жамбыл көшесінің бойында ұзындығы 630 метрді құрайтын құбыр күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, Жамбыл көшесінен Кеншінбаев көшесіне дейінгі су тарату желілерінің бір бөлігі ауыстырылған.
Брусиловский, Совет және С.Мұқанов көшелерінде де жаңа жылу құбырлары орнатылмақ. Әзірге жұмыстың 25 пайызы ғана аяқталды. Егер жылыту маусымына дейін үлгермесе, мұнда уақытша құбырлар орнатылмақ.
Солтүстік Қазақстан облысы жылыту маусымына 98 пайызға дайын. Әлеуметтік маңызы бар нысандарға жылу биыл 20-шы қыркүйек күні беріле бастайды.