Қазақтың тыныс-тіршілігі, күнкөрісі қашан да төрт түлікпен байланысты болған. Бүгінде осы салаға бет бұрып, ата-баба кәсібін алға қарай сүйреп келе жатқан отбасылар бар. Солардың қатарында Айыртау ауданында тұратын Молдекеновтерді атап айтуға болады.
Айыртау ауданының тұрғыны Жомарт Молдекенов – мемлекет қолдауының арқасында кәсібін дөңгелетіп отырған жерлестеріміздің бірі. Жас жігіт 2001 жылы ағайын-туыстарымен бірге Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған. Бір жылдан кейін Жомарттың отбасына Ақмола облысының Көкшетау қаласынан пәтер беріледі. 2008 жылы шаңырақ көтерген ол жеке кәсібін ашуды ойлайды. Мақсат – ата кәсіпті, яғни мал шаруашылығын дамыту. “Шешінген судан тайынбас” дегендей, қаладағы пәтерін сатып, Айыртау ауданына қоныс аударады.
– Бұл мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жер. Шұрайлы жерде үйір-үйір жылқы, табынды сиыр мен отар-отар қой өсіруге болады. Ауылдастарымның қайсысы болсын өте еңбекқор жандар. Қол қусырып отыру деген мүлдем жоқ. Мен де мал сатып алып, жағдайымды түзеуді ойладым. Ақыры арманым орындалды. Құдайға шүкір, қазіргі уақытта бар жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асырылуда, – дейді Жомарт Хазидоллаұлы.
Ауылға көшкен отбасы алғашында жергілікті жерден 30 бас мал сатып алады. Қалған ақшасына жайлы қора тұрғызады. Қолға алған ісі сәтті болып, бір жылдан кейін мал етін Петропавл мен Көкшетау қалаларында саудалайды. Жыл өткен сайын мал басы көбейіп, шаруашылықтың тынысы кеңейе түсті.
Бүгін нарықтың талабы зор. Сондықтан мал басын асылдандыру қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ірі қараның тұқымын жақсартпай, малдан жоғары өнім аламын деу бос әурешілік. Асылдандыру жұмыстары – барлық табыстың бастауы. Осыны жете түсінген Жомарт тапқан қаражатына етті бағыттағы асылтұқымды қара мал сатып ала бастайды. Шаруа қожалығы жетекшісінің айтуынша, мемлекеттік бағдарламалардың көмегі көп тиген.
“Сабақты ине сәтімен” дегендей, 2012 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының екінші бағыты бойынша білім алады. Кейін бағдарлама аясында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамынан жылына 6 пайыздық үстемемен 5 жылға 3 миллион теңгенің несиесін рәсімдейді. Бұл қаражатқа қорасына 13 бас қара кіргізіп, қажетті жемазық сатып алады. Бір жылдан кейін тағы 3 миллион теңгенің несиесін алып, оны 11 бас ірі қара сатып алуға жұмсайды.
Қазіргі уақытта Жомарттың шаруа қожалығында 120 сиыр, 40-тан астам қой, 5 жылқы бар. Кәсіпкер алдағы уақытта мемлекеттің мал шаруашылығын дамытуды көздеген бағдарламаларының игілігін көретін азаматтардың қатары арта түскенін қалайды.
– Ауылдың тіршілігі қауырт, тұрғындар таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппайды. Себебі, мал шаруашылығы – біздің ата кәсібіміз. Бүгінде мемлекет тарапынан да ауыл шаруашылығын жандандыруға бағытталған түрлі бағдарлама бар. Мал ұстап, кәсібін дөңгелетемін дегендерге жол ашық. Түрлі қорлардан мал шаруашылығын дамытуға несиелер беріліп жатыр. Бұдан басқа қандай қолдау керек? Мен былтыр “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында тағы 10 миллион теңге несие алдым. Оған жаңа мал қорасын тұрғызып, электр желісін тартқыздым. Осындай мүмкіндік беріп отырған мемлекетке алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Жомарт еңбекқорлығының арқасында үй салып, мал өсіріп, күнкөрісін жақсартуда. Іске білек сыбана кіріскен азамат жақын жерден құдық қазып алған. Бейбарыс пен Ақжол есімді ұлдары да қолдарынан келгенше әкелеріне қолғабыс көрсетуде. Олар жас болғандарына қарамастан, мал қайыруға жарап қалыпты.
Айтпақшы, зайыбы Оксана Түлекова – тіл үйірер дәмді қаймақ, май, ірімшік және құрт дайындаудың шебері. Ол өнімдерін алдымен ауданның және Петропавл қаласының тұрғындарына өткізеді. Табиғи әрі таза өнімдер Нұр-Сұлтан мен Көкшетау, Қарағанды қалаларына да жөнелтіледі. Кәсіпкер алдағы уақытта өз ісін кеңейтіп, мал басын көбейтуді жоспарлауда.
Бүгінгі таңда “Ауылда жұмыс жоқ” деген әңгіме – жалқаудың сылтауы ғана. Өйткені, ерінбей еңбек қылған адамға қай жерде де кәсіп бар. Алақандай елді мекенде жеке шаруашылық ашып, төрт түлікті түлетіп отырған Жомарт Молдекенов соның нақты дәлелі. “Еңбек түбі – береке” деген осы.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.