Кәсіпкерлік дағдыларын үйрететін “Бизнес бастау” жобасының мақсаты жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру болып табылады. Қайтарымды және қайтарымсыз қаржыға қол жеткізгендер қазір кәсібінің нәсібін көріп отыр. Үстіміздегі жылы Жамбыл ауданында аталған бағдарлама бойынша 70 адам білім алып, он сегізіне кәсібін ашуға несие берілді. Cолардың бірі – Оңтүстіктен Қызылжар өңіріне қоныс аударған Өзгелді Бектас. Жайлы қоныс, тұрақты жұмыс іздеп келген Өзгелді Оразәліұлы “жергілікті билік жағдайымды қашан жасайды” деп тосып отырмай, жеке кәсібін ашты.
– “Бизнес бастау” бағдарламасына қатысып, арнайы курстан өткеннен кейін 3 млн. теңге көлемінде несие алдым. “Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір” демекші, Шопан ата төлін өсіру мақсатында 88 бас қой сатып алдым. Бүгінгі күні нарықта етке деген сұраныс жоғары. Қой шаруашылығының тиімді тұсы – өсімтал және біздің өңір табиғатына төзімді. “Еділбай” тұқымды қой басын көбейткім келеді. Түркімендер асылтұқымды жылқыларымен мақтанады. Америкалықтар сиырдың линкольн тұқымын ерекше құрметтейді. Біздің бренд – қой тұқымдарының ішінде ең көп салмақ жинайтын Еділбай қойы, – дейді Өзгелді Бектас.
Қой төрт түліктің ішіндегі ең момын жануар болғанымен, оны бағу оңай емес. Сонау атам заманнан жалғасқан атакәсіпке бет бұрған Өзгелді Бектас шаруашылығын дамыту үшін Богдановка ауылын таңдаған екен. Сол жерге қойға қажетті қора салған кәсіпкер алдағы уақытта қысқы мал азығын әзірлеу үшін көлік сатып алуды жоспарлап отыр. 21 жастағы кәсіпкер істің ауыртпалығынан қорықпайды. Қой санын 150-ге жеткізген кәсіпкердің үнемі қолдап, ақыл-кеңес беріп отырған ата-анасына, аға-жеңгесіне деген алғысы шексіз. “Көз – қорқақ, қол – батыр” демекші, істің басын қайырған Өзгелді Оразәліұлы Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылында автомобиль жуу және химиялық тазалау бекетін де ашты. Оның айтуына қарағанда, ауданда көлік жуу және химиялық тазалау қызметін көрсететін орындар саусақпен санарлық. Бүгінде бұл жерде алты адам жұмыс істейді.
“Бизнес бастау” бағдарламасының игілігін көріп отырған Пресновка ауылының тағы бір тұрғыны Рустам Абылаев. Ол дәнекерлеу жұмысымен шұғылданады. Алдымен станок, дәнекерлеу аппараты, кескіш сатып алған. Сондай-ақ, темірді ию арқылы ою-өрнек жасау үшін қолдан станок жасапты.
Үстіміздегі жылдың көктемінде жеке ісін ашқан шебер қазір тапсырыстың көбейгенін айтады. Оның қолынан шыққан заттарды аудан тұрғындары ғана емес , облыс орталығынан да келіп сатып алушылар бар.
– Қазіргі таңда дәнекерлеу жұмысына сұраныс жоғары екенін аңғардым. Осы бағытта кәсіп ашқаныма қуанамын. Мемлекет жұмыссыздықты жою үшін арнайы бағдарламалар қабылдады. Бізге берілген қаржы арманымызды жүзеге асыруға берілген жолдамадай болды, – дейді Рустам Абылаев.
“Ерте тұрған жігіттің ырысы артық” деп бекер айтылмаса керек. Таңның атысынан күннің батысына дейін бел жазбай жұмыс істейтін азамат алдағы уақытта шағын кәсібін кеңейтуді көздеп отыр.
Игілік РАХМЕТОВ.
Жамбыл ауданы.
СУРЕТТЕ: дәнекерлеуші Р. Абылаев.